Екеудің құпиясыЖан әлемі

ҚОШ КЕЛДІҢ, ЖАҢА ЖЫЛ!

887Қаралымдар

Мен мекен ететін бес қабатты үйдің төртінші қабатындағы екі бөлмелі жұпыны пәтерде әжесі мен немересі тұрады. Әжесі тік мінезді һәм айбарлы кемпір еді, соңғы жылдары уақыт жеңбекке, мысын баспаққа ұмтылуда. Кемпірдің оған беріле қояр ойы жоқ, тырмысып өмір көшіне нық ілесіп баққан. Кейуана кәрілікпен тектен текке алыспайды, оның бауырында немересі бар. Жалғыз қызы төрт жыл бұрын жол апатынан көз жұмған. Күйеу баласының кім екенінен хабарым жоқ, аңғаратыным, басқа қаланы мекен ететін бейтаныс жігіт өзінің перзенті барлығынан беймағлұм. Қызынан айрылғанда қария ұзақ қайғырмады, тәй-тәй басып жүре бастаған сүйкімді балақан – жиен немересінің жанашыры жалғыз өзі екенін ұқты да, еңсесін тез көтеріп, бұрынғыдан да ширай түскен.

Есімі – Тұмар. Жеті жасар. Бастапқыда оны әжесі жетелеуші еді, ендігісін азамат болғаны да, жедел сатысы жоқ үйдің баспалдақтарымен әжесін бұл жетектеп екі мұңлық бір-біріне демеу. Тұмардың өңі қою қараторы. Мұнысына қарап біздің ауланың тұрғындары Шоколад деп атаған көрінеді. Кемпірдің өзі бастап, сыныптас достарына дейін лақап атымен шақырады. Оған қабақ шытатын Тұмар жоқ, бөгде жұртпен есімім – Шоколад деп танысып жүргенін талай құлағым шалған. Неге екенін білмекке тырысып, түйсігіме талай саяхат жасағаныммен ұға алмадым, осы баланы жан-жүрегім елжіреп жақсы көрем. Ол кісіге қалай ұнаудың әдістерін білетін. Басын оң жағына қисайтып, тісін көрсетіп күлгені өзіне жарасатынын кішкене болса да ұғып қойған. Күлімсіреп амандасудың да жақсы әсер қалдыратынын түсінген. Кейде басың, кейде тісің ауырғанын біле қалса әлдебір ноқаттай ақ дәрілерді алып кеп жететін. Жаңадан киім ауыстыра қалған жанға бір ауыз мақтауы дайын. Әлдебір жағымпаздай көтермелей жөнелмей, бас бармағын көрсетіп, киімді көзінің қиығымен нұсқайды. Мереке күндері алғаш құттықтаушылардың қатарында болатын. Ал, әжесінің арманы – ұзақ жасау. Пайғамбар жасынан асқан кейуана құдайдың осы көрген жарығына шүкіршілік айтқанмен, өлімнен бұрын немересінің жалғыз қаларынан қатты қорқады. «Он беске жеткізсем», – дейді, «Шикалатымның еті тірі, ары қарай аштан өлмес». 

Өзін тәуір көретінімді әлдеқашан сезген. Сонысынан да біздің үйді көп үйірсектейді. Оның барлық ойыншығын мен сыйладым, кемпірдің тік мінезділігіне қоса сараңдығы да бар. Бұл сараңдық жаратылысынан тыс, аз зейнетақы мен жетімге берілер болмашы көмек оларды толық қамти алмайды. Сонысына қоса шікәмшіл, немересіне алып берген затымның бірін де жарытқан емес:

– Мына ала допқа бола сонша ақшаны шығындап не керек? Бала доп қуып шаршайды – бір, ойнаймын деп киімін тоздырады – екі, – деп саусағын санамалап отырғаны.

– Ойпырмай, мына аюдың үлкенін-ай, Шикалаттың өзінен дәу-ау! Шырағым-ау, мұны несіне әпердің, мына бәле не киім, не тамақ болмайды, – дейді.
– Балмұздаққа үйір болмағаны дұрыс. Біріншіден – тамақ емес, екіншіден – ақшаны босқа шашу, үшіншіден – ауырып қалуы мүмкін, төртіншіден – ауырса дәрі алуға тағы да ақша шығын…

– Зообаққа барып не керек, ондағы ит пен құсты кітап пен теледидардан көре салмас па?

Тұмар әріп танығаннан бастап кітапқа үйір болды. Үйімдегі балалар тақырыбына жазылған дүниенің барлығын парақтап шықты. Кемпірге ұнаған тұсым осы ғана. Бұл маған да ұнайды. Сондықтан да, Тұмарға келе жатқан жаңа жыл мерекесіне арнап, Андерсен ертегілерінің толық жинағын сыйламаққа уәде бергем. 

Алматы ақ тонын демде киді. Ақ сақалды қария терезелерге қыраумен сурет салды. Алматының көше бойларында өсіп тұрған шыршалар жылтыр сым жапсырып, әлем-жәлем күйге түскен. Таудағы мықырлары тамырынан шабылып, әр үйдің төрінде мүлгіп тұрған. Бәрі де жақсы, бірақ, Тұмарға берген өтінішімді орындау қиынға соқты, жаназасын шығарғанда табытының басында Корольдің өзі мен бас уәзірі отырған Еуропаның ардақты ұлы жазып қалдырған ғажайып ертегілер жинағы таптырар емес. Өзім білетін барлық кітап дүкендерін шолдым, таныс баспагерлерден де қайран болмады.
Уақытты тоқтатқан кім бар, сағат тынбастан сыртылдап тұрды-дағы, желтоқсанның отыз бірінші жұлдызы ентігіп келіп жетті. Көзі тірісінде оқырмандары қарсылығына қарамастан ескерткіш орнатқан ертегіші шалдың шығармашылық құдіреті ешқашан жойылмақ емес, оның таңғажайып әлемді баян етер дүниелерін күтіп, менің кішкентай көршім тықыршып отыр. Бұл маған аян. Бұл күні дүкен аралап сабылып жүрдім. Жаңа жылды Тұмардың шаңырағында қарсы аламын. Бұл қырсық кемпірдің өтініші.

Тал түске дейін талай дүкеннің табалдырығын тоздырдым. Ең соңғысына кіргенімде түрлі ойыншықтар, суретті кітапшалар мен орыс ертегілері тізіліп тұрды.

– Андерсонның ертегілері жоқ па?-дедім сатушыға жалынышты көзбен қарап.

-Басқаларын алмайсыз ба? 

Жүзінде жаңа жылдан күткен үміті мен қуанышы бар, сүйкімді бойжеткен сұраулы жүзбен қараған. Жауап беруді артық деп таптым. Кілт бұрылып есікке беттегенімде босағада басына Аяз атаның қалпағын киген жігіт өз басындағыдай қалпақтың бірін ұсынған:

– Бұл біздің дүкеннің тұтынушыларға арнаған жаңа жылдық сыйы.

-Керек емес. Мұны қайтем?

– Киіп алыңыз, – деді жайбырақат: – Бүгін түнде жаңа жыл келеді, керемет емес пе?

Үш бұрышты қызыл сәтеннен тігілген қалпақты қолтығыма қысып, жауап берместен сыртқа шықтым. Дүкен жанында темекісін түтіндеткен семіз орыс шалы ескі кітаптар сатып тұрған. Сұрағанымды таптым. Бірақ, іздегенім жанында емес, үйінде көрінеді. Шал кітаптарын жинады, ескі көлігіне мініп, қаланың екінші шетіне кеп жеткенде ымырт үйірілген. Үш томдық кітап қолыма тигенмен де, қария бұл ертегілерді бір кезде ұлын ертіп барып арнайы сатып алғанын, ол ұлдың қазір Америкада тұратынын баяндап сөзін әзер түгесті. Қақпаға беттегенімде үйден шала мас кемпірі жүгіріп шығып, жаңа жылдық тос көтеруімді өтінгенде асығыстығымды естіп, өзі қайнатқан самогоннан ауыз тимегенім үшін қатты наразы кейіпте қалды. Бұл уақытта ақшам орныққан. Жолай іле кеткен жалғыз такси қаланың орталық алаңынан әрі аспаған. Мұнда кілең бақытты жұрт жүрді. Оларға қосылып, бақыт жырын айта алмаймын. Өйткені, жаңа жылдың сағаты санаулы уақытта соғады. Тұмар күте-күте көз талдырды ма? Жылдам адымдап, үйге беттеп келем. Тағы да қар жауа бастаған. Суықтан дірдек қақтым. Бұл аяз әсері ме, әлде қойнымдағы томдықта тыныстап жатқан Қар ханымның ызғары ма? Манағы Аяз атаның қалпағын сөмкемнен шығарып басыма кидім. Әлем жасыл шыршалы мерекені тойлап жатыр…

Лира ҚОНЫС 

«Мәңгілік сағыныш» кітабынан