МакияжСұлулық

Айқын көзқарас. Көз бояуына қажет 10 кеңес

Жөнімен қолдансаңыз қабаққа арналған сүрме (тень) көп нәрсеге қабілетті. Сүрме – кірпияз. Қалауын тапсаңыз – макияждың шыңын бағындырасыз. Ең бастысы төмендегі 10 кеңесті естен шығармаңыз!

180Қаралымдар

1. Біркелкі реңк

Көз боярдың алдында тері түсін ретке келтіріңіз. Кейбір адамдардың қабақтарында жіңішке қантамырлар кездеседі. Бұлар сәніңізді кетірмес үшін бетіңізге жағып жүрген әдеттегі әр беретін креміңізді жағыңыз. Бастысы асыра сілтеп, бояқты көп қолданып қоймаңыз. Қабақ үшін кремнің бір тамшысы жетеді.

2. Негіз жасаңыз

Көз бояғышыңыздың қандай екені маңызды емес, бастысы – негіз. Сонда арзан бояудың өзі ұзақ сақталады. Қабақ терісін тегістеп, әр беретін кремді қолданған соң көз бояғышты бірден жағып қойыңыз. Түсті қалыпқа келтіріп, бояудың сіңіп кетпеуіне әсер ететін бояулар да бар.

3. Майлы көз бояғыш сатып алыңыз

Қыз-келіншектердің дені майлы көз бояғышты қолдануға қорқады. Ал, ол – бекер. Үгілмелі түріне қарағанда майлысы теріде әлдеқайда ұзақ тұрады және терінің қабынуына әсер етпейді. Негіз ретінде пайдалануға таптырмас құрал. Бояуды саусақпен абайлап жағыңыз.

4. Ақшыл сары реңкті дұрыс таңдаңыз

Боянуға уақытыңыз тапшы кезде ақшыл сары көз бояуын қолданыңыз. Nude стиліндегі макияж үшін корректор, негіз және ақшыл сары көз бояуы жеткілікті. Бұл жерде өзіңізге жарасымды түсті таңдай білу маңызды.

  • Қараторы болсаңыз – шабдалы түстес бояуларды пайданғаныңыз жөн.
  • Қабақ үстіндегі теріңіз қызғылт болса, оны сарғыш түспен «көмкерген» дұрыс.
  • Аққұба қыздарға қызғылтым көз бояулары жарасады.
  • Ал, қызғылт сары түс барлық арудың көркін ашады. Өзіңізге қандай түс қажет екенін білмесеңіз, алқызыл түске тоқтаңыз.

5. Көз астына опа жағыңыз

Боянбас бұрын көзіңіздің барлық аумағына консилер, одан соң қалыңдау етіп опа жағыңыз. Сүрмені пайдалану кезінде көздің айналасына жұғып қалатыны белігілі. Мақтамен сүртемін деп бояудың барлығын бүлдіресіз. Сондықтан, опаны барынша қалың етіп жағып, аяқтаған соң жұмсақ қылқаламның көмегімен оңай кетіре аласыз.

6. Келбетіңізді ашатын түсті анықтаңыз

Бояудың түсін көзіңіздің түсіне қарай емес, теріңізге, өңіңізге қарай бағыттап таңдаған жөн.

Сүрме түсін қалай таңдаймыз?

  • Қара көзді, қара шашты аққұба қызға көк, қою жасыл, алхоры түстері сай келеді. Кофе және шоколадты реңкке жақындамаған дұрыс.
  • Ақшыл қоңыр шаш, қоңырқай қасты, көзі жасыл, сұр болып келген қыздарға қоңыр, жасыл, шабдалы түстер жарасады. Ашық көк немесе аспан көк түсті таңдасаңыз да қателеспейсіз.
  • Ашық, қоңырқай-қызғылт шашты, көгілдір, жасыл, қой көзді қыздарға сұр түстің барлық реңкі үйлеседі. Мәселен, сұрғылт көк, ашық көк, ашық сары.
  • Күрең, сарғылт, бал түсті шаш пен қоңыр, жасыл, қой көздің иелерін алтын, қола, жоса, шабдалы, ашық жасыл, алхоры түстер ашады. Көк, көгілдірді ешқашан қолданбағаныңыз дұрыс.

7. Маржан жарқылды көз бояуларын пайдаланыңыз

Жарқыраған меруерт түстен қыздардың көпшілігі бас тартады. Дегенмен, маржан және сәтен түсті көз бояулары сіздің айнаңыздың алдында тұруы тиіс. Олармен көздің ішкі бұрышын сызасыз. Қас астын сызуға да керек. Өз саласының жілігін шағып, майын ішкен кәсібилер жасамаса, қабақ үстін түгел жарқарауық бояумен бояудың қажеті жоқ.

8. Көз формасымен жұмыс істеңіз

Ботадай көзді кім қаламайды?! Ендеше, көз бояуы тостағандай көздің иесі болуыңызға көмектеседі. Қалың қабақтарға жұмсақ түс жаққан жөн. Көзіңіз үлкен болатын болса, шетін шығармай қара түспен бояу керек. Жанары бір-біріне жақын орналасқан жандар қанық түсті бояудың шетін көздің сыртқы бөлігіне шығара жағуы тиіс. Қысық көзділер қанық бояуды қасқа қарай көтеріп жағады.

9. Үш түсті пайдаланыңыз

Негізгі әрлеу – үш түсті бояудан тұрады. Алдымен қабақты толығымен орташа түспен жағып шығыңыз. Көздің сыртқы бұрыштарын ең күңгірт түстермен бояңыз. Көздің ішкі бұрыштарына жарқын да ашық түстерді қалдырыңыз.

10. Тұрақты әрі үнемді

Сүрме жаққышын ылғалдап алып жақсаңыз, бояудың күні бойы мызғымай тұруына ықпал етеді. Бұл – мереке, той кезінде smokey eyes стилін жасауға таптырмас әдіс. Дымқыл жаққышпен жылтырақ бояуларды да қолданған жөн.

Сәуле МАҚСАТ