СұқбатСыр-сұқбат

Ардақ Тәукебаева: армандарым асыра орындалуда

Бизнесті бастаған соң, оны дөңгелетіп әкету, тіпті, оның шыңына шығу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ал әйел заты ол шыңға отбасын қатар ала жүріп шықса ше?!

С: Бүгінде желілік маркетингтер өте көп. Әрқайсында жетістікке жетумен қатар, атын естісе шошитындар бар. Бұл жұмысқа қалай келдіңіз?

АТ: «Сырласуға» сұхбатқа шақырып, елеп-ескеріп жатқандарыңызға үлкен рақмет. Дұрыс айтасыз, ондай компаниялар қаптап кетті. Арасында желілік бизнестің атын жамылып, қаншама халықты сан соқтырғандары да жетеді.  Сондықтан желілік бизнесті бастарда компанияны әбден зерттеген дұрыс. Негізі менің компанияға келуіме артық салмағым себеп болды. 2015 жылы жолдасымның жұмыс бабымен Қызылордаға көштік. Бейтаныс қала, таныс-тамыр жоқ. Инстаграм енді қарқын алып келе жатқан кезде ермек үшін парақша ашып, түрлі тәттілер пісіріп, рецепттермен бөлістім. Парақшама тіркелушілер саны артып, тәтті пісіруге кірісіп кеткенім сонша, біршама салмақ қосып алыппын. Содан арықтау жолын іздеп, фитнеске жазылдым. Жаттықтырушым жаттығумен қатар коктейль ішуді ұсынды. Соның арқасын­да аңсаған мүсініме қол жеткіздім. Көп ұзамай келінім «желілік компанияға тіркелші» деп ұсыныс жасады. Көңілін қалдырмай, тіркеліп едім, тағы біреу желіліктен «өнім ал» деп қоңы­рау соқты. «Қандай өнім» десем, мен ішкен көктейльдердің суретін жіберіпті. Әуелде компания, бизнес­тен мүлде бейхабар болдым. Бірақ нәтижесін көргендіктен, өнімдеріне деген сенім ұялады. «Өнімдерді тренер арқылы таныстарға ұсынып жүрмін ғой, одан да өзім жұмыс істейін» деп, атышулы бизнеске осылайша ден қойдым. 

 С: Үй шаруасындағы әйелден бизнес-ха­ным­ға айналып шыға келудің сыры неде? Бұл күнге жетуде психолог, тренер­лер айтып жүрген әдістерді қолдандыңыз ба?

АТ: Психологияға көзқарасым жақсы. Тренингке қатысып, білімімді шың­дау­ға тырысамын. Бірақ білетінім – бала кезден психологиясыз-ақ өте арманшыл болдым. Болашағымды кереметтей елестетіп, солай боларына кәміл сендім. Кеңес үкіметіне тап келген балалық шағымда отбасымның жағдайы өте жақсы – әкем бастық, анам дүкен меңгерушісі болды. «Не ішемін, не киемін» демедік. Кеңес үкіметі құлағаннан кейін ата-анам жұмыссыз қалып, әкем балық аулап, трактор айдаса, анам нан пісіріп сатты. Мен үй сыртындағы «Нан сатылады» деген жазудан, әкемнің тракторынан қатты намыстан­дым. Бойжеткен шағымда «сыныптастарым көріп қояды» деп ұялдым. Бірақ, ол кезде біреу біреуге күлетіндей емес еді. Әке-шешемнің тапқаны азық-түліктен артылмады. Бірімізден қалғанды біріміз кидік. Жылдар бойы жөндеу көрмеген үй қабырғасынан топырақтар түсіп жататын. Сонда балалық қой, «қайда тұрасың» десе, «екі қабатты зәулім үйде тұрамын, әкем бастық, анам дүкен меңгерушісі» дейтінмін. Бірақ әке-шешемді бәрі танитын. «Өтірік айтпа, сенің үйің кіп-кішкентай» дегендерге «сырты сондай, ішіне кірсең, астында тағы бір қабаты бар» деп бой бермейтінмін. Қарап отыр­сақ, психология соны үйретеді ғой. «Бай болу үшін бай сияқты ойлау керек, жеңімпаз болу үшін жеңімпаздық қасиеттерді тәрбиелеу керек» деп. Десе де, қиялдап жатқаннан ешнәрсе өзгермейтінін білемін. Сол үшін өзімді реалистке жатқызамын. Шағымдануды ұнат­паймын. Позитивті жүріп, айналама жағымды әсер қалдыруға тырысамын. Әуелде бұл бизнестің шыңын бағындырамын деген ой болған жоқ. Бұрын жолдасымды жұмысқа шығарып салып, теледидар алдына жайғасып, түрік сериалының 125-ші бөлімін көріп, оны бір жарым сағат құрбыммен телефон арқылы талқылаудан басқа ісім жоқ еді. Қарап отырсам, бұл бизнес туралы ұсыныс маған дер кезінде түсіпті.

 С: Сізді көпшілік NL арқылы, екінші­­ден Айнұр Тұрсынбаева­ның сіңлісі деп таниды. Апалы-сіңлі арасында қанша дегенмен бәсекелестік болуы мүмкін. Сіздерде мұндай сәттер орын алды ма?

АТ: Айнұрдың әпкем болғаны мен үшін сөзсіз мәртебе. Ол менің кеңесшім әрі жанашырым. Бәсекелестік туралы айтсам, Айнұр мектепте ақындығымен танылып, гастрольдік сапарға 14 жасынан шықты. Отбасындағы беделі мықты болды, әлі күнге солай. Жастайынан табыс тауып, неше түрлі көлік ұтып алып, ел алдында жүрді. Сонда үнемі балалықпен «Көресің, мен сенен де бай боламын» дейді екенмін. Қазір Айнұр «періште аумин деген ғой, міне, менен де бай болдың» деп қалжыңдайды.

С: Кәсіп пен отбасы арасындағы тепе-теңдікті қалай ұстап жүрсіз?

АТ: Кәсіп пен отбасын қатар алып жүру оңай емес, әрине. Шүкір, отбасым қолдайды, жолдасым о баста-ақ қарсы болмаған. Кейде күндіз-түні жұмыс істеп, қалаларды аралап, кездесулер өткізіп, отбасыма уақыт таппай кетемін. Дегенмен, бәрі отбасы үшін жасалып жатқан дүние. Қалай болғанда да «әйел заты үшін отбасы басты орында тұруы керек» дегенді ұстанамын. Десе де, заманауи, өзіне де, ісіне де уақыт та­уып, барлығын бірге дөңгелетіп жүрген әйелдер қатарында болғым келеді. 

С: Бала тәрбиесінде қандай жайттарды қатаң ескересіз?

АТ: Үш ұлым болғандықтан, тәрбие жағынан әкесіне көбірек салмақ түсіп жатады. Үлкендерімді қаталдау ұстаймын, ал кішісіне келгенде жүрегім езіледі де тұрады. Оларға болашақта таңдау еркіндігін бергім келеді. Біздің кезімізде мамандықты ата-анамыз таңдап беруі заң еді. «Мұғалім қалада да, ауылда да жұмыс табады» деп, қыздар жаппай мұғалімдікке түсті. Ақшасы барлар экономист, заңгер болды. Ал, жұмысын сүймейтін мұғалімнің жақсы оқушы шығаруы екіталай. Басты ескеретінім – қай саланы таңда­са да, өз табиғатына сай болуы тиіс. Сондықтан тәрбие барысында балаларымның қабілеттерін анықтауға тырысамын.

С: Кәсібі дөңгелеген адамда аяқтан шалушылар кездесе­тіні белгілі. Мұндайда өзіңізді қалай шабыттандырасыз?

АТ: Біреу көзіңді бақырайтып, бетіңе басқа, сыртыңнан басқа әңгіме айтып жатса, батпайды емес – жаныңа батады. Қазір тобымда 70 000-ға жуық менеджер бар. Әрқайсысының өмір тарихы, қиынды-қызықты оқиғалары бар. Соның бірін айта кетейін. Семей жақта тұратын бір келіншектің кішкентай баласы жаман дертке шалдығып, квота алған бойда Астанаға келеді. Сауығып кетеді деген үмітпен бір жылдай ауруханада жатады. Жолдасы да жұмыстан шығып, Астанаға келіп, құрылысқа жұмысқа тұрады. Тапқанын дәрі-дәрмекке жұмсап, аядай бөлмені он адам жалдап, талай түнін құрылыс дүңгіршегінде өткізеді. Кешке ауруханадан шығармайды, я, онда кіргізбейді. Солай екі жас терезеден ыммен тілдесіп, ауыр күндерді өткеріп жүргенде бір жылға жетпей балапанынан айырылады. Содан келіншек Астанада қалып, жолдасына сүйеу болмаққа табыс көзін іздейді. Инстаграм арқылы менімен байланысып, көңілін басқа нәрсеге аударғысы келетінін, мақсаты миллион табу емес, жәй ғана жағдайы жасалған жалдамалы пәтерде отбасымен тұруды армандайтынын айтты. Бүгінде ол топ көшбасшылардың қатарында, 1 400 000 айлық алып, сәуірде Астананың қақ төрінде қоныстой жасады. Жақында су жаңа Мерседес мінді. Бір отбасының асқақ арманы небәрі бір-ақ жылда асыра орындалып жатыр. Бірі сеніп, бірі сенбес. Дегенмен бұл ертегі емес, болған оқиға және көп мысалдың бірі ғана. Маған шабыт сыйлайтын осындай шынайы өмірлік оқиғалар.

С: «Jastar-1» арнасында «Жас отау» бағдарламасын жүргіз­діңіз. Бұл іске қызығатын ба едіңіз? 

АТ: Бала күнімде сахнаға шығып, әнші болуды армандап едім. «Жас отауға» шақыру түскенде «неге өзімді басқа қырымнан сынап көрмеске» деген оймен келістім. Мен үшін бұл алғашқы пилоттық жоба болды. Алдағы уақытта қызықты бағдарламалардан ұсыныстар түсіп жатса неге жүргізбеске?!

 С: Болашақта қандай белестерді бағындырғыңыз келеді?

АТ: Қазір бизнестің ең биік шыңында тұрмын. Ендігі мақсатым – өзіммен ерген қыздарды осы шыңға шығару. Бұл сәт – мүмкіндікке толы. Неше түрлі тренинг, курс, кәсіпкерлік мектептер – өзін-өзі дамытамын деген адамға бәрі бар. Бұған араласатын ортасы, ақпарат көздері бар қызметтегі адамдардың қолы жетеді. Ал, үй шаруасындағы, әсіресе ауыл-аймақтағы қыз-келіншектер күйбең тіршілікпен бірде ақша, я, уақыт таппайды, яки өмірін өзгертуге батылы жетпей, азды қанағат тұтып жүре береді. Осы орайда қарапайым адамдарға еш салымсыз табыс табуға мүмкіндік берген желілік бизнестің мүмкіндігін қалай атап өтпеске?! Екі жылдық тәжірибемде тобымдағы еңбекқор, жетістікке жеткендердің көбі назардан тыс қалып, үйде отырған аналар, ауыл-аймақтағы мұғалім, не мүлде жұмыс жасамаған қыз-келіншектер қатары. Шынымды айтсам, негізгі арманым – желілік бизнестің атын ақтап алу. Әрине, көзі ашық, көкірегі ояу адам оның пайдасын түсінеді де, біледі. Алайда әртүрлі сөзге еріп, мүмкіндікті жіберіп алып жүргендер қаншама?!