Бала тәрбиесіОтбасы

ӘЛЕМТАНУ ойыншықтан басталады

Балалық шақты ойыншықсыз елестету мүмкін емес. Өмірінің алғашқы күні сәби әлемді ананың үніне құлақ түріп, оның жұмсақ алақанын сезіну арқылы тани бастайды. Одан соң ана баланың қолына сылдырмақ ұстатады, түрлі-түсті ойыншықтарды ұсынады. Бала ашық түсті ойыншықтарды қолына ұстап көруге талпынады.

Алты айлық бала өз еркімен отыра алатын болғанда оған дамытатын ойыншықтарды алып беруді бастаған дұрыс. Ондай ойыншықтарға: доптарды, рәзіңкеден жасалған аңдарды, беті анық салынған кейіпкерлерді, қораптар мен  стақандарды, пирамида мен текшелерді жатқызуға болады.

Бір жастан үш жасқа дейін ойыншықпен дамып, жүруді меңгерген бала ендігі кезекте үлкендер тұтынатын заттарға қызыға бастайды. Бұл кезеңде ата-ана кітаптар мен құжаттарды, сынған ыдыстар мен косметкаларды, қолданбалы химиялық заттар мен ащы әрі майда заттарды баланың қолы жетпейтін жерге қойғаны дұрыс. Баланың қызығушылығын анықтап, өте тартымды, тіпті сонымен бірге ұйықтайтындай ойыншық алып берсеңіз, мәселені кішкене болса да шешесіз.

Үш жаста баланы реттілікке үйретуге болады. Мысалы, үйдің бұрышына арнайы қорап қойып қойыңыз. Ойын аяқталғанда ойыншықтар үйіне қайтуы керек екендігін түсіндіріңіз. Ойыншықтарға зәру болып өспесе, балаңыз күректің қазуға арналған құрал екенін, ал үстел отыруға арналған жабдық екенін тез ұғатын болады. Үш жастағы балаға ойыншықтың маңыздылығы жоғары болғандықтан оны талғаммен алып беру керектігін ескерген жөн. Қуыршақ пен автокөлік ойыншықтарының көлемі үлкенірегі қажет болады. Үш жастағы бала үстел үстінде ойнауға арналған дамытушы ойыншықтарды да меңгере бастайды.

Төрт-бес жастағы балалардың әлемді тануы кәдімгідей қалыптасқан. Бұл кезеңдерде ұлдар машина және сарбаздармен ойнағанды ұнатса, қыздар қуыршақ пен қуыршаққа қажетті бұйымдарды ойыншық ете бастайды. Мозайка, домино секілді дамытатын ойыншықтарды да оларға осы жаста ұсынуға болады.

Алты жастағы балалар өз қолымен іс жасағанды ұнатады. Сондықтан оларға шығармашылық ойындар қатты ұнайды. Мәселен, ермексаздан мүсіндер жасау, құмға сурет салу деген сыңайдағы ойындарға ата-аналар көмектескені жөн.

Ата-аналарға еркерту! Дамытушы ойыншықтар қаншалықты керемет болғанымен, олардың үйде тым көп болғаны дұрыс емес. Бала немен ойнасам екен деп бас қатырмағаны дұрыс. Бала үшін ойыншықтың алар орны бөлек, бірақ үлкен адамдар да баламен бірге ойнай алғаны дұрыс. Бірге ойнау арқылы баламен достасуға, оған көп нәрсе үйретуге болады.  

Оның мінезі мен болмысын тез танып, жанын түсінуге, сіздің іс-әрекетіңізден  оның  ата-анаға жақын болуына бірге ойнау арқылы үлес қосасыз.