СұқбатСыр-сұқбат

Арай Төлемісова: Ғылым мен отбасы – өмірімнің басты байлығы

«Сырласудың» бүгінгі кейіпкері – дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, профессор, “Халықаралық дипломнан кейінгі білім беру” Ғылыми зерттеу институты (НИ МИПО) ректоры, «LifeMedHolding» компаниясының негізін қалаушы, кәсіпкер, ардақты ана – Арай Мағауияқызы Төлемісова. Денсаулық сақтау саласында кәсіпкерлікті қол еткен Арай ханым бүгінде медицинаның дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Ол диагностикалық аппараттар өндіретін шетелдік емханалармен келісім жүргізіп, жалғыз дистрибьютор ретінде бір емес, бірнеше құрал-жабдықты ел нарығына енгізген алғашқы кәсіпкер әйел. Сұхбат барысында Арай Төлемісова өзінің өмірлік жолынан сыр шертіп, жеткен жетістіктері жайында ой бөлісті.

«Батыр әйел» атағына әбден лайық Арай Мағауияқызының өмірі журнал оқырманын бірден баурап алары хақ. «Шүкір» деп әр күніне алғыс білдіретін Арай ханымның бүгінде бір емес, бірнеше кәсіпті тізгіндеп отыруы – намысқа тырысудың арқасы. Осы орайда хакім Абайдың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген өлең жолдары бүгінгі кейіпкеріміздің өмірлік ұранындай көрінеді.

Сұхбатымызды денсаулық саласына келуіңізбен бастасақ. Адам өміріне араша түсер мамандықты таңдағаныңызға не түрткі болды?

А.Т: Жауапкершілігі жоғары салаға қадам басуыма ең алдымен отбасым түрткі болды, себебі әулетімізбен – дәрігерлер династиясымыз. Алматы қаласында дүниеге келсем де, ата-анам қазақи салт бойынша тұңғыш немере ретінде мені ата-әжемнің қолына берген еді. Сол себепті орта мектепті Семей облысы, Үржар ауданында тәмамдадым. Атам мен әжемнің тәлім-тәрбиесін көріп бой жеттім. Мектеп бітіргеннен соң, білім қуып, Қарағанды қаласына аттандым. Осылайша, Қарағанды мемлекеттік медицина институтына «Гигиенист-эпидемиолог дәрігер» мамандығы бойынша оқуға түстім.

Бастапқыда қиналғаным рас. Мектепті қазақ тілінде оқып, бірден жат тілде, орысша оқуды алып кету оңай болған жоқ. Ол қазақ ауылынан, қазақ мектебінен барған әрбір студентке сол жылдары қиынға соқты. Ұстаздарымыз «Он рет оқысаң, түсінесің!» дегенімен, қанша мәрте оқысам да медицинаның ауыр терминдерінің мағынасын түсіну оңай бола қоймады. Дейтұрғанмен намысқа тырысып, күні-түні оқуға беріліп, кітапхана табалдырығын тоздыратынмын.

Ал соңғы курстарда институттағы озат білім алушылардың қатарынан көріне бастадым. Орыс тілінде жетік сөйлеп, сабақты құлшына оқып, оқытушыларымның мақтанышына айналдым.

Бұл саладағы еңбек жолыңыз қалай басталды?

А.Т: Өзім оқыған институтта стажер-ассистент ретінде еңбек жолымды бастадым.

1996 жылы Алматы қаласындағы Өлкелік патология ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасына оқуға түстім. Сол кездері жетекшім болған Лукашев Анатолий Алексеевич деген орыс ұлтының өкілі маған таңырқап қарайтын. Себебі маған дейін олар бірде-бір қазақ аспирантын дайындамаған екен.

Сол кездері проректор Кизатуллин Даут Кизатович «Орныма сені қалдырамын. Мен кетемін, сен қаласың!» деп айтқан сөздері әлі күнге жадымда жаңғырып тұр.

Алматы Мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтында «Жалпы гигиена» кафедрасында да меңгерушілік қызмет атқарып, студенттерге сабақ жүргіздім.

Еңбектің, намыстың, жастық шақтың буымен шаршамай, талмай жұмыс істеуімнің арқасында қаншама тар жол, тайғақ кешуден өттім. Осы институтқа ассистент болып кіріп, проректор болып шықтым.

 

Сіздің бір емес, бірнеше кәсіпті дөңгелетіп отырғандығыңызды білеміз. Кез келген кәсіптің көкжиегін кеңейту – оңай дүние емес. Жалпы кәсіпкерлікке келу қиын болмады ма?

А.Т: Тұрмыс құрғаннан соң, жолдасымның жұмыс бабымен Атырауға қоныс аударып, сол жақта жұмыс істедім. 2005 жылы Алла тілегімді қабыл етіп, дүниеге қызым келді. Жолдасыммен дәм-тұзымыз жараспағаннан кейін өзімді қолға алып, қызым үшін басымды тауға да, тасқа да соқтым. Үйде баламен отырсам да шәкірт дайындап, қызмет істедім. Кейінірек кәсіпкерлікке бет бұруды жөн көрдім.

Алғашында жиеніммен бутик алып, бірігіп тауар тасып, қосымша жұмыс істей бастадым. Саудадан келген ақша барлық керек-жарағымызға артығымен жетіп отырса да, өз басым білім мен ғылым саласына құмартып тұрдым. Жағдайымды жасап алған соң, сауданы тастап, 5 ғылыми кітап жаздым.

Әуелде маған «Орныма сен қаласың! Сен ғана осы орынға лайықсың!» деген проректордың сөзі орындалып, сол институтқа проректор болып тағайындалдым.

ХХІ ғасырда қалталылар ғана құрметке лайық. Ал проректорлықтың ақшасы күнкөрісімізге де жетпейтін. Сол себепті тағы да ізденуге, жалақысы жақсы жұмыс табуға тура келді. Түрлі ойдың жетегінде жүргенімде таныс құрбыларым Ғалия Қасымқызы, Раиса Кәрімқызы бір кәсіп ұсынды. Осылайша, Сақтандыру кәсібіне аяқ бастым. Түрлі семинарларға қатысып, алыс жақын шетелдерге шыға бастадым. Мұның барлығы жаңа өмірге деген қадамдар еді.

Жеңгем қолыма ұстатқан 100 доллармен Еуропаға бардым. Сол кезде қалтамда әмиян да болмайтын, «ақшаң болмаса, әмиянның керегі не?» деп ойлайтынмын. Қасымдағы керемет кәсіпкерлерге қарап, бой түзегім келді.

Сол уақытта бір адам «Өміріңді өзгерткін келсе, алдымен, түпсанаңды өзгерт!» деген еді. Осы сөзді өмірлік ұран еттім. Бұрын кітапханаға тек медициналық бағыттағы оқулықтарды оқу үшін барсам, енді түпсанамды өзгертуге арналған кітаптарға ауыстым. Джон Кехоның «Подсознание может все!» атты кітабы өмірімді өзгертуге септігін тигізді. Осылайша, біртіндеп өзгере бастадым. Өзіме «Арай, сен өмірдің бір кезеңін аяқтадың, енді басқа кезеңге аяқ бас!» деген мақсат қойып, өз-өзімді жігерлендірдім.

Оқуға барып келгеннен кейін жұмыстан шығуға өтініш жаздым. Себебі, кәсіпке еліктей бастадым. Жұмыстан шыққан кезде «Мен не істедім?» деп жылағаным да бар. Десек те, намысқа тырысып, өмірімді өзгерте білдім. Бір күннің ішінде тәуекелге барып, өмірімнің жаңа парағын аштым.

Қызметтен кеткенде жұмыссыз, көліксіз қалдым, мойнымда жаңа үйім үшін алған қомақты несие тұрды. Десек те, осы айтылғандар алға жылжуға күш берді.

Бос уақытымның көптігі қызыма жақсы болды. Бауыр еті балама көп көңіл бөле бастадым. Қызымды түрлі үйірмелерге қатыстырдым, оның тұла бойы тұнып тұрған талант. Ол әнді де тамаша айтады, биді де мың бұрала билейді. 2014 жылы Италиядағы ән байқауына қатысып, бас бәйгені қанжығалап қайтты. Қазір Ыстамбұл қаласында білім алып жатыр.

Кәсіпкерлікке келу үшін көп семинарларға қатыстым. Өзіме деген сенімділік пайда болды, ақша да жақсы түсе бастады. Доктор, профессор болып жүргенімде алатын айлығым шайлығыма да жетпейтін. Бар тапқаным 150-200 мың тг көлемін ғана құрайтын, жасаған жұмысыма ешкім алғыс айтпайтын, ал Сақтандыру кәсібінде көп жұмыс істемесем де жақсы табыс таптым. Түрлі марапаттарға ие болдым, алғысқа кенелдім.  Міне, осылар маған шабыт берді. Осы кәсіптің арқасында әлемді біраз аралағаным да рас. Шет ел көрудің өзі бір ғанибет еді.

Біраз уақыт өткеннен кейін тағы да медицина институтына жұмысқа шақыра бастады, ұсыныстарды қабыл алып, студенттерге дәріс оқып жүрдім. Сонымен қатар бірден 5 компанияға кеңесші болып орналастым.

«Егер өзіңді жоғары бағаласаң, сол бағада тұр! Сен емес, басқалар саған тәуелді болсын!» деген қағиданы ұстандым. Қызметімді 1000 доллар деп бағалап, бес компаниядан айына 5000 доллар табыс табатынмын. Бұл жұмысты үйде отырып-ақ жасап жүрдім.

 

Шетелдік диагностикалық жабдықтарды елімізге әкелген жалғыз кәсіпкер әйелсіз. Қазіргі таңда қандай зерттеу жұмыстарымен айналысып жүрсіз?

А.Т: Көп жылғы тәжірибеме сүйене отырып, 2014 жылы Халықаралық дипломнан кейінгі білім беру институтын аштым. Қол астымдағы дәрігер мамандарды тәжірибе алмасу мақсатында шетелдерге шығара бастадым. 13 елді аралап, әлемдік клиникалармен меморандумға қол қойдық.

Алғашқыда шетелге тек дәрігерлерді апарсақ, уақыт өте келе мамандармен қоса науқастарды да бірге ала баратын болдық. Себебі елімізде ауыр дертке шалдыққан адамдарға диагноз дұрыс қойылмайтын болды. Оның себебі ауруханалардағы лабораториялық диагностиканың дұрыс болмауында еді. Осылайша, шетелдік құрал-жабдықтарды бақылап жүріп, молекулярлы-генетикалық жабық типті автомат қондырғысын көрдім. Кореяның барлық емханаларында сол аппарат тұрды. Өзім ғылым адамы болғандықтан, елімізге осы құрал-жабдықты алып келіп, зерттеу жүргіздім. Пандемия кезінде Кореядан әкелген құрылғымыз Covid-19-дың талдауын жасады. Зерттеу жұмысымен көп айналысқандықтан, өзім де зерттеуге аса қызығушылық таныттым.

Еліміздегі науқастардың ДНҚ-ларын алып, шетелде ғылыми жоба жасадық. Үш жыл жасаған жұмысым жемісін беріп, елімізде алғаш рет туберкулезді ерте анықтау және оның антибиотиктерге әсерін тауып, емдейтін өнім жасалып, іске асырылды. Сөйтіп, 2014 жылы фармацевтикалық «LifeMed Holding» атты компаниям өмірге келді.

2019 жылы Халықаралық дипломнан кейінгі білім беру институты жанынан МИПО клиникасын ашып, халыққа қызмет көрсетуді жалғастырдым. Бұл жерде келген науқастарды емдейтін дәрігерлеріміз, молекулярлы-генетикалық зерттеу жүргізетін лабораториямыз бар. Науқастарды толықтай тексерістен өткіземіз. Институт дәрігерлердің білімін жетілдірумен ғана емес, ғылыми жұмыстармен де көптеп айналысады. Жалпы командамдағы мамандардың барлығы құдды бір отбасы сияқты. Жылда сол 20 адам бірге шетелге барып демаламыз. Қазіргі таңда Дубай, Мысыр, Оңтүстік Корея және Түркияда демалып келдік.

Көргені мен түйгені мол жан ретінде «Сырласу» оқырмандарына тілер тілегіңіз…

А.Т: Жалпы әлемді дендеген дерттің салдарынан жақын жандарымыз, көп таныстарымыз өмірден озды. Сол кезде коронавируспен ауырған анамның қазасы қабырғамды қайыстырған еді. Марқұм атам мен анамның құрметіне өткен жылы «Кенжеғазы ата» мешіті 700 орындық, екі қабаттан тұратын Райымбек даңғылындағы үлкен тас жолының бойында салып, мемлекет қарамағына бердім.

Адамдарға тәубе, шүкіршілік керек. Барлығына айтарым: «Баладан асқан байлық жоқ. Баласы көп адам ғана бақытты әрі бай». Ағайын-туыс бауырлармен, жақын дос-жарандармен бірлікте, ымырада болыңыздар. Жүректеріңізде иман болсын, балаларымызға сана берсін дегім келеді. Сонда ғана тура жолдан таймайсыздар демекпін.