Бала тәрбиесіОтбасы

100 мектеп бере алмайтын әке тәрбиесі

Тәрбиеде әке мен ананың орны бөлек. Соның ішінде тұрақтылық пен табандылық әкеден бастау алады. Сондықтан біз «100 мектеп бере алмайтын» әке тәрбиесін ерекшелеп көрсетуді мақсат тұттық.

2018 жылы елімізде 137 мыңнан аса жас отбасын құрса, ажырасушылар саны 54 797-ге жеткен. Қазақстан ТМД елдері арасында ажырасудан бірінші ондыққа тұр. Мұндайда баланың 90% анасымен бірге қалатыны мәлім. Оның тең жартысы алимент алмайды. Яғни, әкелерімен байланысты мүлде үзген. 20 жылдан кейін осы ұрпақ өсіп жетіледі. Әке-шешенің емес, тек ана тәрбиесімен өскен азаматтар көбейсе, қоғам қандай болмақ? Бұл көрсеткіштер бәрімізді еріксіз ойландыруы тиіс.


«Әке рөлін атқарып жүрмін» дейтін кей ер-азаматтар бала тәрбиесіне олар есейгенде ғана араласқанды дұрыс санайды. Кейбірі тіпті «баламен әурелену» «еркек» атына нұқсан келтіретінін айтады. Туған бойдан баладан мейірімін аямайтын әкелер көп-ақ. Өкінішке қарай, тәрбиеге араласпақ түгілі балаға түк қатысы жоқтай, оның нешінші сынып оқитынынан да хабарсыз әкелер бар.

 


Ана мен әкенің айырмасы

  • Ана баласына «болмайды», «тиіспе», «дұрыс емес» деп шектеуді көп қояды. Ал, әкелер балаға еркіндік бере отырып, шектен шықпауын қадағалайды. Осылай ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін өз көзімен көріп, тәжірибе жасап өскен бала, өзін және іс-әрекетін бақылап, кез-келген жағдайда дұрыс шешім қабылдай алатын болады.
  • Ана – балаға мейірім мен нәзіктікті сіңіреді, әке – қорғаныш пен сенімділікті дамытады. Мысалы, бір істі қолға алдыңыз делік. Ол сіз ойлағандай болмады. Сонда біреу: «Өй, айта береді. Сенікі дұрыс. Түсінбесе, өз шаруасы», – дейді. Енді бірі: «Еңсеңді түсіргенің не? Одан да тағы байқап көр. Сонда бәрі жақсы болады», – деп жігерлендіреді. Қайсысы сізге жағымды? Бірден жауап беру қиын. Өйткені түрлі жағдайда екеуі де қажет болуы мүмкін.
  • Ана – кез келген нұсқаны өзіне қабылдап, аяныш білдіріп, тыныштандырады. Әке – шабыттандырып, өз-өзіне деген сенімді арттырады, өзін аянышты етіп көрсетуге жол бермейді және сәтсіздіктің себебімен күресуге көмектеседі. Қайсысы маңызды? Шындығында екеуі де керек.

Баланың дамуы мен тәрбиесінде әкенің көмегі:

  • Физикалық белсенділікті арттырады. Дүниеге келген алғашқы жылдары әке баланы жоғарыға лақтырып, айналдырып, домалатып, иығына көтеріп жүру сияқты қимылдарды жасатып, физикалық дамуына әсер етеді.
  • Ой-өрісін дамытады. Әке баланы дұрыс сөйлеуге анасы мен әжесіне қарағанда тез үйретеді. Сөзді бұрмаламап, баламен балаша сөйлеспейді. Ер адамды «үлкен бала» дейді. Өйткені олар әлемді ойын алаңы ретінде қабылдап, балаға кеңістікті қалай басқаруды үйретеді. Қарапайым нәрсені басқа тәсілмен жасап көруді ұсынып, бала санасын кеңейтеді. Әке қалыпты күйзелістен қорықпайды, бұл адамды шыңдайтынын біледі.
  • Қашықтықта өмір сүруге бейімдеу. Жарасымды отбасыларда дамуының алғашқы жылдарында әке баланы анасынан оңтайлы қашықтықта болуға мүмкіндігінше дайындайды. Психологтар «бала ортаға тез сіңуі үшін (мыс., бақшаға жыламай баруы) әкесінің қасына жатып үйренгені дұрыс» дейді. Соның арқасында бала өзін қауіпсіз сезінуді үйренеді.
  • Қоғам заңдылығын қабылдауға үйретеді. Әке балаға абырой мен беделдің не екенін түсінуге мүмкіндік береді. Мақұлдау, айыптау немесе жазалау сияқты өмір жағдайларымен таныстарады. Анасына қарағанда белгілі бір талаптар қоя біледі. Қазір әкенің осы міндеттерін өзіне алып алып, баланы аналық мейірімнен айырып, оған қатаң талаптар қоятын әйелдердің көптігі жасырын емес. Бұл жағдайда отбасында аналық рөлді атқаратын адамның болуы маңызды. Бала жетістіктеріне қарамастан, өзін өмірде құнды екенін түсінуі керек. Әйтпесе ол психологиялық күйзеліске ұшырауы мүмкін.
  • Әке баланы жынысына сай тәрбиелейді. Ұл бала әкесіне қарап, болашақта өз бейнесін қалыптастыруға тырысады. Ал, қыздарға әкесімен әңгімелесу өздерін нәзік сезінуге көмектеседі. Қазір өз жынысын анықтай алмай, адасқан жастар көбейді. Бұл қоғамдағы ең қорқынышты қатер болып тұр. Әкенің негізгі міндеті – ұлы мен қызындағы еркектік немесе әйелдік қасиеттерді белгілеу және дамыту.

Әкесі мен ұлы

Әкелер көбінесе «нағыз еркек өсіремін» деп, шектен тыс қаталдық танытып жатады. Алайда, қаталдық баланың бойында үрей тудырады. Әкесі мен ұлы бір-біріне жақын болса, бала сабырлы және мейрімді болып өседі. Теңдей қарым-қатынас жасаса, бойында еркектік, әкелік қасиеттер қалыптасады. Ұлдың нағыз ер-азамат болып өсуі әкенің ер жүректігіне ғана емес, баламен қарым-қатынасының шынайылығы мен жылулығына байланысты. Ұл әкеден аналарды, қыздарды сыйлауды, отбасына жауапкершілік алуды үйренеді.

Әкесі мен қызы

Қыздың әйелдік тағдырын әкесі айқындайды. Осы тұста төрт қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған әке – Мұхамеджан Тазабек әкелерге мынадай ой салады: «Қызды еркелетіңіз, құшақтаңыз. Ол мойныңызға «әкешім» деп еркін асыла алатын болсын. Әңгімесін еркін айта алсын. Мұндай қыз болашақта күйеуінің көңілін аулай алатын назды, қылықты келіншекке айналады. Еркелету – ессіздікке апару емес, еркелете отырып, тәрбиелеу. Көңіліне қарау, сыйлық беру.

Қыз бала үйленбейтінін біле тұра неге кім көрінге қор болады? Себебі ол өмірінде ағаға еркелеп, әкеден сыйлық алып көрмеген. Сол өзіне жетіспеген «дәруменді» ол көшедегі «көк аттыдан» алғысы келеді. Қызды одан да әкесі немесе ағасы қыдыртып, мейірім мен құрметке бөлесін. Сонда ол кез келген жігіттің алдында өз мәртебесін біледі. Қыз –  эмоцияға жақын, әсершіл. Қыздың құлағы жүрекке байланған. Әйел адамды алақанда ұстау – оған жылы сөз бен мейіріміңді керек кезінде дәл уақытында көрсете білу».

Жұмысбасты әке

Қарым-қатынастың мөлшері емес, сапасы маңызды. Өте жұмысбасты әкенің өзі баласын мейірімге бөлей алады. Мереке, демалыстарда уақытты бірге өткізсе болады. Қайта мұндай қарым-қатынас әлдеқайда тиімдірек. Өйткені, бала мен әке бір-бірін сағынып үлгереді. Баланың жаңалығы жиналып қалып, оны тезірек әкесімен бөлісуге асығады.

Ниет болса болғаны

Әкемен ойын ойнау – тұнған эмоция. Әке мен бала арасындағы қарым-қатынаста ең маңыздысы – жақындасуға деген ниет. Сонда бала мен әкеге қашықтық пен уақыт та кедергі бола алмайды. Бастысы – бала әкесінің өзін жақсы көретінін, өміріне қызығушылық танытатынын білуі тиіс. Әке балаға әрдайым іс-әрекетімен және кеңесімен көмектеседі.


Әкесіз өскен бала қоғамда бәрібір ерекшеленіп тұрады. Мамандар осыны әсіресе ажырасу алдында тұрған отбасыларға баса ескертеді. Қандай жағдай болса да ер адам әке болып қалу керек.