Бала саулығыДенсаулық

Алып анадан туады: Баланы спортқа баулыңыз

Даңқы жер жарған спортшылардың өміріне көз салыңызшы. Оларға бала кезден бағыттың дұрыс берілгендігін байқайсыз. Қызыңыз көркем гимнастикадан, ұлыңыз жүзуден шебер болса жақсы емес пе?! Балаңыздың шымыр болғанын қаласаңыз, біз сұрыптаған кеңестерге көз жүгіртіңіз.

Лайықтысын іздеңіз

Спорт үйірмесін таңдауда балаңыздың тек мінез-құлқы мен қабілетін ғана емес, талғамы мен ниетін де ескеріңіз. Әрине, 5-6 жасар бала спорттың қыр-сырын тереңінен түсінбейді, бірақ өзіне не ұнайтын, ұнамайтынын анық біледі.

Үйірме мен жаттықтырушыны мұқият таңдаңыз

Жақсы жетекші – жетістіктің кепілі. Жаттықтырушы баланың мүмкіндігін бағалап, топтағы балаларға бірдей қарап, әр қайсысының қабілетін аша білуі керек. Сын мен қолдауды жаттықтырушы айтады. Сіздің міндетіңіз балаңызға бар жағдайды жасап, психологиялық қолдау көрсетуіңіз қажет.

Әр қадамына қуаныңыз

Спорт сауық-сайранды емес, көп еңбекті сүйеді. Жаттығудан ләззат алу спортшыға маңызды. Сондықтан, мектеп жасына дейінгі балалардың дайындығында күрделі жаттығудан гөрі ойын көп. Алғашқы жарыста бәсекелестік пен жеңіс басты орында емес. Ол топтың ауызбіршілігін, жетістігін сезінуі керек.

Миға сыйымды мақсат қойыңыз

Жеке бас қарқынына қарамай, жылдам әрі жоғары нәтижені талап ету – баланың қызығушылығы мен сенімділігін жояды. Көзге көрінбейтін ұсақ жетістігін де мақтап қойыңыз. Сын мен қатаң тәртіптен гөрі көтермелеп отыру жақсы әсер етеді.

Күн тәртібін қадағалаңыз

Жас спортшының жаттығып, сабақ оқып қана қоймай демалуына, тіпті ешнәрсе істемей құр отыруына да уақыт табыңыз. Егер спорзалдан келген соң түнімен бақылау жұмысын жазатын болса, мұғалімдерімен сөйлесіңіз.

Бірге дамыңыздар

Сайыстарды талқылаңыздар, тақырыпқа сай кітаптарды оқыңыздар, фильмдер мен бейнероликтерді көріңіздер, спорттық теорияларды жаттаңыздар, танымал спортшылардың өмірімен танысыңыздар. Барлығы ой-өрісті кеңейтіп, қызығушылықты оятады әрі тұрақты түрде дамуға жетелейді.

Баланың шешімін қолдаңыз

Күнтәртібінің әртүрлі болуына мүмкіндік беріңіз. «Жарты жолда тастап кетпе» деу сіздің ұпайыңызды арттырмайды. Жаны қаламайтын іске итермелеу жетер жетістіктерді шектеуі мүмкін. Бәлкім, басқа спорт түрінен бағы жанар. «Жаттығуды тоқтамын» дегеніне түсіністікпен қараңыз. Спорттың бір түрін тастағанымен алдына мақсат қою мен оған жетуді доғармайды.

Жеңісіне килікпеңіз

Жарыстар, турнирлердің кестелері және рейтингтер спортшы үшін алғашқы орындарда тұрады. Оның жеңіске жетуін көзден таса етпей, үнемі қадағалау дұрыс емес. Талаптың тым жоғару болуы баланы күйзеліске түсірсе, біреуге еліктеу өзін төмен бағалауға әкеледі. Әрбір нәтиженің құнын түсіндіріңіз. Сонда өзінің әлсіз тұсын көріп, жаңа мақсат қояды.

Толқу мен қорқуға төзсін

Жарыс кезінде жанынан табылыңыз. Үрей мен сенімсіздік барлық адамзатқа тән екендігін, сайыстың қорытындысы қандай болса да жақсы көретініңізді айтыңыз. Бойын еркін ұстауына тыныстау ырғағын алмастыру көмектеседі. Сонымен қоса, өзіңіз білетін қандай да бір әдістерді қолданыңыз. Ең бастысы, бала өз эмоциясын сезіне білуге дағдыландыру керек.

Сәтсіздікке төтеп берсін

Қателіктер мен жеңілістерден қашып құтыла алмайсыз. Ұтылып қалғанына сырттан сылтау іздемеңіз. Спортшы оқиғаны сараптап, қайдан қате жібергенін түсінсін. Жаңсақ жасаған қадамын түзеу үшін барын салуға ниеттенсін.