Жан әлеміӨзіңді дамытӨкініш

27 жасар қыздың назы: жігітім ұсыныс білдірмейді

Ол сенімен бірге соңғы рет дамалыс күндерін қашан өткізді? Ал, гүл сыйлаған кезі есіңде ме? Кінәсін мойындап кешірім сұрағаны ше? Онда осы уақытқа дейін неге іске нүкте қоймай жүрсің? Тезірек шешім қабылдап, арғы өміріңді ойла!

…Тығырыққа тірелдім. Не істерімді білмеймін. Әміржанмен бірге жүргенімізге екі жыл болыпты. Бірақ, осы уақыт аралығында онымен бірге ел алдына шықпаппыз. Ол мені өзгелерге көрсеткісі келмейтін сияқты. Үйленейік деп те айтпайды. Ал, мен болсам жасымның 27-ге келіп қалғанын ойлап қынжыламын. Қолымды бір сілтеп онымен ара қатынасымды үзейін десем қимаймын. Сүйемін. Бір-екі рет телефон тұтқасын көтермей, бір-екі ай көріспей кеткен кездеріміз болды. Алайда, шыдамым жетпей, оған өзім хабарласып, келуін өтінемін. Өстіп өмір өтіп жатыр. Жалпы, мен өмірдегі ең қымбат дүние – уақыт деп есептейтін адам едім. Сондықтан, Әміржанмен бірге бос өтіп жатқан екі жылды ойласам ішім қан жылайды. Кейде тіпті “екі жыл бұрын тұрмыс құрсам қазір балалы да болып алар ма едім” деп ойлаймын. Осы ойым туралы сүйіктіме де бірнеше рет айттым. Ал, ол болса мардымды жауап қатпайды, не “үйленеміз, күт” демейді, не “мен саған үйленбеймін” деп кесіп айтпайды. Қала берді оның бір досын да танымаймын. Ол болса менің құрбыларыммен танысудан қашқақтайды. Ата-анам, туыстардың барлығы “қашан тұрмысқа шығасың” деп мазамды қашырады. Ішкі сезімім “ол саған ешқашан үйленбейді” деп дабыл қағады. Тіпті оның мені сүймейтіндігін де сеземін. Ол мені қуыршақ секілді көретін сияқты. Мұның барлығын ақыл құрғыр анық біледі, бірақ жүрек ақылды тыңдаудан бас тартады. Не істеймін? Қалай ара қатынасымызға нүкте қоюға болады?

Жадыра, Алматы қаласынан

Кеңес:

Сүйіктіңді түбегейлі ойыңнан шығару үшін саған өкініш күнін өткізу керек. Бірге түскен суреттеріңе қарап жылап алу, әлеуметтік желідегі оның парақшаларын өшіру, дауыстап оның кінәсін айтып, сәтсіз махаббат жайында әнді ілесіп айтып, шоколадты тойғанша жеп, тіпті, «зиян-ау» деген тағамды жеуге де өзіңе ерік бер. Бір-екі күн күйзелісте болып, осылай болуына жол бер. Бірақ, күйзеліс пен өзіңе жаныңның ашуы екі-үш күннен аспасын. Әйтпесе, бұл әдетке айналып кетуі мүмкін.

Түсіністікпен қарап, сезіміңді қабылдай біл. Егер экс-сүйіктіңе деген өкпе мен ренжісіңді жүрегіңнің түбіне тығып тастайтын болсаң, оны ұмыта аласың. Бірақ, бұл тек уақытша жағдай. Өйткені, эмоциялар тыныштық бермейді. Дәл осы сезімдер жұмысыңа күйзеліс әкеліп, жаңа қарым-қатынастарда өзіңді сенімсіз сезінесің. Осының алдын алу үшін күнделік бастап, ойыңдағының барлығын жаза бер.

Досыңмен сөйлес. Егер айналаңда саған жаны ашып аяушылық танытпайтын және өз пікірін бетке айта салатын адам болса, дереу соған қоңырау шал. «Мен енді мұндай жанды таба алмаймын» сынды күйзелісіңнен арылтуға көмектесетін тек сол адам ғана. Барлығын бетке айтатын адам өзіңе сырт көзбен қарауға көмектеседі.

Сыртқы келбетіңе көңіл бөл. Бұл қарапайым тәсіл. Бірақ, жаңаша қиылған шаш үлгісі, әдемі көйлек, ашық түске ерін бояуы – сырт көздерден жағымды мақтаулар естуге себепкер болады. Бұл мысы түсіп кеткендердің өзін жоғары бағалауына таптырмас құрал.

Барлығын да уақыт емдейді. Тіпті, ең ауыр жүрек жарасы да күн, апта, ай өткен сайын ұмытылады, суыйды. Ал, егер жоғарыда аталған тәсілдердің желісін бұзбай ұстанатын болсаңыз, жүрекке түскен жараң тезірек жазылары сөзсіз. Тек ұнжырғаңыз түспесін!  Бар қызықтар әлі алда!