СұқбатСырласу қонағы

Айнұр Асқарқызы: Сынықты салу да – өнер

Ол емшілігімен көпке танылып жүрген жайсаң мінезді батыстың қызы. Бүгінде күніне 300-400 адамды емдеумен қатар айналасын рухани азықтандырып жүрген заманауи сынықшы әрі ұшықшы Айнұр Асқарқызының «Сырласуға» ақтарған сырына сіздер де қанық болыңыздар.

С: Қазақта емшіні ел құрметтеп, сыйлаған. Бірақ сіздей жұлдыз емшіні бірінші көруіміз. Бұл танымалдылыққа қалай ие болдыңыз?
Бала кезімде қозы-қой бағып жүріп, қаптаған адам мені қол шапалақтап күтіп тұр деп елестететінмін. Елге сыйлы, үлкен тұлға болып, халықтың алдында жүргім келді.
Негізгі мамандығым – заңгер. Мектеп бітірерде заң ісіне қатты қызығып, судья немесе адвокат болуды ойладым. Сол мақсатпен жоғары оқу орнын бітірдім. Бірақ ол салада жұмыс істемедім.
Бірде үйдегі бір лақтың аяғы сынып қалыпты. Аяғын ақырын ұстап отырып, сынығын салып беріп едім, жүріп кетті. Содан бойымда сынықшылық, емшілік қасиет бар екенін байқадым. Оны естіп, ел де келді. 2004 жылдан бастап адам емдеуге кірістім. Өз жерімде Айнұр емші деп танылдым. 2010-2012 жылдары атым бүкіл аймаққа жайылды.
Қазір күніне 300-400, кейде 600-дей адамды арнайы баға қоймай, бергенін ғана алып, бірінің сынығын салсам, бірін ұшықтаймын. Сынық салу екінің біріне берілмейтін қасиет және өнер. Мұндай істі арқалап жүрген адам атақты болса, еш әбестігі жоқ деп ойлаймын.

С: Оған инстаграм да себепкер шығар?
Әуелде инстаграмға мүлде кірмедім. Адамдар танып, жайсыз пікірлер қалдырса, көтере алмаймын дедім. Бірде сіңілім өз парақшасына менің фотомды жариялайды. Сол кезде адамдар «Оо, Айнұр апа» деп шу ете қалады. Сонда халықтың маған деген ықыласын байқап, сіңілімнің парақшасын сұрап алдым. Оқырмандарым күн сайын артып, белсенді бола түсті. Сонда маған: «Әр саланың өз жұлдызы бар. Неге сынықшы жұлдыз болмасқа» деген ой келді. Емші десе бәрі ақ жаулықты апа не атаны елестетеді. Осы түсінікті өзгерткім келді. Көп емшіні өз ортасында құрметтегенімен, көргенде тани бермейді. Сол үшін елге пайдасы тиіп жүрген емшіні ел тануы тиіс дедім. Тарихта өмір бойы халыққа еңбек еткен, «Ая апа» деп ел құрметтеген, емші қыз болып қалғым келеді. Мен оған сенемін.

С: Сонда қандай адамдарды ұшықтайсыз?
Сынық салғаннан кейін де оның ұшығы болады дейді. Қызуы көтерілген балалар, еш жері ауырмайтын адамдар да ұшық алады. Ұшық – адамға жеңілдік береді, бойын тазартады. Мысалы, ота жасататын кісі әуелі ұшық алып, одан кейін жасатса, отасы сәтті өтеді деген сенім бар.
Бұл ата-бабадан келе жатқан қасиет.

С: Бұл қасиет сізге кімнен берілген?
Өз жағымда, нағашы жұртымда да қасиетті кісілер көп болған. Арғы аталарым Мұрынның бір баласы Жаңбыршы болса, мен соның шөбересімін. Жаңбыршының Жаңай деген ағасы қойға «топалаң» келгенде қайтаратын қасиеті бар арқалы кісі болған. Туған атам Есмырза жылқыларды бір көргенде танитын, қақпаны құр қалмаған аңшы-тын. Маңғыстауда «Атымтай жомарт» атанған. Кішкентайымда маған қыз болса қызылына, ұл болса көгіне жатады деп екі бесік жасатқан. Содан дүниеге келгенде қызыл бесікке жатқанмын. Нағашы Қонысбай атам да адам ұшықтайтын. Әкем Асқар жеке кәсіпкер, еңбекқор. Әжем Жәнибә еліне сыйлы, мақалдап сөйлейтін, ұлағатты сөздер айтып отыратын кісі. Анам Жейде де құр адам емес. Арнайы емдемесе де, кез келген адамның бе­тін сипаса ісігі, баланың ішін сипаса, ішіндегі желі қайтады. Күйеуге шықпаған, тіпті 30-40 жастағы қыздарға бата берсе, күйеуге шығып кетіп жатады. Сондай-ақ сынықшылықты ұстамас бұрын атақты молда, емші, сынықшы ата-әжелерден бата алдым. «Баталы құл арымас» деген. Бү­гінім де біріншіден Алла­ның, екіншіден сол батаның арқасында болар.

С: Өзін-өзі жақсы көру – көп адамға жетіспейді. Ол сізде бұрыннан бар ма, әлде өмір тəжірибесі ме?
Ата-әженің қолында өскендіктен, ешкім бетіме қарсы келген жоқ. Сыныптағы ең ұсқынсыз қыз болсам да, әжем үнемі «сен күштісің, кереметсің» дейтін. Сол сөздің құдіреті шығар, айнадан шындықты көріп тұрсам да өзімнің керемет екеніме сендім. Өскенде ең әдемі қыз боламын дедім. Кейін сұлу болып кетпесем де, бұрынғыдан ажарым кіре бастағандай. Ойласам, психологтар айтып жүрген афирмация­ларды мен кішкентайымда-ақ айтыппын. Себебі үнемі айнаға қарап, «Мен сұлумын, әлемдегі ең атақты адаммын» дейтінмін.
Қазір де әлемдегі ең керемет, әдемі, иманды, қамқор адам жалғыз өзім. Өзім қатты сенген соң ба, халық та соған сеніп келе жатқандай. Бойымдағы кемшілікті байқамай, тек жақсылығымды көретіндей. Өмірімде еш көрмеген адамдар күтпеген сый жасап жатады. Менен бір журналист «ең атақты адамдардың бестігіне кірем деген екенсіз, оған қандай әрекет жасап жүрсіз?» деп сұрады. Сол кезде: «Ештеңе. Мен оған жай ғана қатты сенемін» дедім. Адамдар өзі қатты қалаған дүниесінің міндетті түрде орындалатынына сену керек. Адамның досы да, жауы да – өзі. Арманды биіктеу қылып армандаса, Алла Тағала бәрін қабыл етеді.

С: Бұрын рухани азық алу үшін студенттермен беделді кісілерді тегін кездестіретін. Ал сіздің ақылы кездесуіңізді рухани азықтандыратын тренинг деуге бола ма?
Мұндай кездесулер жастарға қашанда керек. Мен көптеген кездесулерге тегін барамын. «Жастар орталығының» ұйымдастыруымен біршама колледж, университеттерде болдым. Ал, ақылы кездесуге халықтың өзі: «Айнұрдың уақытын сатып алайық» деп қолқа салды. Тіпті бағасын да өздері белгілеп, ұйымдастыруды да мойындарына алды. Бұлай сұраған соң, олардан асып ешқайда кете алмадым.
Халықпен кездескен өзіме ұнайды. Олармен сөйлескеннен, батасынан күш-қуат аламын.
Кездесулерді тренинг деп атамау себебім: мұнда семинар-тренингке сай келетін дүниелер толық емес. Тақырыбы, нақты жоспары жоқ. Мұнда тек өмірден түй­генім, халықпен жұмыс кезіндегі іс-тәжірибелеріммен бөлісемін. Өзімнің ғана емес, ата-әжемнің өмірі, анам мен әкемнің арасындағы қарым-қатынас жа­йында айтамын. Сөз құдіреті, іс құдіреті, ой құдіреті туралы сөз қозғаймын. Сұраққа жауап беріп, тілегімді білдіремін.
Кей кісілер «Сізбен жеке кездескіміз келеді, уақытыңызды сатып алайық» деп өте қомақты қаржы ұсынады. Өзі сұраса, неге қабыл алмасқа?! Өзім әуелден бар жерден шыққан соң, олардың ақшасынан емес, қуанғанынан, батасынан ләззат аламын.

С: Бұдан қоғамдағы рухани шөліркеуді байқауға болатын сияқты…
Иә, дұрыс айтасыз. Қазір қоғамға рухани азық жетіспейді. Оның себебі: адамдардың кітап оқымайтындығында. Рухани байлықтың негізі – тек кітапта. Қазір бәрі инстаграмда отырады. Одан құнды дүниені та­уып оқитындар аз. Көбісі жылтырға құмар. Өздігінен ізденуге ерінеді. Сондықтан олардың ішкі дүниесі бос. Сол үшін халық арасында кітап оқуға үгіт-насихат жүргізу керек.
Бар айтарым – түкке тұрмайтын нәрсеге ренжи бермеу керек. Алла кешірген адамды сен де кешір. Еш нәрсеге өкінбе. Мұны бәрі біледі. Бірақ соны жүрекке қадап, жеріне жеткізіп айтатын адамдар жоқтың қасы.

С: «Сырласудың» оқырмандарына деген тілегіңіз?
Алла Тағала әрбір оқырманға бармақтай бақ берсін. Сол бақты көтеріп жүретін мықты салмақ берсін. Әжем «Жақсылықты қызғанба бәріңе де жетеді, жақсы болып бір жүрсең, дүние думанда өтеді» дейді. Осы қысқа ғана ғұмырда тек татулықпен, достықпен өмір сүрсек екен.