Жан әлемі

АЛЫСТАҒАН КҮНДЕРІМ…

Аппақ ұлпа қарға оранған қала көшелерін аралап, ұзақ жүрдім. Алып-ұшқан көңілім сабасына түсіп, орнықпай, көңілсіздік жанымды баурады. еңсем көтерілмей, жаным жабырқап, жанарға жас іркіле берді. неге алаңдап, неге мазасызданып үрейленіп жүрмін, өзім де білмеймін... Жандүниемді жайлап, тағат таптырмаған сабырсыздық қыстың мына алай-дүлей соққан бораны сияқты суық ызғар қарып барады.

Жылына алмадым, жадырай да алмадым, жүріп келем. осы сәтте қайдан екені белгісіз шат-шадыман, у-шу дауыстар естілді.  Жан-жағыма қарасам, мәз-мәйрам болып балалар қардан аққала соғып, алаңсыз ойнап жүр екен. оларға ұза-аа-ақ қарап тұрдым. Сағынып кеттім. Сонау алыстап қалған қайран бақытты балалық шақ, кімдерден жырақтап кетпедің?! ешкімге қиянаты жоқ, ешкімнің де саған жамандығы, қастығы жоқ, пәк те, періште шақтар алыстап қалдың-ау. Артқа шегініп, қайта жүгіріп, қусам да таппаймын. мен сенен, сен менен алыста кеттің, балауса күндерім. Ия… қайдағы балалық шақты айтамын-ау, одан кейін де жастықтың жалауы желбіреген қайран жылдарым жылжып өтіп кетпеді ме?


Бүгінде қаншама ұйқысыз өткізген түндерім мен мазасыз күндерімнің де ізін де таба алмай қалмадым ба? Мұқағали ақын қалай айтушы еді, «Талай-талай қыр астым, досым екен деп доңызбен де мұңдастым» дейтін ба еді? есіме түсіре алмай отырмын. Қазір ойлап отырсам, мен де шындық пен өтіріктің, достық пен қастықтың, адалдық пен арамдықтың, барлық пен жоқтықтың ара-жігін кейде ажырата алмай, талай рет сан соққан кездерім де болмады ма? Жаныма жақын жандарым деп олармен сыйласып жүріп, жылаған да, қуанған да, қайран күндерім. Кейде асығыстық, кейде албырттық, кейде білместік сезімнің жетегінде кетіп, досымды жабырқатып, жақынымды мұңайтқан, ал дұшпанымды адал көңіл адамгершілік оймен жұбатқан, қайран күндерім. Бұл күнде сәл нәрсеге алданып, арнасынан асып-тасып шаттанған кейде күйіп-пісіп, алып-ұшқан жұдырықтай жүректің уақыт өте қағысы да өзгеріп барады. мына түйткілі көп, түйіні жоқ тіршіліктің көш-керуеніне ілесіп, кейде бір-бірімізді, жақындарымызды жоғалтып, кейбір жат жандармен табысып жатамыз. Кешегі көп достар, бүгін маңайымда неге сиреп кетті? ортамызды толтыратын ағайынның орны неге ойсырап қалды?


Өткен жылы ғана қасымызда болған, жанымызда жүрген жақындарымыздың жарығы неге ерте сөніп, айналамыз сиреп барады? Ия, көкейде сауал да, сұрақ та көп. не шешімі, не жауабы жоқ. Баяғыда үлкендер бір күні өтсе қапаланып жылайды екен, ал біздер ше? Өткен күнге, не айға, не жылға есеп жоқ, әйтеуір тез-тез бір-бірімізге де қарамай жүріп келеміз. Кей кезде ағайын-туыстың, дос-жаранның, құдажекжаттың, көрші-көлемнің қал-жағдайын сұрап, бірбірімізді «Қайдасың, бауырым?» деп, іздей де бермейміз. Өйткені, біздің уақытымыз жоқ, бір-бірімізге мейірім шуағымыз азайып барады.


Ия, осылай! Дәл осындай ойдың жетегімен баяу жүріп келемін. Жанымнан әрлі-берлі өткен басқа халықтың бәрі асығыс-үсігіс. неге десеңіз, ертең жаңажыл, бүгін ескі жылдың соңғы баспалдақтары. осы жылды улап-шулап қарсы алып, қуанғанымыз кеше ғана сияқты еді. міне, бұл шақтар да қас қағым сәтте өте шығыптыау. осы жылдың ішінде бір-бірімізді жоғалтып, болмаса табысқан сәттерімізде, мұңайған да, жылаған да, қуанған да кездеріміз болған шығар. Жаңа ай туғанда үлкендер тілек тілеп, «ескі ай есірке, жаңа ай жарылқа, бала-шағамды, маңайымды аман ет, ел-жұртыма тыныштық, бақ-береке бер» деп тілек тілеуші еді. Біз де өтер жылдың соңғы күндерінде батар күннің атар таңы бар деп, бір-бірімізге жақсы тілектер тілеп, жақындарымызды ұмытпай, асылдарымызды ардақтап, барымызды бағалай білейік. Алыстап қалған күндер, жырақтап кеткен жылдар қайтып оралмайды, ол тек жүректерде сағыныш болып, алыстай береді….

Ләззат Мейрамханқызы Қапышева