МакияжСұлулық

Қызыл далап. Жарқын тренд!

Қызыл далап әр сән маусымында өз маңыздылығын да жоғалтқан емес. Алайда қызыл түс көз жауын алатындықтан, көп арудың оны қолдануға батылы жете бермейді. Осы мақсатта туындаған сұрақтарға жауап берейік.

1.17K (1000)Қаралымдар

Қызыл далап кімдерге жарасады?

Негізінде қызыл далап барша нәзік жандыға жараса кетеді. Бірақ қызыл түстің бірнеше реңкі болғандықтан, кейде далаптың өзіне сайын таңдау қиынға соғады. Демек, оның да өзіндік ережелері бар деген сөз.

Далапты таңдаудың әмбебеп ережесі:

  • ақсары, аққұба қыздарға – жидек (таңқурай, қызыл қарақат) және сәбіз-қызыл түстер;
  • қараторы қыздарға – қою қызыл және қызыл шарап түстері жарасымды.
  • ал қоңыр шашты, ақшыл қыздардың көркін алқызыл және классикалық ашық-қызыл түсті далаптар аша түседі.

 Қызыл түстің реңкін тері өңіне мән бере отырып таңдау:

  • Егер теріңіз қызғылт, қоңырқай болып келсе, далапты да алқызылдау немесе көгілдірге жақын салқын түстерден таңдаңыз.
  • Тері сарғыштау болса, ерін далабынан шабдалының жылы түсін, я болмаса, қызғылт-сары түстерді қолданған жақсы. Далаптың нақты түсін анықтауда ең жақсысы – онымен ақ қағазға сызық сызып көру. Ал ондай мүмкіндік болмаса, қолдың сыртына жағып, байқап көруге болады.

Мынаны есте ұстаңыз! Апельсин түсті ерін далабы тіс эмалін сарғыш етіп көрсетуі мүмкін. Қоңырқай түсті және ашық-қызыл далап тістің ақтығын айқындап тұрады.

Қызыл далапты қалай қолдану керек?

  • Далап түсі ерініңізге қонымды болсын десеңіз, ерін терісін алдын-ала өңдеп алған жақсы. Мысалы, ерінге арналған скрабты қолдансаңыз, ол еріндегі қабыршақтануды жояды және теріні тегістейді. Ал, бальзам теріні жұмсартып, далаптың ұзақ тұруын қамтамасыз етеді. Бальзамның артық бөлігін қағаз майлықпен сүртіп тастаған дұрыс.
  • Әдетте жарқын түсті ерін далабын қылқаламмен жағуға кеңес беріледі.
  • Ерінге қосымша көлем бергіңіз келсе, теріден аздап ашықтау консилерді қолданыңыз. Оны ерін жиегіне жағып, ақырын ысқылаңыз. Егер нақты симметриялы үлгіні қаласаңыз, еріннің түсіне сай келетін қарындашпен жиегін сызып (ерін өте жіңішке болса, жиегіне шығаруға болады), бүкіл аймағын көлеңкелеп шығыңыз. Сосын барып, далапты қолданыңыз.

Қызыл далапты немен үйлестіру қажет?

Макияжда қызыл далаптың екпіні жеткілікті. Мұны қолдануда ескерілуі тиіс жалғыз талап – бет-әлпеттің реңі. Өңіңіз мінсіз болмаса, онда мінсіздікке ұмтылу керек. Қасыңызды кішкене бояп, кірпікті сүрмемен тарап, аздап өңлік пен хайлайтерді қолдану – бүгінгі визажистер жиі пайдаланып жүрген ең оңтайлы шешім.

Айта кетейік, ғалымдар адамның миы қызыл түске бірден назар аударуға бейім екенін дәлелдеген. Оған қоса ғылыми тәжірибелер қызыл түс адамды 60% баурап алады дегенді көрсетіпті. Сондықтан қызыл далап жағып алғанда өзіңізге біреудің назары ауатынына сенімді болыңыз.