Бала саулығыДенсаулық

Балаңыз булығып жөтеле ме?

Балалар жиі жөтеледі және көбінесе оның жалғыз себебі суық тигеннен деп жатамыз. Алайда кенеттен басталған булықпа құрғақ жөтел аллергияның бір белгісі екенін ескеруіміз керек. Бұл дерт көктемде қозатынын ескеріп, оның алдын алып, емдеудің жолдарын ұсындық.

Қалай? Неден пайда болды?

Аллергиялық жөтел – балаларда кездесетін аллергияның ең көп тараған белгісі. Аллергияның алғашқы реакциялары балалардың кішкентайында – сәби күнінде-ақ пайда болып, ерте кезден көрініс беруі мүмкін. Мұндай аллергия кез келген нәрседен – маңайындағы заттардан, үй жануарларынан, киген киімінен, ойнаған ойыншығынан, тіпті ішіп-жейтін тамағынан да туындауы мүмкін. Яғни тұрмыстағы кез келген нәрсе аллергияның қоздырушысы бола алады. Сондықтан ата-аналар балаларының ағзасы қандай затқа қандай реакция беретінін жіті қадағалап, назарда ұстағаны дұрыс. Өйткені сәби күнінде диатезі болған балаларда да аллергиялық жөтел жиі кездеседі. Демек бұл – баланың ағзасындағы аллергияға қарсы сезімталдық жоғарлаған деген сөз. Соның салдарынан ауадағы, тіпті ең кішкентай – микроскопиялық аллергеннің өзі аллергиялық жөтелдің күрделі түрін тудыруы ғажап емес.

 

Аллергия екенін қалай біле аласыз?

Балаларға суық тигендегі жөтел мен аллергиялық жөтелді бір-бірінен ажырату оңай емес. Аллергиялық жөтел – жекелеген ауру түрі емес, жалпы аллергиялық аурудың белгісі ғана. Дегенмен, ол бронхиттың, бронхтық атопиялық демікпенің бастамасы болуы ғажап емес екенін естен шығармаған жөн. Сондықтан жөтелдің неден пайда болғанын дер кезінде анықтап, тиісті шараларды қолдану керек. Ол жоғары тыныс жолдарына түрлі аллергендердің әсерінен пайда болады. Аллергиялық жөтел кезіндегі белгілер баланың қандай затқа аллергиясы барына қарай әртүрлі келеді. Дегенмен, негізінен төмендегідей белгілер болады.

  • Баланың дене қызуы көтерілмейді.
  • Кенттен басталатын құрғақ жөтел белгілі бір уақытта – отырған орнына, айналасындағы заттарға, ішкен тамағына қарай (үй жануарларының жанында, құс жастыққа жатқанда) ғана үдей түседі.
  • Аллергиялық жөтел ешқандай дене қызуынсыз 2-3 аптаға дейін созуылуы мүмкін.
  • Жөтел негізінен түнгі уақытта өрши түседі де, күндіз басылып қалады.
  • Жөтел кезінде қақырық болған күнде де ол түссіз, мөлдір келеді.
  • Тамақ пен мұрын қышып, жиі түшкіреді.
  • Маусыммен (балалардың аллергиялық жөтелі көбінесе жаз және қыс айларында өрши түседі. Оның себебі жазда – шаң-тозаң, ал қыста – таза ауаға, далаға шықпай, күн ұзақ үйде отыруы) болады.
  • Бала ағзасының антигистаминді дәрі-дәрмекке (тавегил, супрастин, диазолин, т.б.) қалыпты реакция беруі.
  • Көбінесе аллергиялық жөтел кезінде мұрыннан су көп ағады.
  • Мұрын қан тамырларын тарылтатын препараттардың (нафтизин, галазолин) ешқандай әсері болмай қалады.
  • Мұрын айналасының қызарғанын байқауға болады.

Оны емдеудің жолы қандай?

Балаларда нақты не нәрсеге аллергияның барын ата-ананың өздігімен анықтауы қиын. Десе де, қандай да бір тағамға аллергияның бар-жоғын анықтау үшін баланың кішкентай күнінен-ақ кез келген асты аз-аздан беріп, ағзаның реакциясын байқап көрген жөн. Егер де белгілі бір тағамнан кейін теріде бөртпелер пайда болса немесе қызарып қышыса, онда сол тағамды күнделікті ас мәзірінен алып тастаған жөн. Сол сияқты аллергиялық жөтел кезінде де жөтелдің нақты қай уақыттарда және қай жерлерде өршитінін анықтау керек. Жоғарыда айтып өткеніміздей, аллергиялық жөтел оны қоздыратын аллергендердің жанында күшейеді. Аллергендер үйдегі қарапайым құс жастық та, сүйікті ойыншығы да немесе үй жануарлары мен өсімдіктері де болуы мүмкін. Оған тұрмыстық химия мен анасы қолданатын косметикалық өнімдерді қосыңыз. Бұл мәселені шешкеннен кейін үйді шаң-тозаңнан арылтып, жиі дымқыл шүберекпен сүртіп тұру қажет. Балаңыздың тамағын тазалауды, әсіресе, сырттан кіргеннен кейін ауыз қуысын, мұрнын күніне бір-екі рет жылы сумен шайғызуды қолға алыңыз. Арасында суға аздаған мөлшерде тұз қосуға болады.

Аллергияның қарапайым белгілері оның созылмалы түріне дейін жеткізбеу үшін алдын ала дәрігерге қаралу керек. Аллергиялық жөтелді емдеу жолдарын баланы толық тексеруден өткізгеннен кейін аллерголог дәрігер мен диетолог дәрігер бірге отырып тағайындағаны жөн. Өйткені аллергияға қарсы дәрі-дәрмектер баланың нерв жүйесіне, психикасына әсер ететіндіктен, кез келген дәріні дәрігердің нұсқауынсыз, беталды ала беруге болмайды. Кейбіреуінің құрамында наркотиктік қоспаның болуы ғажап емес.