Жан әлеміӨзіңді дамыт

30 жасқа дейін істелер 20 игі іс

Жас кезімізде бәріне де үлгеретін сияқтымыз. «Әлі ерте, уақыт бар!» деп бейқам жүреміз. Тек жасымыз жеткенде ғана «Қап, кезінде ескермеппін. Қайран жастық бекер өтті!» деп қынжыламыз. Ендеше, уақытты оздырып, «Бәрі алда!» деп жүріп, соңында өкініп қалмайық! Жас кезімізде не істеп үлгеруіміз керек?

639Қаралымдар

1. Арманыңызды орындаңыз! Домбыра тартуды немесе пианинода ойнауды үйренгіңіз келе ме? Ендеше, оны дереу қолға алыңыз. «Уақытымды бекер құртып қайтемін?» деген сылтаудан арылыңыз. Жасыңыз ұлғайған сайын уақытыңыздың да өтіп жатқанын, ал жас кезіңіздегі сол бір арманның бәрібір де арман болып қалатынын естен шығармаңыз.

2.Саяхаттаңыз! Зейнет жасына жеткенде автокөлікпен Еуропа елдерін аралау немесе тау-тасқа шығып, табиғатты тамашалау екіталай екені сөзсіз. Бұл – жастықтың еншісіндегі іс. Сондықтан оған жас кезіңізде үлгергеніңіз жөн.

3.Өзіңізді күтіңіз! Бұны қаншалықты ерте бастасаңыз, жастығыңыз да соншалықты ұзақ болмақ. Әрине, бұл жерде әңгіме әжім жайында емес, жалпы ағзаңыздың жастығында екені түсінікті болар. Қартайған шағыңызда «Сүйегім сырқырады, аяғым қақсады» деп отырмау үшін өзіңізді күтуді бүгіннен – жас кезіңізден бастаңыз.

4.Өзіңізді жақсы көріңіз! 100 пайыз керемет, мінсіз адам болмайды. Әркімнің бойында бір кемшіліктің табылуы – табиғат заңдылығы. «Мұрным пұшық, аяғым қисық» деп өмір бақи өкпелеп жүрудің қажеті жоқ. Мұндай ойлар адамның шексіз бақытты болуына кедергі келтірмек. Ендеше, өзіңізді сүйе біліңіз, сыйлай біліңіз.

5.Қайырымдылық іс-шараларына қатысыңыз! Қоғамдық істерге араласу ой-өрісімізді кеңейтіп, өміріміздің мәнін, сәнін кіргізеді. Жас кезімізде қолымыздан бәрі келеді. Қайырлы іс істей аламыз. Қоғамға, айналамыздағыларға өз пайдамызды тигізе аламыз. Ең бастысы, қартайған шағымызда өзімізді еш пайдасыз, керексіз сезініп, жанымызды жегідей жемей, осы істерімізді еске алып, сол үшін де қуанатын боламыз.

6.«Ел не дейді?» деген ойдан арылыңыз! Осы сұрақтың көптеген бастамаларға кедергі болып, қаншама қабілетіңізді тұншықтыратынын ойлаңыз. Қай істе де өзіңізге сенімді болыңыз. Көпшіліктің ортасында ыңғайсызданып, елге жалтақтаудың қажеті жоқ. Жақындардың ойымен санасыңыз, бірақ ай даладағы біреудің сіз туралы не ойлайтыны істеріңізге кедергі болатындай соншалықты маңызды емес екенін ұмытпаңыз.

7.Шет тілін үйреніңіз! Жас кезімізде кез келген «жаңалықты» бір естігеннен-ақ жаттап аламыз. Ал жас ұлғайған сайын есте сақтау қабілетіміз де нашарлай түспек. Ендеше, уақыт өткізбей, кем дегенде бір шет тілін үйреніп алыңыз. Мұның мол пайдасы болмаса, еш зияны жоқ!

8.Көлік жүргізуді үйреніңіз! Жас кезімізде есте сақтау қабілетімізбен қатар кез кезген жаңа нәрсені үйреніп, бейімделуіміз де әлдеқайда оңайырақ болады. Сондықтан көлік жүргізуді үйреніп, куәлігін де алып алыңыз. Оның еш артықтығы жоқ.

9. Үрейіңізді жеңе біліңіз! Қорқыныш сезімі бәрімізде де болады. Бұл – қалыпты жағдай. Ал бірақ қандай да бір жаңа бастаманы қолға алудан қорықсаңыз, бастамай жатып соңы не болады деген үрей маза бермесе, онда мұндай «ездіктен» ерте-жарықта арылу керек. Әйтпесе, артыңызға жалтақтаумен-ақ өміріңіз өте шығады.

10.Өзіңізге кешірімді болуды үйреніңіз! Бәріміз де қателік жібереміз, бірақ өзгенікіне қарағанда өзіміздікі көп өкіндіреді. Осы өкініш өмір бойы жаныңызды жемесін десеңіз, өзіңізге кешірімді бола біліңіз. Онсыз да жас ұлғайған сайын көңіліміз тез босап, уайым-қайғыға бейім болатынымыз тағы бар. Сондықтан болған істі ұмытып, алдағы уақытта қайталамауға тырысыңыз.

11. Өзіңізді бағалай біліңіз! Көбіне жолымыздың болмағанын, қандай да бір сәтсіздікке ұшырағанымызды ұмыта алмай жүреміз. Осыдан да көңіліміз түсіп, көп жабырқаймыз. Неге керісінше істемекке? Тоқыма тоқи алатыныңызды, шет тілдерін меңгергеніңізді, тағы басқаларымен мақтаныңыз. Қабілетіңізді бағалаңыз. Сіздің қолыңыздан келген істі елдің бәрі бірдей істей алмайтынын ұмытпаңыз.

12. Ақша жинаңыз! Қолыңыздағы қаржыны қалай тиімді жұмсауды неғұрлым ерте үйренсеңіз, соғұрлым өзіңізге жақсы екенін есте ұстаңыз.

13. Естеліктер жинаңыз! Өміріміз – тарих. Бүгін болған жағдай дәл сол қалпында ертең қайталанбайды. Болашақта жолдасыңызбен, балаларыңызбен бірге отырып, кешегі күннің естеліктерімен бөліскенге не жетсін. Бұл да демалыстың бір түрі емес пе?! Ендеше, өміріңіздің «тәтті» тұстарын түрте жүріңіз. Сурет шығарып, альбом жасауға ерінбеңіз.

14. Әке-шешеңізді құрметтеуді үйреніңіз! «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білесің» деген бос сөз емес. Оны шынымен де, балалы болғанда түсінесіз. Кейін «Әкемнің тілін алмағаным-ай, шешемді бекер ренжіткен екенмін» деп өкінбеу үшін ол кісілер не істесе де, сізге жақсы болсын деген жалғыз оймен істейтінін естен шығармаңыз.

15. Достарыңызды жоғалтпаңыз! Әрине, отбасы әрдайым бірінші орында болу керек, бірақ доссыз өмір сүруге болмайды. Ал жас ұлғайған сайын достасу қиындай түсетінін ескерсек, қартайған шағымызда жалғыз қалуымыз да ғажап емес.

16. Қалауыңыздағы іспен айналысыңыз! Істеп жүрген жұмысыңыздан да жалығатын күн болады. Осындайда қалауыңыздағы іспен айналысқанға не жетсін? Қолөнер ұнай ма, әлде шет тілдеріне қызығасыз ба? Мүмкін өнерге жақын шығарсыз? Ендеше, жас кезіңізде осындай қызығушылықтарыңызға уақыт бөліп, жан-жақты меңгеруге тырысыңыз. Күндердің күнінде мұның да көмегі көп болмақ.

17.«Жоқ» деп айтуды үйреніңіз! Өз өмірімізге өзіміз иеміз. Ендеше, жанымызға жақпаған, істегіміз келмейтін іспен айналысуға міндетті емеспіз. Сондықтан елдің көңілін ойлап, бәріне «Иә» дей берудің де қажеті шамалы. Әрине, бастапқыда «Жоқ» деп біреуді ренжітіп алғанымыз өзімізге қиын тиер. Бірақ кейін жан-жағыңыздағыларға «жалпақтай» бермейтініңізді ел де түсініп, өтініш айтуын азайтатын болады.

18. Кешірімді бола біліңіз! Айналаңыздағылармен ренжісіп жүрудің қажеті жоқ. Әсіресе, жас күніңізде істеген бұл ісіңіздің қартайған шағыңызда абырой әкелмесі анық.

19. Өзіңізден аямаңыз! Әдемі көйлек сатып алғыңыз келді ме? Әлде бір елге саяхатқа барсам деп армандайсыз ба? Ендеше, осы арман-тілектеріңізді тезірек іске асыруға тырысыңыз. Қолда бар ақшаны қимай, армандап қана жүре берсеңіз, қалай қартайғаныңызды білмей де қаласыз. Ал балалы-шағалы болғанда онсыз да өз армандарыңыз екінші орынға түсіп қалмақ.

20. Жақындарыңыздың жанынан табылыңыз!Үлкен аға-әпкелеріңіздің, әке-шешеңіз бен ата-әжеңіздің үйіне мейлінше жиі барып тұрғаныңыз жөн. Хал-жағдайларын біліп, мерекелерде құттықтап қойсаңыз, ол кісілер соған да мәз болып қалады. Кейін өзіңіздің де қартаятыныңызды, балаларыңыз бен немерелеріңізді сағынып, соларды іздейтініңізді естен шығармаңыз.