Cән мен сұлулықБет күтімі

Әжім жайлы 8 аңыз

Егер «осы нәрсе әжімді тез кетіреді, жақсы көмектеседі екен» деп естігеніңіздің бәріне құлақ аса берсеңіз, өзіңіз зардап шегесіз. Жұрт айтатын дақпырт сөздің рас-өтірігін анықтап, назарларыңызға ұсынамыз.

№1 аңыз. «Аз күлсеңіз, әжім пайда болмайды».

Бұл сөзді пластикалық ота мен ботокстан беттері «қозғалмайтын» бикештердің құпиясын білмейтіндер айтуы мүмкін. Күлкісіз өмірді елестету мүмкін емес. Негізінде, мимикалық әжім бет-ауызды жөнсіз қисайтып, оған әдеттенгеннен пайда болады. Сондықтан, емін-еркін күліп, рақатқа бөленіңіз.

 №2 аңыз. «Қатты ысқылап жуылған тері жастығын ұзақ сақтайды.

  Ол үшін кір сабынды, күкірт және мұнай қышқылын пайдалану керек. Теріні күшті әрі қатты затпен жусаңыз бетіңіздегі қатпарлар байқалмайды. Беттің құрғауы азаяды». Мұның барлығы бос сөз. Бет терісін жұмсақ әрі кең таралған жуу құралдарымен күтіңіз. Бұл – әжімдердің алдын алатын бірден-бір құрал.

 №3 аңыз. «Қайран қалдыратын таңғажайып тәсілдің бірегейі –  мәселенің меселін қайтаратын сиқырлы дәрілер».

Жалт-жұлт еткен жарнамадағы дәрілер мен косметикалар «уақыт белгісін» түбегейлі жоюға қауқарлы емес. Кім не десе де, оған сенбегеніңіз абзал. «Құдіретті дәрі-дәрмек» ең жақын құрбыңызға керемет әсер етсе де, сізге жақпауы мүмкін. Әр адам – өзінше қайталанбайтын дара тұлға. Бұл аксиоманың әжімге қарсы құралға да қатысы бар. Ең дұрыс шешім – ағза мен теріні тазарту, қоректендіру, ылғалдандыру және қорғау.

№4 аңыз. «Егер күніне бірнеше рет басыңызды төмен ұстап, жерді тіресеңіз, тері  тартылыс күшінің алдын орайсыз».

Күлкілі естілгенімен, бәзбіреулер кіршіксіз сенеді. Иә, бұл – нәтижесі жоқ әдіс.

№5 аңыз. «Арзанның дәмі татымас», қымбатын алсақ, әсері де жақсы болады».

Не деген мүлдем ұйқаспайтын ойлар?! Ең қымбат брендтертер де, кәсіби сарапшылар ұсынатын өнімдер де бағасынан төмен әсер беруі мүмкін. Мамандар косметиканы неге ұсынады? Иә, сарапшылардың ұсынысына ондаған компаниялар таласады және олардың кеңестері де арзан емес. Кім көп төлесе, білгірлер соны жарнамалайды.

 №6 аңыз. «Күн сәулесінен қорғайтын бетмайларды қорғаныш қабілеті бар опа-далап алмастыра алады». 

Ертемен бетке жағылған бетмаймен күні бойына сенімді жүре алмайсыз. Нағыз қорғаныш үшін SPF 30 не одан да жоғары ылғалдандыратын бетмай немесе негіз қолданыңыз. Оны 2 сағат сайын жаңартып тұрыңыз. Осыған дайынсыз ба? Жоқ десеңіз, жиегі кең қалпақ не шынайы күннен қорғайтын бетмай сатып алыңыз.

№7 аңыз. «Бет терісіне арналған жаттығулармен әжімдерден құтыла аласыз».

Ғаламторды жақты салбыратпайтын, көздің айналасындағы қыртыстардан құтылудың амалдары жаулап алғалы қай заман. Олар нәтижесіз, әрі әжімді одан сайын тереңдетеді. Кез келген ым, шеттен тыс жаттығулар теріні созып жібереді.

 №8 аңыз. «Емделгіңіз келсе, ең жаңа, заманауи әдісті пайдаланған дұрыс».

Керісінше. Әйелдер тері күтіміне арналған ем-домға келгенде көрсеқызарлыққа салынады. Жыл сайын сан түрлі заттар шығарылады. Дегенмен, кім оның астарына үңіліп, түбегейлі зерттеді екен?! Шындығында, керек-жарақ аламын деп ақшаңызды далаға шашасыз. Жеке тері дәрігеріңіздің көмегі мен кеңесіне жүгінбей, өз қалауыңызбен әр нәрсені сатып ала бермеңіз. Мысалы, қазір сәнге айналған оттегі маскаларының пайдасы жоқ. Оларды күнделікті қолдану теріні құрғатып, тез қартайтады, оттегінің еркін айналуына кедергі келтіреді.