СұқбатСырласу қонағы

Әйкерім Қалаубаева, әнші: Екеуміздің әніміз бөлек

Бүгін бізде қонақта – «Жылайды жапырақ», «Сағатқа сыр», «Ойламашы» сияқты небір әндерімен халық жүрегінен орын тапқан, сүйікті әрі сүйкімді әнші Әйкерім Қалаубаева.

Жеке кеш берудің ауылы алыс емес

Ең алғаш сахнаға алты жасымнан шыққаным күні бүгінге дейін жадымда жаттаулы. Міне, содан бері 26 жыл зулап өте шығыпты. Аса көп те, тым аз да емес. Уақыттың қадірін білген адам үшін ширек ғасыр – үлкен меже. Шоу-бизнес саласында жүрген соң, халыққа бар өнерімізді паш еткіміз келеді. Кез келген сахна саңлағы үшін жеке концерт беру – басты жұмыс, негізгі еңбек. Менікі ешкімге ұқсамайтын, ерекше кеш болуы керек. Бірақ, бұған салғырттық танытпаймын, керісінше өзіме сыни көзбен қараймын. Бәрі алдағы күннің еншісінде, Алла жазса, шығармашылық есеп берудің ауылы алыс емес.

Той жүргізу де, сыңсу айту да – өнер

 Қазіргі таңда өнер иелерінің барлығы тойға шығып жүретіні жасырын емес. «Той дегенде қу бас домалайды» демекші, той – халықтың қазынасы болған соң, қуанышқа ортақтасуға қатты асықпын. Әсіресе, қыз баланың ұзатылатын күнінде қасынан табылу, екі жастың бақыттан бал-бұл жанған сәтін көру – маған ғаламат сезім сыйлайды. Қазақтың сыңсу дәстүрі бүгінгі таңда қайта жаңғырып келеді. Ол керемет үрдіс. Меніңше, той жүргізу де, сыңсу айту да әуелі өнер, сосын табыс көзі.

Би мектебін ашамын

 Елімізде өнер мектептері мен түрлі тренингтер қаптап кеткені рас. Бұл – әркімнің қалауы ғой. Десек те, шын мәнінде мұның өскелең ұрпаққа берері мол болу қажет. Ақылы болған соң, ешкімді алдамағаны абзал. Сабақ беруге бар күшіңді сарп ет, үздіксіз еңбектен, жемісті нәтиже шығар. Бишілік қырымның бар екенін білетін жұртшылық менен би мектебін ашуды үнемі сұрап жатады. Әзірге уақытымның тығыздылығына байланысты аталмыш жоспар жүзеге аспай отыр. Бұйырса, би мектебін міндетті түрде ашамын.

«Екеуміздің әніміз бөлек»

 Таяуда Ермек Елгезеков ағамыздың «Екеуміздің әніміз неге бөлек» әніне түсірген жаңа бейнебаянымыз жарыққа шықпақ. Бұл дуэтті әнші Нұрлан Әлімжанмен орындаймын. Нұрланды бұрыннан танимын, соңғы кездері жиі тойға шығып жүрмін. Содан болар, әлеуметтік парақшама «екеуіңіз тамаша жұпсыздар», «ұқсайтын жандар бақытты болады», «қос өнерлі адамсыздар, неге бас қоспайсыздар» деген тәрізді пікірлерді жиі оқып жүрмін. Алайда, екеумізді байланыстыратын – тек ұлы өнер. Өнер мен өмірді шатастыруға мүлде болмайды. Біздің арамызда бірдеңе бар деген әрине, жаңсақ пікір.

 Балаларым қуантып келеді

 Ана болған соң, жан-тәніммен балаларымды ойлап отырамын. Ұлым – Айсұлтан 10 жаста, қызым – Айдана 6-да. Бос уақытымның барлығын балапандарыма арнаймын. Сабақтарын қараймын, ақылымды айтамын, қыдыртамын. Тәрбиесімен әкесі де, әжесі де айналысады. Менің әрбір айтқан ақылыма ұлым да, қызым да құлақ асады, зейін сала тыңдайды. Мектепте де, балабақшада да мені ұялтқан емес. Тек жетістіктерімен қуантып келеді.

 Керімге лайық болған дұрыс

 Әйел заты ажары мен бүкіл болмысын сақтауы заңды нәрсе. Бетімді ерекше күтетінім рас. Себебі, үнемі бояумен жүру теріге тым зиян. Мүмкіндігінше, косметолог маманға барамын, айына бір рет барлық әдіс-шараларын жасаймын. Үйде де, түзде үнемі өзіме уақыт бөлемін. Менің пайымдауымша, «әй, керім» дегенге лайық бола білу керек.

Өкпем жоқ

 Иә, тарих қойнауына 2017 жыл да еніп жатыр. Шүкір деймін, өткен жылға өкпем жоқ. Шығармашылығымда тек қуанышты жаңалықтар болды. Жаңа адамдармен таныстым, тың әндер жаздым, бейнебаян түсірдім, тағы бір жылға есейдім. Б. Есебаевтың сөзіне, Қ. Құрманбаевтың әніне жазылған «Сағынбаймын», Р. Әлқожаның  «Ақталмайыншы», С. Әлібек пен А. Бажанованың «Кездескім келеді» әндері және Ернар Айдармен біріге жазған «Екіге жүрек бөлініп» бейнебаяны – тауық жылындағы олжаларым. Алда алар белестер әлі де көп. Жаңа деген сөздің өзі қандай әдемі?! Келе жатқан жыл да табысты боларына сенімдімін!