Cән мен сұлулықБет күтімі

Әжімсіз ажар: Ботокс жайлы не білесіз?

Осыдан жиырма жыл бұрын офтальмолог Джин Каррутер көздің қылилығын емдеу барысында ботулотоксинді қолданған. Нәтижесінде ол сұйықтықтың көз айналасындағы әжімдерді тегістегенін байқаған. Сондықтан бүгінде ботокс көптеген қыз-келіншектердің сұлулық жолындағы сүйікті шарасына айналды.  

Қазіргі таңда ботокстің айналасында түрлі қауесеттер өріп жүр. Мәселен, ботулотоксинді маңдайға еккен кезде, құрамындағы зиянды токсин миға барып, оның жұмысын тежейді. Нәтижесінде адам мәңгүрттене бастайды деген де аңыз бар. Иә, әрине бұл жай ғана қиял. Десе де, ботокс жайлы алыпқашпа әңгімелерді сейілту үшін арнайы мамандардың кеңесіне құлақ асыңыз.

Ботокс қауіпті ме?

Ботокс – сұлулық индустриясындағы жоғарғы сұранысқа ие шаралардың бірі. Беттегі ұсақ әжімді тегістеп, қатпарларды сейілтеді. Медицинада оны «ботулотоксин» деп айтады. Дәл осы «токсин» сөзі адамдарды үрейлендіріп жатады. Негізінде косметикалық мақсатта қолданылатын токсиннің мөлшері өте аз және ол ешқандай ауру тудырмайды. Ботокстан қорқудың еш қажеті жоқ. Зиянды әдеттер, күйзеліс, газдың иісі сіздің ағзаңызға одан бетер зиянын тигізіп, денсаулығыңызға кері әсер етеді. Ал ботулотоксиннің арқасында сіз айнадан өзіңіздің ақжарқын, көрікті және мәңгі жас келбетіңізді көре аласыз.

Ботоксты қай жастан бастап еккен жөн?

Бетіңізде ұсақ немесе қатпарлы әжімдер пайда болған сәттен бастап ботокс жасата беруге болады. Әдетте адамның алғашқы мимикалық әжімдері 20 жаста айқын көрінеді. Ботоксты әртүрлі жаста егуге болады. Терең, қатпарлы әжімдер болмаса да, оның әсері айтарлықтай білінеді. Жас ұлғайған сайын беттегі бұлшықеттер әлсірейді, сәйкесінше ботулинотерапияның мөлшері де азаяды.

Ботоксқа тәуелді болып қалмаймын ба?

Көптеген адамдар ботоксқа тәуелді болудан қорқады. Бұлай ойлау – қателік, себебі, ботулотоксин мөлшері мен оны егу аралығы дұрыс таңдалса, ботокс бұлшықетке әсер етуін жалғастырады.

Өзімді бұл шараға қалай даярлаймын?

Ботокс өте жылдам шара болғандықтан, көп уақытты және арнайы дайындықты қажет етпейді. Дәрігердің бөлмесінен шыққаннан кейін екпе егілген жерлерді үйкелемей, белді бүкпей жүру керек.

Бетім тартылып, бір қалыпта тырысып қалса қайтемін?

Біреулер ботоксты гипстелген бетке теңеп жатады. Егер дәрігер ботулотоксинді мөлшерден тыс ексе немесе адамда айтарлықтай мимикалық әжімдер болмаса, бет терісі тырысып, жағымсыз әсер қалдыруы мүмкін.

Ботокстің әсері қашанға дейін созылады?

Ботулотоксиннің әсері жарты жылға дейін сақталады. Бірақ, ол адамның өмір сүру дағдысына,  ағзаның зат алмасуына тікелей байланысты. Егер адам спортпен белсенді шұғылданып, күннің астында қыздырынып жүретін болса, препарат ағзада 3 айдан артық сақталмайды.

Ботоксті қаншалықты жиі салып отыру керек?

Соңғы рет еккен препарат ағзадан толығымен шыққан кезде ғана ботоксты қайта салдыруға болады. Беттегі бұлшықеттер белсенділігін сақтап, қалыпты жұмыс істеу үшін арнайы массаж алып тұрған маңызды. Осылайша бұлшықеттегі қан айналым тұрақталып, бет терісі келесі екпеге дайын болады.

Ботокстің филлерден қандай айырмашылығы бар?

Мимикалық, ұсақ әжімдермен ботокс керемет күреседі. Ол тек беттегі бұлшықеттермен ғана жұмыс істейді. Яғни, ботулотоксин бұлшықетті босаңсытып, әжім бар жерге тарап, бетті тегістейді. Филлер – кәрілікте пайда болатын терең, қатпарлы әжімдерді кетіреді. Беттегі бос кеңістіктерді толтырып, кемшіктерді едәуір жасырады. Соңғы кездері филлерді гиалурон қышқылын пайдалана отырып егеді. Ол бет терісінің иілгіштігін сақтап, ылғалдандырады.

Қарсы көрсеткіштері бар ма?

Жүктілік, бала емізу, онкологиялық немесе жұқпалы ауру кезінде ботокс жасатуға тиым салынады. Адамдардың ағзасы әртүрлі болғандықтан, біреу ботоксты жақсы қабылдаса, екіншісінің оған қарсы аллергиясы болуы мүмкін. Сондықтан мұны алдын ала анықтаған жөн.

Шараны қайда жасатқан дұрыс?

Сапасы жақсы нәрсенің бағасы арзан болмайды. Сондықтан әрқашан сұлу боламын десеңіз, өзіңізден ақша аямаңыз. Әсіресе бет күтіміне келгенде, арнайы мамандарға жүгінген абзал. Ботокс жасатпас бұрын тексерілген, жақсы орталықтарды іздестіріңіз. Процедураны қабылдамас бұрын маманнан өзіңізді мазалаған сұрақтардың жауабын алып, кеңесіңіз.