Сырласу
Бет күтіміСұлулық

Құрғатпа! Құрғақ теріге күтім жасаудағы 7 қателік

Жас ұлғайған сайын майлы терінің өзі құрғап, сезімталдылығы артады. Құрғақ бет терісі сау, әрі өзінің балғындығын сақтап тұруы үшін қалай күтім жасаған дұрыс? Бұл сауалға көбісі жіберетін 7 қателікті анықтай отырып, жауап іздеп көрейік.  

418Қаралымдар

1. Жиі ылғандардырып тұруды ескермеу

Бет терісі қалыпты немесе майлы болып келетін қыздар ылғалдандырғыш кремді 1-2 күн қолданбаса да болады. Ал бет терісі құрғақ арулар үшін ол кешірілмейтін нәрсе. Бетіміздің әдемі әрі ажарлы болуының бірден-бір себебі – тұрақты күтім жасап отыру.

Ең жақсы нәтижеге қол жеткізгіңіз келсе, мына екі әдісті қолдануға тырысыңыз: кешке теріні нәрлендіретін түнгі қою кремді жағып, таңертең макияжға негіз болатын жеңіл ылғалдандырғыш сұйықтықты қолданыңыз. Сондай-ақ, мойын мен қолға да крем жағып жүруді ұмытпаңыз, себебі бұл аймақ сіздің жасыңызды айқындайды.

Егер тері қатты тырысып, қабыршақтанса, табиғи майлардың (арган, авокадо немесе жожоба) бірін алып, екі-үш тамшыдан тамызып, түнгі кремнің үстінен жағыңыз.

2. Пилингтерге әуес болу

Құрғақ бет терісінің жиі қабыршақтанатыны белгілі. Бұл мәселені шешуде көбісі бірден скраб немесе пилингтерге жүгінеді. Одан кейін тері жиі және өрескел қабыршақтанатын болса, ол – терінің зақымданғандығы. Шамадан тыс қабыршақтану терінің одан әрі тітіркенуіне алып келеді. Сондықтан пилингті аптасына 1-2 реттен артық қолданбаңыз және скрабтарды терінің зақымданған бөлігінде ғана пайдаланыңыз.

Құрғақ терілерге арналған ең жақсы таңдау – теріні қалпына келтіруге көмектесетін, құрамында AНA немесе BHA қышқылдары бар жеңіл химиялық пилинг.

3. Өте ыстық сумен жуыну

Егер сіз ұзақ уақыт бойы ыстық душ немесе ванна қабылдағанды ұнатсаңыз, онда оның теріге зиянды екенін біліп жүріңіз. Ол теріні одан сайын құрғатып жібереді. Сол себепті ыстық душтың астында 10 минуттан артық тұрмауға тырысыңыз және судың температурасын ыстықтан жылыға төмендетіңіз.

Теріңіз өте сезімтал болып, оның ылғалдық деңгейін сақтағыңыз келсе, душ қабылдағанға дейін бетіңізге не денеңізге кокос майын немесе вазилин жағып алыңыз.

4. Құрамында спирті көп косметикаларды қолдану

Косметиканың құрамындағы спирттің аз ғана мөлшері қалыпты бет терісіне айтарлықтай зиянын тигізбейді. Ал құрғақ терінің сезімталдылығын одан әрі арттырады. Сондықтан жаңа косметика сатып алар алдында құрамына көз салуды ұмытпаңыз.

5. Теріні өте жиі тазарту

Біз бетті күнделікті макияждан жақсылап тазартудың қаншалықты маңызды екенін білеміз. Алайда әдеттегі бет жуғыш заттар құрғақ бет терісін одан сайын құрғатып, қатайтып әрі тітіркендіріп жіберуі мүмкін.

Сол үшін кәдімгі гельдің орнына бет тазартқыш кремдерді, көбікті сұйықтықтарды таңдаңыз. Ол теріні ылғалдандырады және жұмсартады. Сондай-ақ, макияжды кетіру үшін сүтті немесе гидрофильді майлар қолданып көріңіз. Бұл өнімдер косметиканы және ластаушы заттардың барлық түрлерін жылдам ерітеді, сонымен қатар теріге жайлылық сыйлап, барқыттай жұмсақ етеді.

6. Бетке жиі маска жасау

Маскаларды қолдану терінің жас әрі сау болып көрінуіне көмектеседі. Алайда құрғақ теріге келгенде косметикаларды өте талғампаздықпен қолданған жөн.

Бетті тазалауға, тері тесігін азайтуға және қабынуды емдеуге арналған маскалар теріні айтарлықтай құрғатып жібереді. Сондықтан олардың орнына теріні қосымша нәрлендіріп, ылғалдандырып және тітіркенуді кетіретін маска іздеңіз.

Егер сіз қара дақтардан немесе терінің қабынуынан арылғыңыз келсе, шамадан тыс құрғақтықты тудырмау үшін масканы бүкіл бетке емес, тек проблемалы аймаққа ғана жағыңыз.

 7. Күңгірт макияжға құмар болу

Бет әрлеуші мамандар құрғақ теріге опаның орнына кремді және сұйық текстураларды қолданған дұрыс дейді. Күңгірт (матовый) косметикалар құрғақ терідегі майда әжімдер мен беттің қабыршақтануын одан сайын айқындап көрсетеді. Сіздің дымқылдығы жоғары: BB-кремдер мен кремді өңлік және сұйықтау хайлайтерлерді  таңдағаныңыз жөн.

Тіпті құрғақ теріде де Т-аймағы күні бойы жалтырап жүруі мүмкін. Мұнда да ұнтақтың орнына бет жылтырын жылдам сіңіріп алып, теріні құрғатпайтын майлықтар пайдаланыңыз.