СұқбатСырласу қонағы

Айнұр Асанберді: Нумерология – сәттіліктің көмекші құралы

Ол – журналист, Алматыдағы көп қыз-келіншектің сүйікті мекені – Tonus Club әйелдер клубының иесі. Бүгінде халыққа нумеролог ретінде танылып, көпке көмегім тисе екен деп, білгенін бөлісуден жалықпайтын Айнұр ханыммен болған сұхбатқа назар салыңыз.

C: Айнұр, сізді отбасы мен бизнесті қатар алып жүрген әйел ретінде танимыз. Ал, нумерологияға қалай бет бұрдыңыз?

Мен эзотерикаға өмірдегі статусымды көтеру мақсатында бет бұрып, жүйелі түрде айналыса бастадым. Өте көп шапағатын көрдім. Жазып, сызған дүниелерімнің бәрі орындалды. Содан соң, тек жақсылыққа сену керектігін, әркімнің өмірі өз қолын­да екенін түсіндім. Нақты нәтижесін көргеннен кейін тәжірибеммен бөлісуді жөн көрдім. Иә, былтыр бизнесті енді ғана қолға алған едім. Әйелдерге арналған клубым қазір жұмыс істеп тұр. Мен бизнес ашуға қолайлы уақытымды, оның өрлеу жолдарының бәрін нумерология бойынша алдын-ала есептеп жасағанмын.

С: Нумерология, фэн-шуй, эзо­тери­ка – бәрі бір-бірімен байла­нысты ма? Бұлар қайдан бастау алған? Адамдар оған неге сенеді?

Нумерология мен фэн-шуй эзотериканың бір бөлігі. Эзотерика – адам мен таби­ғат арасындағы мистикалық күшті басқара­тын ілім. Оның мақсаты – адамның ойын жақсылыққа бұрып, сана-сезімін өсіру. Бұл ежелгі дәуірден бастау алады. Нумерологияның атасы – Пифагор. Ол Мысырда пирамиданы салуда қолданылған нумерологиялық  белгілерді алып, оны одан әрі дамытқан. Ал фэн-шуй Веда ілімдерінен бұрын пайда болған. Қазіргі Ведалар фэн-шуй­дің ішінен ең маңызды, қажетті ақпарат­тарды іріктеп алған деген мәлімет бар. Бірақ фэн-шуйдің нақты қайдан келгені белгісіз. Мұнда табиғат, от, жел, су басты негізге алынады. Оған сену керек деген қағида жоқ. Бұған әркім өз өмірін жақсарту мақсатында жүгінеді.

С: Осыған бір мысал келтіріп кетіңізші.

Мысалы, кәсіп бастағысы келетіндер нумерологиямен сәтті күндерін, бизнес-серіктестерінің сандарын есептейді. Яғни, серіктестердің сандары бір-біріне сай келе ме, жоқ па, соны қарастырады. Фэн-шуй бойынша, барыс және мешін жылдары туған адамдар бизнесте ортақ тіл табыса алмауы мүмкін. Адамдардың өзара қатынасы жағдайын анықтайтын тригон деген де бар. Мешін жылы туған­дар­дың қасында қандай адамдар жұмыс істесе кәсібі өрге басады? Мұны осы іліммен анықтаса, көп көмегі тиеді. Өзім бұған сенемін. Ілімге жүгінген оқырмандарым да өте үлкен жетістікке, жақсылыққа жетуде. Сондықтан мұны көмекші құрал ретінде қолданса, еш зия­ны жоқ деп білемін. Алланың әр күні құтты. Бірақ адамда шешім қабылдау кезінде әрдайым «Қалай болар екен?» деген сұрақ туындайды. Сол кезде осындай нақты ілімдер көмек береді. Бұрын қазақта Тәңіршілдік деген болды. Ата-бабамыз отқа, суға табынды. Біздің табиғат­пен байланысымыз өте күшті еді. Бірақ фэн-шуйда оларға табынбай, тек энергиялық қуатын қолданып, өз өміріне өзгеріс әкеледі. 

С: Нумерологияда сәтті күндерді қалай анықтаймыз?

Сәтті күндер былай есептеледі: Туған күніңіз айдың 5-і дейік. 5-ке 5-ті қос­саңыз – 10. 10-ға 5-ті қоссаңыз – 15. Оған 5-ті – 20 шығады. Яғни, айдың 5-жұл­ды­зында туған адам үшін әр айдың 10, 15, 20-күн­дері сәтті болмақ. Ал туған күніңіз 2-сі болса, оған 2-ні қоссаңыз – 4. 4-ке 2-ні – 6. Осылай жалғаса береді. Яғни туған кү­ні­ңіздегі санды өз-өзіне қосқандағы сан сіздің сәтті күндеріңіз. Егер 1-і болса – 3-і, 5-і деген тақ сандарды сәтті күндерге жатқызамыз.

С: Кейде ерекше сандарды көзіміз шалып қалса, сәттілік­ке жори­мыз. Көлік нөмірі, элек­трон­ды сағаттар дегендей… Бұлар шынында белгі беруі мүмкін бе?

Иә, бұлар ерекше сілкініс береді. Қандай да бір істі қолға аларда бірліктер, екіліктер көрсе, оның әсері болуы мүмкін. Біз фэн-шуй бойынша 8 және 9-кезеңге аяқ басып келеміз. Бұрын 7 жұлдыз жанғанда адамдар жеті санын қолданды. Қазір 8-жұлдыздың келуіне байланысты 2024 жылға дейін 8 саны сәтті болмақ. Алда 9 саны да сәтті. Оларды белгілі бір нөмірлеуде пайдаланған өте қолайлы.

С: Сәтсіздік сандарын қалай білеміз?

Нумерологияда 13, 19 деген кармалық сандар кездеседі. Оны біз адамның туған күні, айы, жылы, аты-жөнін есептеу барысында білеміз.

С: Адамның туған күні, айы, жылы оның өмірін, мінезін көрсетеді дейді. Бірақ егіздер екі түрлі мінезді болып, әртүрлі тағдыр кешіп жатады ғой?

Бізде туған күн, ай, жылдан бөлек аты, тегі мен әкеміздің аты бар. Егіздер бір күнде туғанымен, есімдері екі түрлі. Яғни, аты-жөнге байланысты тұлғалық, мотивациялық сан және жан саны есептеледі. Егіздердің екі түрлі адам екенін осылай анықтаймыз. Сондай-ақ, 1900-жылдары туғандардың нумерологиясы бөлек, 2000-жылдары туғандардыкі бөлек. Сол себепті еш уақытта бір адамның нумерологиясы екіншісіне ұқсамайды. Ұқсауы мүмкін емес. Мәселен, егіздердің есімдері Мақсат пен Арман болса, біреуінің аты Инь энергиясының толқынымен, бірі Ян энергиясының толқынымен жүреді.С: Фэн-шуйдағы пайдасы мол  әдістердің бірін атаңызшы?

Мұндай әдістер өте көп. Соның кең таралған түрі – ас тұзымен үйдегі негативті әсерден арылып, тіл-көзден сақтану. Ол үшін үйдің төрт бұрышына 1 келі тұзды банкіге салып қоямыз. Беті ашық қалып, бір айдан кейін банкісімен бірге тасталады. Оны жалаң қолмен ұстауға болмайды. Банкіні қимасаңыз, тұзды қалтаға салып суға ағызып жіберуге немесе адам аяғы баспайтын жерге төгуге болады. Кішкентай балалары бар үйлер тұзды жоғарыға қояды. Ең азы үш күн немесе бір ай тұрса, тіптен жақсы. Ал, үйдің есігі солтүстікке қараса, 2л. банкіге 1 келі тұз салып, үстіне су құйып, есіктің жанына қояды. Ішіне бес теңгеліктен 5 дана және бір 20 теңгелік салады. Егер тұз банкіден тасыса, үйде негатив көп деген сөз. Ондай жағдайда суды ауыстырады. Ал өзгеріс болмаса, тұра берсін. Зияны жоқ. Мұны дінге қатысы жоқ, «отқа май құю», «үйді аластау» секілді ырымның бірі деп қабылдау керек.

С: Сіз осы ілімдер туралы ин­с­та­грамда тегін тікелей эфир жүргізесіз. Болашақта жеке адам қабылдау, семинар өткізу ойда бар ма?

Неге тегін десеңіз, қазақ қыз-келін­шектерінің барлығының фэн-шуйсттерге, нумерологтарға баруға қалталары көтермейді. Өйткені олар өте қымбат. Мен адамдарға жалпылама түсіндіріп, олардың өмірі өзгеріп, сананы өзіне бағындырып, негативті ойлардан арылса екен деймін. Одан еш зиян көріп жатқан жоқпын. Қайта көп алғыс алудамын. Сол үшін барлығына рақмет! Ал, жеке адам қабылдау және семинарлар өткізу әзір ойым­да да, жоспарымда да жоқ. Кейін өзгеріп жатса, хабарлайтын боламын.