Ақ босағаОтбасы

Аналарға арналған тайм-менеджмент: «Бәріне қалай үлгеремін?»

Үйде бала тәрбиесімен айналысып отырған әйелдерге тайм-менеджмент ауадай қажет. Себебі олар күнделікті әртүрлі тапсырмаларды орындап, өзгелерге қарағанда бәріне бірдей үлгеруі тиіс.

Балаға тамақ беру, жуындыру, ұйықтату, ыдыс жуу, үйді жинау, тамақ жасау. Міне, бұл әрбір ананың күн сайын істейтін шаруасы. Оған қоса кез келген нәзікжанды аз да болса өзіне уақыт бөліп, жеткілікті ұйықтауы керек. Сонымен қатар, сіздің көңіл бөлгеніңізді қалап тұратын жұбайыңызды да шетке ысырып қоя алмайсыз. Күнделікті күйбең тірліктің қамымен жүрген анаға қалай бәріне үлгеруге болады? Біз бұл сұрақтың жауабын іздеуді жөн көрдік.

Аналарға арналған тайм-менеджменттің үш негізгі бағыты бар:

  1. Жоспарлау.
  2. Басым дүниені анықтау.
  3. Жақын жаннан көмек сұрау.

Күнді жоспарлау

Бағыттардың ішіндегі ең қиыны – жоспарлау. Себебі баланың қай кезде мазасызданып, ауырып қалатынын болжау мүмкін емес. Тіпті, сәбиіңіз түскі уақытта ұйықтаудан бас тартса да, бұл сіздің жоспарыңыздың күлін көкке ұшырары анық. Сол үшін әрбір іске көбірек уақыт бөлген абзал.

Сондай-ақ, бірнеше істі қатар алып жүруге болатынын ұмытпаған жөн. Мысалы, балаңызды ұйықтатып жатқан кезде кітап оқып алсаңыз да болады. Егер балаңыз тым кішкентай болса, кітапты дауыстап оқыңыз. Психологтардың пікірінше, 6 айға дейіноі баланың ана дауысы арқылы ана тілін тезірек бойына сіңіре бастайды екен.

Басым дүниені анықтау

Аналарға арналған тайм-менеджментті меңгерген әйелдер негізгі үш бағытты анықтап алған маңызды дейді. Олар:

  • Бала
  • Мен
  • Менің айналам

Әлбетте бала – бірінші орында. Дегенмен олардың күтіміне тек уақыт емес, қуатыңыз да кетеді. Ал үнемі шаршап, рухани құлдырап жүрген ана күйзеліске жылдам түседі. Бұл ең әуелі балаға әсер етеді. Сол себепті дер кезінде демалып, өзіңізге, денсаулығыңызға көңіл бөліңіз.

Сондай-ақ көптеген аналар өзін толықтай балаға арнап, жақындары мен күйеуіне де уақыт бөлу керек екенін ұмытып кетіп жатады. Бұл әрине, дұрыс емес. Күніңізді жоспарлау кезінде айналаңыздағыларды да естен шығармаңыз.

Жақын жаннан көмек сұрау

Жақыныңыздан көмек сұрау – ұят емес. Әдетте көптеген аналар бала күтімі тек олардың өздерінің міндеті деп есептейді. Өкінішке қарай, дәл осылай ойлайтын ер азаматтар да жетерлік. Алайда, бала күйеуі мен әйеліне ортақ. Сол себепті, дүниеге сәби келе салғанда оның күтімімен ата-анасы қатар айналысып, міндеттерді бөліп алғаны абзал. Ал демалыс күндері күйеуіңізге баланы бірнеше сағатқа қалдырып, өзіңізге көңіл бөлсеңіз де болады.