Екеудің құпиясыЖан әлемі

Аңдамай жүріп от бастым…

Бұл өмірде тәрбиенің соншалықты маңызды екенін білмеппін…«Қыз өссе, елдің көркі» деп, әрбір отбасының ұйытқысы, берекесі болатын-әйел адам екені белгілі. Ұлттың адаспай, ұлт болып қалуы, қоғамның ырғақты дамуы, мемлекеттің өркендеуі-соңында келіп-әйелге, келешек Ана болар қыздардың қалай тәрбиелетініне байланысты болмақ.

Уақыт өте келе, мектеп бітіріп, бой түзеп өскен шағым да келіп жетті. Әке-шешемнің қолдауымен, армандаған мамандығыма университетке оқуға түсуге мүмкіндік туды.  Асыр салып ойнап, жастық шақтың қызықтарын көруге барлығының асығатыны шындық.  Жаңа құрбылар, достар тауып, өмірге деген құштарлығым арта берді.  Қуанышымда шек болмады, «өмір неткен ғажап еді» деген ойлармен асыр салып уақыт өткізе бердім.

Күндердің бір күні жақын құрбым Айдана, өзінің досы Мираспен таныстырды. Араласып, тіл табысып кеттік. Арада уақыт өте келе ортақ таныстарымыздың туған күн кешінде кездесіп қалдық. Бұрын соңды мұндай кештерде болмағандықтан, қысылып  жүрдім. «Өзіңді еркін ұстауыңа көмектеседі, мынаны ішіп ал» – деп қолыма сусын ұстатты. Көмектесер деп, менде бірден келісе кеттім. Көзімді ашып- жұмғанша еркіндікті сезініп, құрбыларыммен бірге көңіл көтеріп, би билеп уақыттың қалай зымырап өткенін де сезбеппін. Бір кезде, Мирас «Оңаша сөйлесейік» деп, бір бөлмеге қарай қолын сілтеді. Шулы ортада Мирасты дұрыс естімегендіктен, артынан кете бердім… Ішімдіктің әсерінен ары қарай не болғаны есімде жоқ. Тек, бір мезетте ішімнің төменгі жағы қатты ауырып кеткендіктен есімді жидым. Басында ештеңені түсінбедім. Менің көзімнен қорқынышты сезген Мирас «Барлығы жақсы болады, сен тек уайымдама» деді.

Арада 1 ай өтті. Мираспен қарым-қатынасым сол қалыпты болды. Ай сайын келетін етеккірім де уақытынан кешікті… Басында, әрине ойымда ештеңе жоқ, жүре бердім. Құрбыларыммен әңгіме барысында көптеген өмірлік жағдайларды естіп, 1 ай бұрын болған сол түн есіме түсті. Кешке қарай, Айданамен серуендеуге шықтым. Қорқыныштан не істерімді білмей, жалғыз құрбым мені түсінеді деген оймен барлығын жайып салуға бел будым.   Құрбым толығымен мені тыңдап, «жүктілікті анықтайтын тест сатып ал» деген кеңес берді. Болған түн, бала, анамның қателігінің бәрі ойымды жегідей жеді. «Қыз баланың тәрбиесі -халықтың ең қымбат байлығы» деп анам да мені үйретпегеніне ызаланып та коямын. Егер әрбір ата-ана сияқты қызын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіргенде бәлкім менде мұндай қателіктен сақтанар ма едім. Барлығын қоя салып, Мирасқа да айтуға дәтім бармады.  Өзім бала бола тұра, ана атанатыныма көзім жеткен соң, жағдайды ушықтырмай баланы алдыртып тастағым келді. Айдананың кеңесімен гинекоголқа барғанда, маған мерзімімнің 12 аптадан асқанын ескертті. Енді артқа шегінер жол жоқ, қалай да болмасын ата-анам түсінеді, жалғыз перзентімін ғой деген оймен үйге тарттым. Барлығын естіген ата-анам ұяттан кірерге жер таппады. Әрине ұрсып, балағаттағандары белгілі. Әкем тіпті ашудан «Мен ол жексұрынды сотқа беремін» деген сөздерін естігенде, баламның болашақ өмірі көз алдымнан жүгіре өтті. Анам арғы бұрышта еңіреумен болды. Сол сәтте, әкемнің ағасы үйге кіріп келді, жағдайды толығымен естіп, сабырлыққа шақырды. «Ол баланы сотқа бергеннен еш пайда жоқ, оның есесіне сөйлесіп, үйлендірейік» деген ой тастады.

Бүгінде, Құдайға шүкір, бір отбасын үйітіп отырған, бір балалы ана атандым. Сол кезде әкемнің ағасы ой салмағанда, қазір бәлкім былай отырмас па едім? Албырт шақта ойнап жүріп, оттың арасына қалай түсіп кеткенімді де байқамағанмын. Тәрбие жөнінде өз уақытында ұмытатын, тіпті балаларымен де араласуға уақыттары да жок ата-аналар да кездесіп жатады. Осыдан  кейін баланың әке-шешесіне деген махаббатты суып, оларға деген сыйластақтары мүлдем жойылады.Бірақ, болашақта балаларымыздың алдында осы қателікті ешқашан жібермейік.

Құрметті оқырман, осы оқиға уақыт өте келе маған үлкен сабақ болды. Осыған көзім жеткен соң, сіздермен де бөлісіп отырған жайым бар. Сондықтан, өз уақытындағы бала тәрбиесі жайлы ұмытпағандарыңыз абзал. Ғабит Мүсірепов атамыз айтқандай «Ең жаман әйелдің қолынан адам жасау келеді», қазақ қызының таза да тұнық болмысы- тектілігіміздің айнасы екенін ұмытпайық.