Екеудің құпиясыЖан әлеміӨкініш

Күйеуім қызғаншақ!

1.36K (1000)Қаралымдар

Жасым 30-да. Күйеуіммен осыдан 4 жыл бұрын достарымыздың тойында таныстық. Таныстығымызға 5 ай толғанда ол маған тұрмысқа шығуға ұсыныс білдірді. Күйеуіме ыстық махаббатпен қосылдым деп айта алмаймын. Іштей тек ұнаттым. Ол бір рет ажырасқан, екі ұлы бар. Балаларының алиментін төлеп, ай сайын олармен уақыт өткізіп тұрады. Мен әрине оған қарсы емеспін. Тіпті біздің үйге де келіп, қонақтап кетеді.

Қарым-қатынасымыздың алғашқы күнінен-ақ оның қызғаншақ екенін аңғардым. Сондықтан ашуына тимей, қызғануға себеп жоқ екенін астыртын түсіндірген болатынмын. Бәленің бәрі үйленгеннен кейін басталды. «Сенің менің алдымда қарым-қатынастарың болды ғой. Бұрынғы жігіттеріңді ойлап, сағынып жүрген шығарсың» деп, үнемі түртпектеп отырды. Бұл сөздерді қанша жоққа шығарсам да, ол үшін сөзімнің мәні болмады. Жүріп жүрген кезімізде оның сөздерін естімегендей жүре беретінмін. Ал үйленгеннен кейін бұл мүмкін емес болды. Өзімнің қызуқанды, ашушаң болып бара жатқанымды байқадым. Одан басқа маған ешкімнің керек емес екенін айтып түсіндіріп шаршадым. Төбемнен нұқып, үнемі ұялы телефонымды ақтарып отырады. Өзге еркектің мен жақа басын бұрғанын көрсе, басым бәлеге қалды деген сөз.

Көп ұзамай аяғымның ауыр екенін білдім. Қазір тәп-тәтті үш жасар қызымыз бар. Бүгінгі күні қызымның тәрбиесімен айналысып, үйде отырмын. Десе де, соған қарамастан күйеуімнің маған деген қарым-қатынасы өзгермеді. Сәбилі болғанымызға қарамастан қызғануын қойған жоқ. Қазір тіпті, қол көтеруге дейін барады. Кішкентай қызымыз ес жиып келеді. Сондықтан, оның дау-жанжалдың арасында өскенін қаламаймын. Күйеуім бізді қатты жақсы көреді. Бірнеше рет анамның үйіне қайтып кеткен кездерім де болған. Ол артымнан келіп, кешірім сұрап, «Сендер болмасаңдар өмір сүре алмаймын» деп қайта алып кететін. Темекі шекпей, ішімдікке жоламайтын, бала десе ішер асын жерге қояр күйеуімді қимайтын да шығармын. Тек осы бір мінезі болмаса… Күйеуімді қалай өзгерте аламын? Қызымның әкесіз өскенін қаламаймын.