Дене күтіміСұлулық

Үйде педикюр жасаймыз

Бет пен қолға күтім керек сияқты аяққа да ерекше күтім қажет. Әсіресе, жаз айларында. Күн жылынған бұл уақытта ешкімнің қабаттап шұлық кимесі анық. Сондықтан шаң-тозаңнан аяғымыздың терісі құрғап, тіпті өкшеміз тілімденіп кетеді.

542Қаралымдар

Мұндайда не істеу керек? Арнайы салондарға баруға уақыт тапшы, оның шығындарын қалтамыз да көтере бермеуі мүмкін. Сондықтан аяққа күтімді үйде жасағанымыз дұрыс.

Іске кіріспес бұрын тырнағыңызда лак болса, оны кетіруді ұмытпаңыз! Одан кейін шағын ыдысқа аяғыңыз күйіп қалмайтындай сәл ыстықтау су құйыңыз. Оған қалауыңызға қарай – түймедақ, қырмызы гүлдерінің қайнатпасын құйып, сода, теңіз тұзын, үккіштен өткізілген қолсабыннан шақтап қосыңыз. Аяғыңызды суға салып, қатайған тері жіпсіп, жұмсарғанша шығармаңыз. Су салқындап бара жатса, арасында ыстық судан құйып отырғаныңыз жөн.

1. Қатайған теріден құтылу керек.

Мүйізденіп, көн болып қатайған тері жұмсарған кезде оны ақырындап алуды бастаймыз. Ол үшін сізде педикюрге арналған арнайы құрал-жабдықтар болуы қажет. Өкше мен табанды тазалауға арналған бірнеше кеуек тас – пемза, кем дегенде үш түрлі щётка, педикюрге арналған қайшы мен қатайған теріні кесетін қысқыштар (щипчики).

Бір аяғыңызды судан шығарып, әбден құрғатып сүртіңіз. Одан кейін терең сіңген кірді оңай тазалайтын ұсақ түйіршікті кеуек тас – пемзамен табаныңызды, әсіресе, терісі қатайған тұстарын жақсылап ысыңыз.

Өкшенің мүйізденген жерін қатайған теріні кесетін қысқыш құралмен абайлап алыңыз. Табаныңыздың терісін зақымдап алмау үшін барынша сақ болған жөн. Одан кейін тері егеуішпен егеңіз.

Егер қатайған теріні қысқыш құралмен кесе алмасаңыз, педикюрге арналған қайшыны қолданыңыз. Педикюр жасау кезінде аяғыңыздың бір жерін жарақаттап алудан қорықсаңыз, электрлі құрал-жабдықтар жиынтығын сатып алсаңыз болады.

Мүйізденген теріден құтылған соң, аяғыңызға нәрлендіретін крем жағыңыз.

2. Тырнаққа күтім жасаймыз.

Аяқтың тырнақтарына, тіпті саусақтарына да күтім керек. Табанымызды тазалаған соң, 30 минуттан кейін тырнақтарымызды «қолға аламыз». Неге ұзақ күту қажет? Себебі, бірінші процедурадан кейін тырнақ әбден құрғауы қажет. Дұрыс кеппеген тырнақты егеуге болмайды. Кепкен соң, тырнағыңызды алыңыз, егеңіз. Одан кейін тырнақтың айналасындағы тері көбісін айналдыра кесіп шығыңыз. Бұл – бұрын-соңды теріні кесіп көрмеген адам үшін қиынның қиыны. Сондықтан барынша абай болғаныңыз дұрыс. Тырнақтың айналасындағы теріні аламын деп, байқаусызда жарақаттап алсаңыз, ол жерге инфекция түсіп, тіпті іріңдеп кетуі де ғажап емес.

Тырнақтың айналасындағы теріні оңай алу үшін алдымен гель не крем жағып, біраз уақыт жібіткеніңіз дұрыс.

3. Тырнақ бояймыз.

Тырнақтың айналасындағы теріні оңай кесіп алу үшін оны жұмсартатын крем жақтық. Демек, тырнағымыз майланды. Ал тырнаққа лак жақпастан бұрын лак ұзаққа шыдау үшін осы майдан құтылуымыз керек. Ол үшін тырнақтарыңызды спиртпен не болмаса лак кетіретін сұйықтықпен сүртіңіз.

Алдымен тырнақты тегістейтін негізді екі қайтара жағыңыз. Ол сондай-ақ тырнақты лактың кері әсерлерінен қорғайды. Кепкен соң тырнағыңызға қалаған лагыңызды жағыңыз. Сәлден соң лактың бетіне түссіз лак жағыңыз. Бұл тырнағыңыздағы лак жылтырап көрінуі үшін және ұзаққа шыдауы үшін қажет.

Міне, осылайша, педикюрді үйде-ақ жасап алуға болады.