СұқбатСыр-сұқбат

Аида ЖАНТІЛЕУОВА: Іздеп жүрер көрерменнен артығы жоқ

Аиданы көпшілік «Базарбаевтар» хикаясы арқылы таныды. «Базарбаевтардағы» келін «Хабарда» «Жаңа күнді» жүргізіп жүр», -десе, басқасы оны көре қалып: «Қызыл орамалды шынарымды» қара!», - дейді. Демек, ол өнердегі Аиданы қалыптастыра білді.

“Әр образ өзінше ерекше. «Ай-Қарагөз» қойылымында Қарагөздің жынданатын кезі мен үшін қиын соқты. Дайындық кезінде образға кіргенім сонша, дөңгелек сахнадан өзімнен-өзім жынданып құлайтынмын. Барлығы еркімнен тыс өтетін”, – дейді ол.

С: Театрдағы рөлдеріңіз лирикалық кейіпкерлер. Күрделі образдар. Жақыны кім?

– Жаныма жақын образым – «Қызыл орамалды шынарымдағы» Әсел. Әсел ер мінезді, ерке қызды, яғни, мені нәзіктікке баулып, өзгертті. Осы қойылымның арқасында 19 жасымда Халықаралық театр фестивалінде «Ең үздік әйел бейнесі» жүлдесін алдым.

C: «Махаббат пен ғадауатта» мәскеулік режиссер Виктюк Луизаның рөліне сізді өзі таңдап алған дейді…

– Түрлеріне қарап үш актриса мен екі актерді басты рөлге бекітіп қойды. Сосын барлығымызды эпизодқа, көпшілікке деп жинады. Режиссерге бекітілгендер ұнамады. Актерлердің арасынан іріктеді. Елдар [Елдар Отарбаев, актер. ред] екеуімізді шақырып алып, мәтінді оқытқан. «Болды, мен осылармен жұмыс істеймін», – деді. Барлығы аң-таң. «Қалай сонда? Алдын-ала айтып қойған ғой», – деген алып-қашпа сөздер болғаны рас.

С: Бірақ сол қойылымды көрермендер жақсы қабылдамады. Рөліңіз анайы сияқты…

– Қазақтілді театр саласындағылар үшін 180 градусқа өзгеріп, төңкерілген қойылым болды. Тарс-тұрс еткен музыка, жұлқынған би. Өнерде жүргендердің өзі көпке дейін мойындамады. Еуропа басқаша қабылдар еді. Кейін Талғат аға [Талғат Теменов, режиссер. ред.] оны өзгертті. Алғашқы нұсқа үшін қаншама тер төгілді, сондықтан маған ыстық. Кейін «Біріншісі жақсы еді, өзгеше болған еді» деп жатты. Адамға ешнәрсе жақпайды. Қазір барлық саланың дамыған кезі. Бірқалыпты өмірден театр да жалығады. Сол үшін актерлерді өзгертіп тұру керек. Көрермен танымай қалып жатса, біздің халықты сендіре білгеніміз.

С: Бір сұқбатыңызда экономика мамандығын оқып жүрмін депсіз. Неге экономика?

– Ол оқуды бітірген де жоқпын. Оқып жүріп, сессия кезінде гострольге кетіп қалдым. Сонымен, басқа университетке ауыстырып, өнер саласында аяқтап шықтым. Сондықтан, менен экономист те, банкир де шықпайды. Мен – таза өнердің адамымын.

С: Бұрын сізді «дипломсыз актриса» дейтіндер енді айтпайды екен ғой..

– Иә, мектептен өтіп, тәжірибе жинадым. Дипломсыз демейді, «Бар бітіргені колледж» деп менсінбейтін. Басында уайымдап, түнімен ұйықтай алмай, құрбыларыма айтатынмын. Талғат аға: «Сен қайта қуанбайсың ба? Демек сен алға шықтың. Сөз болмаса, өз-өзіңе тойып жүре бересің», – дейді. Содан кейін қуанып, маған қызығып тұр ғой деп ойлайтын болдым. Бірақ жақын, бірге күліп, дәмдес жүрген адамдар сыртыңнан ғайбаттаса, бәрібір жүрегіңе ауыр тиеді. Ондайды ойымнан, миымнан алып тастауға тырысамын.

С: Атақ-даңқ, жағдай, танымалдылығыңыз бар. Осылардың арасында не, кім қымбат?

– Атақ-даңқтың болғаны жақсы шығар, бірақ сені қалайтын, сені көретін, сенің өнеріңді тамашалағысы келетін, іздеп, жазып, сұрап тұратын көрерменнен артығы жоқ. Себебі, көрерменді сатып ала алмайсың. Оларды өтірік ойнап, өтірік күліп алдай алмайсың. Екі көрерменнің іздеп, хат жазғанының өзі шабыт сыйлайды.

С: Әріптестеріңіз сізді тік мінезді дейді. Өзіңіз де көп жерде оны жасырмайсыз. Мінезіңізден қаймықпай, сізді жаулаған ер азамат кім?

– Боянған кезде сырт келбетіме қарап: «Үлкен сияқтысың. Жауыз көрінесің» деп жатады. Ішкі жан дүнием ондайға сәйкес келмейді. Енді… менің жүрегімді жаулап, өзіне бағындырып, қарата білген жігіт – менің жолдасым. Ол өзі туралы айтқанды, суретін салғанды ұнатпайды. Ең бастысы менің жасап жүрген ісімді түсінеді, оған жүз пайызға арқа сүйей аламын. Қыз кезімізде барлығымыз мінезімізді көресетеміз, ұрысамыз. Бірақ соны ақылға жеңдіртіп, өз-өзімді тәрбиелеуіме жолдасымның ықпалы бар. Ол менен 8 жас үлкен.

С: «Баланың өмірге келуі барлығын өзгертеді» дейді ғой. Рас па?

– Босанғаннан кейін көпшілік өзгергенімді, көз жанарымда мейірімділік пайда болғанын айтады. Бұрын тынымсыз, тез ашуланып, ұрысып тастайтынмын. Қазір барлығына сабырлылықпен қарап, шыдамдылық танытатын Аида болдым. Барлығы өзінен-өзі пайда болды.

С: Сәбиіңізді ұйықтатқанда бесік жырын айтасыз ба? Қандай ән айтасыз?

– Иә, айтамын. Ескендір ағамыздың, Мейрамбек Беспаевтың сәбилерге, қыздарға арналған әндерін айтамын. Әуенмен ұйықтағанды жақсы көреді.

С:Өзіңіз бала кезде қандай едіңіз? Текнек болған деп жатады.

– Оны жасырып, өтірік майысқанмен болмас. Талай қызықтар болды. 5-6-шы сабақ еңбек пәні болады. Салат жасауға да, тоқымаға да икемім жоқ деп, кетіп қалатынмын. Өзім кетпей сыныптағы қыздарды ертіп, мектептің төбесіне шығып, тығылып қаламыз. Үйге барсақ, сұрауы бар. Жаңбыр күні ұлдарға спорт залды жудыратынмын. Колледжде де құрбым екеуіміздің талай рет пісіп жатқан етті ұрлаған кездер болды. Қыз басымызбен тентектікке бардық. Ұят дейді. Бірақ, бұл балалықтың ықпалы болар.

С: Ата-анаңыз өнерге келуіңізге қарсы болыпты. Қазір ше?

– 9 сынып бітіріп, Алматыға кетемін дегенде жібергілері келмегені рас. Жат қала, алыс. Ата-ана қимайды ғой. Оны балалы болып, енді түсініп жатырмын. Қарсы болғанымен кейін мен оларды көндірдім. Қолдады. Бар мүмкіндікті жасады. Оларға алғысым шексіз.

С: Инстаграм парақшаңызда сіздің сымбатыңызға, күтіміңізге тамсанып, қызығып сұрап жатады. Құпиясы неде?

– Қазір заман соншалықты дамыған. Барлығы бар. Тек ақшаң болсын. Кезінде қымбат заттарды алатынмын. Оған ақша жұмсаудың қажеті жоқ екен. Үй жағдайында жасалған нәрселер пайдалы, нәтижелі. Кірпік жабыстыру, татуаж жасау, шаш бояу дегеннің бірін жасап көрмеппін. Қызықпаймын да. Зәйтүн майынан, көк шайдан, сүзбеден маска жасап, екі мезгіл крем жағамын. Шашыма да солай.

С: «Еңбек сабағында отырамын ба, салат жасауға, тоқуға да икемім жоқ» дейсіз. Қазір қалайсыз?

– Басыңа түскенде бәрін көресің. Мені анам қатты жұмсады. Үйдің үлкені болдым. 4 сыныптан бастап нан жауып, тамақ пірідім. Тамақ пісіргенім әлі есімнен кетпейді. Анам жоқта қайнамаған суға макаронды сала салғанмын ғой. Оның не дәмі жоқ, не татуы жоқ. Кішкентайымнан жұмсап өсіргеннің пайдасын енді көріп жатырмын. Керемет аспаз болмасам да, дәмді, жеуге тұратындай тағамдар жасаймын.

С: Әйелді сүріндіретін не?

– Ақымақтық деп ойламын. Қателеспеу үшін қателесеміз. Адаспау үшін адасамыз. Бірақ сол қателікті түзеп, әрі қарай жақсы адам болып кетуге болады. Ақымақтық, іштардық, көреалмаушылық, менмендік, тәкаппарлықтың қажеті жоқ. Бұлар сенің қызметіңе де, отбасыңа да, балаларыңа да кесірін тигізеді. Өзіңе болмаса да, кейін ұрпағыңның алдына келеді деп пайымдаймын.

С: Әңгімеңізге рахмет!