СұқбатСырласу қонағы

Әділ АХМЕТОВ, актер:  Қиналғанда арманым демеу болды

Әділдің шоқтығы өзгеден биік тұрады. Себебі, кәсібіне адал.  Ол дәрігерлер отбасында дүниеге келген. Ата-әжесінің бауырына басқан немересі. Актер болуына әжесінің ықпалы болған екен. Егжей-тегжейлі сұқбатында баяндады.

Шұғаның қиқымы да шұға

«Анаға апарар жол» – ХХ ғасырдағы ең қиын кезеңдерді қамтитын фильм. Ілиястың рөліне бекітілген соң ізденуге тура келді. Образ жасауға тарихи кітаптар, фильмдер мен үлкендердің айтқан әңгімелері көмектесті. Қиын қыстау заманда әкелеріміз, жігіттеріміз ерлік танытып, адамгершілікті сақтады, аналарымыз, қыздарымыз арын қорғады. Тілін, дінін ұмытпады, сағын сындырмады. Бұл – тектіліктен. Сол тектілікті бізге аманат етті. Міне, осылар – біздің қаһармандарымыз.

Шабыт деген қырсық бикеш секілді

Пенде болған соң, көңіл күйіміз мың құбылып тұрады. Кейде ішің қаңырап бос қалып, күш-қуатың сарқылып қалғандай сезінесің. Актер болған соң өзің түгіл өзгеге де энергия беруің керек. Шабыттанайын десең, отың өшіп қалған. Ондайда кітап оқимын, кино көремін. Бабымда болу үшін футбол ойнап, жаттығу залына барып көңілімді орнына келтіріп қайтамын.  Жер басып жүрген миллиардтардың әрбірінің өз артықшылығы бар. Фильмдегі, театрдағы бейнем арқылы өзгенің дұрыс жолға түсуіне себепкер болсам, ол – үлкен қуаныш. Елге тигізген септігім шабытыма шабыт қосады.

Әке көрген оқ жонар

Жұбайым Айнұр  екеуіміз студенттік шақта ортақ досымыздың туған күн кешінде таныстық. Мен Өнер академиясының театр факультетінде, ол кино және теледидар факультетінде оқыды. Сол кеште сезім оты тұтанып, 8 жыл бұрын шаңырақ көтердік, балаларымыз бар. Өзім үлгі тұтар  жан – әкем. Сондықтан да, балаларым да менен үлгі алғанын қалаймын. Әрине, ең бірінші орында менің жанұям. Қалған дүниелер отбасымды ешкімнен кем етпес үшін, ертеңгі күні бала-шағамыз бізді үлгі тұту үшін еңбектенеміз.

Ерді ер ететін де, жер ететін де – әйел

Шаңырақ көтергелі келіншегімнің декреттік демалыстан қолы босап жатқан жоқ. Әйел – үйдің берекесі. Менің, балаларымның жағдайын жасап үйде отырғанының өзі – үлкен еңбек. Тапқан табысым мен жеткен жетістігіме оның да қосқан үлесі бар. Үйде отырып бабымды жасай білгені – жұмыс істеп табыс тапқаннан да зор дүние.

Арман – үміт пернесі

Қадыр ақын: «Кім екенін айтпа оның, Арманын айт, Арманына қарап –ақ біліп алам», – дейді. Адам армандай білу керек. Оқуға түскен кезде: «Ол ана актерді, әншіні таныйды екен», – десе сол адамға қызыға қарайтынмын. Өзім танымал болмасам да, бірге оқыған достарымның жақсы аты  шықса, соларды танығандығым үшін мақтанатын боламын деген ой келетін. Кейін өзім де танымал болсам, жақсы киноға түсіп, кейіпкер сомдасам, халықтың ықыласына бөленсем дей бастадым. Оқу бітіргеннен кейінгі бір-екі жылда өнерді мүлдем қойып кетсем деген ойлар болды. Себебі, шынымен қиналдым. Бірақ іштегі арман өзімді босаңсытпады. Арманыма сендім. Нәтижесінде барлығы ретімен орындалып келеді.

Атаға құрмет – балаға міндет

Өнер адамдарына деген әжемнің ілтипаты ерекше еді. Теледидардан көрсе, өз баласындай айналып-толғанып отыратын.  Оқушы кезімде әжем мені де осылай теледидардан көрсе, қуанса деп ойлайтынмын. Марқұм әжем ең алғаш түскен «Қымызхана» бағдарламасын ғана көріп үлгерді. Кейде қазіргі экрандағы немересін көрерлік өмірі болғанда ғой деп ойлайтыным бар. Мұнымен не айтқым келді?! Кейін өкініп қалмас үшін көзі тірісінде ата-әжеміздің, ата-анамыздың, бауырларымыздың қадірін білейік.