Отбасы бюджеті

Ақшаны өзгеден емес, өзіңнен аяма!

Қазіргі таңда тұрмыстағы әйел маңдай терімен тапқан ақшасының қызығын көрудің орнына өзгенің қамын жасайды. Жаңа киімді тек жаппай сатылымда немесе жылына бір рет қана алады. Сұлулық процедураларына қаржы жұмсау артық шығын деп қарайды, көңілінен шығатын заттың жанынан өтіп бара жатса да, ең арзанын алуға тырысады. Соған қарамастан мұндай әйелдер туыстары мен достарынан, яғни жақындарынан ақша аямайды.

Егер өз керегіңізге жұмсалған азғантай шығын үшін өзіңізді кінәлі сезініп, мазаңыз қашса, онда ойыңызды өзгертетін уақыттың келгені. «Сырласу» өзіңізге үнемдеудің қандай зияны барын әрі басқаша өмір сүру үшін не істеу керектігін айтып, жағымсыз әдеттен қалай арылуға болатындығымен бөліседі.

Үнемшілдік белгілері

Өз қажеттіліктеріне артық ақша жұмсауға батылы жетпейтін әрі мұндай шығындарды «бос шығындалу» деп санайтын әйелдер кедей емес. Олар мол ақша таба алады, дейтұрғанмен тапқан табыстары басқа адамдардың керек-жарақтарына жұмсалатын болады.

Өз нәпсісін тыйып, өзгелер үшін өмір сүруге дағдыланған әйел затының типтік ойлары мынадай: «Бұл затсыз да өмір сүремін ғой. Маған бұл қажет емес, себебі ол – артық шығын. Оған қарағанда ұлыма/қызыма жаңа мектеп сөмкесін сатып алғаным дұрыс болар».

Өзіне көп үнемдейтін әйелдерді «эконом-класс» деп те атайтындығы жасырын емес. Олар өмір бойы өздерін «бизнес-класспен» ұшуға лайықсызбыз» деп санап, барға қанағат қылады.

«Эконом-класс» әйелге тән белгілер:

  1. Өзінен ақша аяйды, ал өзге адамдардың көңілі үшін ең бағалысын сатып алады;
  2. Ешқашан қымбат іш киімге қаражат жұмсамайды, себебі мұндай әйелдің алатыны тек қарапайым заттар;
  3. СПА-ға, фитнес-клубқа немесе достарымен мейрамханаға барғаннан гөрі өзіне маңызды деп есептейтін нәрселерге уақыт бөледі;
  4. Бір сәттік бақыт үшін шығындалмайды, яғни педикюрді, шаш бояуды және т.б. өзі жасауға тырысады;
  5. Мұндай мінез-құлықтың себебі де жоқ емес. Ол: тұрақсыз жұмыс, уақытша қиындықтар, дағдарыс және т.с.с.

Егер осы айтылғандардан өзіңізді танысаңыз әрі жағдайды түзеткіңіз келсе – өзіңіз қойған шектеулер мен теріс көзқарастарды жеңуге дайынсыз деп есептей беріңіз!

Тек қомақты қаражатпен дүкенге баруға асықпаңыз. Себебі, бұл рөлден біртіндеп шығуыңыз керек. Ақылға салмай жасаған іс-әрекеттің салдары қиынға соғуы ықтимал. Мысалы, өзіңізді қайта кінәлі сезініп, бұрынғыға қарағанда қатаңырақ үнемдеуге немесе киім құмар адамға айналу қаупі бар. Иә, бұл өзіне үнемдегіш әйелге қарсы көрсеткіш екені сөзсіз, десек те мұндай мінез-құлық қалыпты күйге жатпайды.

Өзінен ақша аямайтын әйелге тән белгілер:

  1. Көңілі қалаған заттың бәрін сатып алады әрі несиеге белшесінен батады;
  2. Қалтасындағы соңғы тиынын жаңа әрі сәнді аяқ киім мен стильді киім үлгісіне жұмсайды;
  3. Гардеробы сәнді киім-кешектерге толы әрі құлауға жақын, алайда киім көңіліне қуаныш сыйламайды;
  4. Бренд киімдерді жақсы көреді және лейблдарды қуалайды;
  5. Су секілді ағып кететін ақшаға мұқтаж;
  6. Бос уақытын сауда орталықтарында өткізеді.

Мұндай әйел ішкі жан жарасын қажетсіз әрі қымбат заттармен толтыруға тырысатындай көрінеді. Жалпы әр шектен шығу әрекеті жағымсыз және қайғылы салдарға әкеліп соғады.

Үнемдеу де зиян

Әйел өз ақшасын үнемдей білсе, отбасылық бюджет те молырақ болатыны рас. Алайда әйел өзін жақсы көріп, бағаламаса, онда қасындағы адамдар да оған дәл сондай көзқараспен қарайтын болады.

Десе де, әйел үнемі өзіне үнемдейтін болса, бұл оның өзін бағаламағандығының және сүйікті адамына ұнағысы келмегендігінің белгісі емес. Себептер әртүрлі болуы мүмкін және оларды нақты білу де аса маңызды. Тек әйелдер қауымы оларға мән бермей жатады. Бірақ сайып келгенде бұл күйзеліске әкеліп соғуы бек мүмкін

Үнемшілдік себептері:

  • Жоқшылықта өткен балалық. Отбасы үнемі таршылық көріп, әр тиын-тебенді санап, тек ең қажеттілерге жұмсағандықтан, әйел де сол ұстаныммен өмір сүруге дағдыланады;
  • Ата-ана қағидалары. Мәселен, ата-ана қыздарына: «Болды! Қой дедім! Біз бай емеспіз‎»; «Алғың келіп тұрса қайтейін, ертең-ақ айнып кетесің»; «Үнемде. Ертең не боларын білмейсің ғой» дегенді миына құйып тастайды.
  • Жасанды құрбандық. Әйел басқалардың мүддесі үшін үнемдейді де, кейін бұл жағдайға отбасы мүшелерін жазғырады;
  • Болашаққа деген қорқыныш. Әйел заты артық ақша жұмсап, сол үшін сөз естіп, кінәлі болмау үшін артық ақша жұмсауға қорқады.
  • Апатия, жалпы шаршау, күйзеліс. Еш нәрсеге зауқыңыз соқпайтын кез. Сыртқы келбет пен денсаулығыңыз сыр бермейді. Тек ынта жоқ, ұмтылыс жоқ, тіпті өзіңізге ақша жұмсағыңыз келмейді.

Жаңа заттан тағы да бас тартқаныңызда «бұл күйге қашан, қалай түстім» деп ойланып көріңізші?! Жауапты тапсаңыз өзіңізге үнемдеуді қою әдетін қарастырып көрейік. Бірақ, әдетті жою – оңай емес.

Жағымсыз әдеттен арылу жолдары

Егер нақты себебін білсеңіз, жағымсыз әдеттен арылуға кіріскен жөн. Ойымызды өмірге бір-ақ рет келетінімізді түсінуден бастауымыз керек. Жер бетінде сізге басқа өмір болмайды. Егер өзіңізді жақсы көрмесеңіз, онда ешкім сізді жақсы көрмейді. Махаббатсыз дүние бос.

Есіңізде болсын, Сіз ең жақсысына лайықсыз! Балаларыңыз бақытты ананы, ал күйеуіңіз жарқыраған әйелді көргісі келеді.

Психологиядағы үнемдеуді тоқтатуға арналған кеңестер

Көңіліңізге қуаныш сыйлайтын заттардың тізімін жазып, күнделікті оларды өзіңізге сыйлап отырыңыз.

  • Күнде бір уақытты белгілеп, өзіңізді еркін сезініп, сүйікті ісіңізбен айналысыңыз;
  • Сырт келбетіңіз бен денсаулығыңызға, шаштаразға, маникюрға, жаттығу залына, азық-түлікке және т.б. үнемдеуді доғарыңыз;
  • Өзіңізге әдемі әрі қымбат іш киім сатып алыңыз;
  • Гардеробыңызды бірден емес, біртіндеп жаңартыңыз. Көп шығыннан келер пайда жоқ;
  • Өз қажеттіліктеріңіз бен қалаған заттарыңызды соңғы орынға емес, бірінші орынға қойыңыз;
  • Көп тынығыңыз.