Жан әлеміӨкініш

Баламды өзгеге қалай қидым…

Жасым 28-де. Өзім Мойынқұмның қызымын. 4 жылдан бері Алматыны жағалап жүрмін, тұрмыс құрмағанмын. Бірақ аяғым ауыр - жеті айлық. Құрсақтағы қызымның әкесі ажырасқан, екі баласы бар, бөтен емес – 37 жасар өз ауылымның-ақ жігіті.

515Қаралымдар

Ауылдың адамы болған соң онымен бұрыннан таныс едім. Көңіл білдергендіктен, өткен өмірін талқыға салмай, «болған іс болды» деп, оған сенгенмін. Екеуміз екі ай жүріп, үшінші айда бірге тұра бастадық. Десе де, көп ұзамай ол маған неше түрлі мінезін көрсетті. Өте ашушаң, қызба адам болып шықты. Содан ол бір айға жетпей, «Менің басқа қызым бар. Осы жерге келеді, үйді босат» деп тұрып алды. Онымен ерегіскеннен еш пайда таппасымды білдім де, айтарға сөз таппай, үйден шығып кете бардым.

Енді не істерімді білмей, көп ойдандым. Бұрынғы еден жуушы болып істеген жұмысымнан да босап қалған едім. Ақыры бір таныс келіншектің үйіне барып тұрдым. Екі-үш айдай уақыт өтті. Бір күндері қайта-қайта құсып, мазам қашты. Мен «асқазанымнан болар» деп мән бермедім. Шындығында «жүктімін» деп ойлауға қатты қорықтым. Олай ойласам көз алдым қарауытып, болашағымды елестету мүмкін болмады. Ақыры жай-күйімнен жүктіліктің салдарын байқаған таныстарым тест жасатуымды талап етті. Сөйтсем, ішкі қорқынышым алдамапты.

Жүкті екенімді естігенде тапырақатап, әбден састым. Қайта-қайта «мүмкін емес» деумен болдым. Ендігі күнім не болады? Бар ойыма келгені – баланы туып, біреуге беру болды. Түсік жасатуға кеш еді. Өйткені ішімдегі бала төрт айлық мерзімге келіп қалған. Оның үстіне түсік жасату күнә екенін білгендіктен, оған жол бере қоймадым.

Жігітіме айтып едім, ол «менің балам емес, бәлеңді жаппа» деп мойындамай қойды. Енді шын мәнінде жапан далада қаңғып қалғандаймын. Ауылға баруға бет жоқ. Менің анам бұрынырақта қайтыс болған, тек әкем мен бауырларым бар. Олар менің жай-күйімді естіп, қандай жағдай болмасын далада қалдырмауды ойлап, қайта-қайта шақырады. Бірақ әлгі жігітпен некесіз байланысқаныммен қоймай, мына түріммен көзге күйік болуым керек пе!? Жоқ, мен олай істей алмаймын. Оларға масыл болғым келмейді. Мұндай күйге түсемін деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген.

Содан күн көру үшін жұмыс іздеуге шықтым. Дүкен, дәмханаларды жағалап жүріп, жұмыс сұрадым. Сол жерде бір тәте мені көріп қалып, қасына шақырды. Ол менің жүкті екенімді, шарасыз күйде тұрғанымды бірден байқаған екен. Аяғымның ауыр екенін нақтылап алып, баланы не істейтінімді сұрады. Мен білмейтінімді, шарасыз екенімді айттым. Ол маған Өскеменде тұратын құдашасының 15 жыл бойы бала көтере алмай жүргенін жеткізіп, «балаңды бергің келе ме?» деп сұрады. Менің ойым да сол болған соң, істің соңын ойлап жатпай, «Иә, иә беремін» дей бердім.

Сөйтіп, аяқ асты Өскеменнің ауылдық жерінен бір-ақ шықтым. Ол кісілер мені құшақ жая қарсы алып, дәрігерлік тексерістен өткізіп, баланың жай-күйін білді. Балам дені сау, 4 айлық қыз екені анықталды. Олар маған көп көмектесті. Әуелде бағыма мұндай адамдарды жолықтырған Құдайға мың да бір шүкіршілік еттім.

Дегенмен, бір ай уақыт ішінде бұл кісілердің тіпті өздеріне де сараң адамдар екеніне көзім жетті. Олардың қора-қора малдары бар, оған қоса күйеуі апта сайын балық сатса да дастарқандары бір жайнамайтын. Күнде бір тамақты қайталай беретін. Әрі онысы етсіз жасалатын. Мен былайғы өмірде аса тамақ талғамаймын. Бірақ жүкті әйелдің жай-күйі бәріне мәлім ғой. Жоқ әлде жайлы қоныста жүргеніме шүкір етуім керек па еді?! Десе де менің денсаулығым баланың денсаулығы емес пе? Әрнәрсені жегім келіп аңсап тұрдым. Содан бір күні тәтеге «Неге күнде бір тамақты әзірлей бересіз? Бала әрнәрсені жегісі келеді» дедім. Содан ол кісі маған долданып, «шүкіршілік етпейсің бе?» деп, әбден жекіді. Қайтейін, жоқ болса мейлі ғой, бар нәрсені көріп тұрып, аңсамай тұра алмадым.

Осылай уақыт өте келе ішімдегі бала қозғала бастады. Оның тірі жан екенін сезіндім. Қызымның дүниеге келгенін елестетіп, «Оны қалай біреуге қиып тастап кетемін» деген ойлар келді. Күнделікті тамағынан аяйтын адамдар қызыма толыққанды қамқорлық көрсете ала ма? Ақыры бұл адамдарға тапсырып кете алмасыма көзім жетті. Жоқ! Ол аш жүргенде менің қалада серуен құрып, тоқ жүруім мүмкін емес. Осынша қателікке жол берсем де, баламның аш-жалаңаш жүргеніне бей-жай қарай аламайды екенмін. Осыны шын сезіндім. Содан кейін «Қызым қара су ішсе де, көз алдымда болсын. Ешкімге бермеймін» деп шештім.

Ақыры үйден кетуді ойлап, әлгі кісілерге «ауылға кетейін деп жатырмын» деп ескерттім. Олар еш қарсылық білдерген жоқ. Менің әлгі сөзімді аса жақтырмай қалған тәтем, кейін бәрін өзі түсініп, «иә, бұл сенің балаң, оның жайын тек сен сезініп, сен ғана білесің» деді.

Содан Алматыға қайтарда не көрмедім десеңізші?! Жол бойы «қотыр» жолдардан қиналғаныммен қоймай, Алматыда барар жерім болмаған соң, автобустың ішінде қондым. Таныстарым қайдан жақтыра берсін. Содан есіме «Аналар үйі» түсті. Жолда сол жаққа баруды ойлап келе жатыр едім, бір дүкеннің жанында арбадағы баласымен бір келіншек отырды. Жүзі жылы көрінген соң, қасына барып, «маған көмектесіңізші» дедім. Ол әйел көмектесуге дайын екенін білдіріп, «қандай көмегім қажет?» деп елпілдей кетті. Мен «Аналар үйінің» нөмірі керек еді» дедім. Ол дереу күйеуін шақырып алып, мән-жайды түсіндірді. Содан олар ғаламтордан «Аналар үйінің» нөмірін тауып алды. Құдайға қараған кісілер екен – мені үйлеріне шақырып, шай-тамағымды беріп, киім-кешегіммен «Аналар үйіне» әкеліп тастады. Мен рақметімді жаудырып, ол кісілерге қатты риза болдым. Бұл жақта негізінен алты ай ғана тұруға рұқсат. Алдым болса қыс, екі-үш айдан кейін босанайын деп отырмын. Одан кейін қайда баратынымды, не істейтінімді білмеймін. Тіпті, болжай да алмаймын.

Менің ең басты қателігім – әлгі жігіттің бұрынғы іс-әрекеттерін сараламай, көзсіз сене кеткенім. Екі айдан соң бірге тұруға келісу әлбетте дұрыс емес. Бірақ, осындай үлкен қалада жүргендіктен «Жасым 28-ге келді, ол менің жаныма жалау болар. Осылай-ақ үй болып кетерміз» деп ойласам керек. Қазір бұған неге, не үшін, қалай ғана жол бергеніме әлі де сене алмаймын. Өкініш өзегімді өртейді. Бірақ қанша өкінгенмен, болар іс болды. Құрсағымдағы бейкүнә қызымның еш кінәсі жоқ. Оны барынша мейірімге бөлеп өсіргім келеді.

Жақында естігенім – әлгі жігіт Алматыда тағы да бір қызбен бірге тұрып жатыр екен. Ол қыздың да жайы не болар екен?.. Бір Құдайға ғана аян. Сондықтан қыздарға жігітпен некесіз жақындасудан және өте аз уақытта көзсіз сенуден аулақ болыңдаршы дегім келеді.

Алма