СұқбатСыр-сұқбат

Арна Доспулаева: дәстүрмейкер. «Салтым – садағам, дәстүрім – дәрежем»

Қазақ – дәстүрден аттамаған халық. Әр дәстүрдің астарында тағылымы мол дүние жатқаны анық. Ал сол дәстүрді, ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртып жүрген жандарды көргенде көңіліміздің марқайып қалатыны рас. «Сырласудың» бүгінгі кейіпкері сан ғасырлар бойы сыннан өткен, ел өміріне өнеге болып, қажетіне жараған ұлттық құндылығымыз бен ұлтымыздың ұлылығын айшықтап, оның болмысын айғақтайтын салт-дәстүрлерімізді дәріптеп жүрген «дәстүрмейкер» Арнагүл Доспулаева.

Арнагүл Доспулаева – дәстүрмейкер, мотиватор, 20 жылдық тәжірибесі бар режиссер, артпрактик әрі кәсіпкер әйел. Аяулы жар әрі ардақты ана Арна ханым «Үздік дәстүрмэйкер–2022» атағының иегері, «TOY ARNA», «ASYQ», «Этнография 07» жобаларының авторы.

С: Әңгімеміздің әлқиссасын режиссерлік қызметіңізден бастасақ. Төл туындыларыңыз, қалың көпшілікке жол тартқан жобаларыңыз жайлы кеңірек тарқатсаңыз.

А.Д: Режиссерлік әлемім «режиссер боламын» деген бала күнгі арманымнан бастау алды. Режиссерлік бағытым – бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру. Яғни, көлемді мерекелік іс-шаралардың картинасын шығарамын. Сан түрлі жанрларды қоса отырып, содан бір суретші сияқты әдемі мәдени жоба жасап, оның суретін халық алдына ұсынғанды жақсы көремін. Бүгінде режиссерлік салада қызмет атқарғаныма 20 жылдың жүзі болды. Жалпы режиссер болу үшін білімнен бөлек, адам шыр етіп дүниеге келгенде режиссерлік қабілет, дарын бойына біту керек деп ойлаймын. Себебі өз басым балалық шағымнан бастап әр нәрсеге режиссерлік көзқараспен қараймын. Өмірімді де режиссерлік көзқараспен сүремін. Демек, режиссер болу үшін психологияны, философияны және тағы да бірнеше маңызды әрі қажетті мамандықтарды меңгере отырып, бәрін бір арнада тоғыстыра білу керек.

Қазіргі таңда мерекелік салтанатты концерттерден бастап ұлттық құндылыққа негізделген сан алуан мерекелік жобаларға дейін көпшілікке ұсынып келемін.

Жобаларыма тоқталатын болсам, олардың басым бөлігі ұлттық құндылықты насихаттауға бағытталған. Қазақи бағыттағы жобаларды құп көремін. Бүгінгі күні өзімді ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын, дәріптейтін «Салтым – садағам, дәстүрім – дәрежем» деп ұрандатып жүрген режиссерлердің бірімін деп есептеймін. Осы орайда «Ұрпақтар сабақтастығы» деген кең көлемді жобаны ойлап тауып, сол жоба барысында 10 жылдан бері жұмыс жасаудамын. Жобаға қазақтың батагөй аталары, ақжаулықты әжелері, ибалы келіндері, қаракөз бойжеткендері, сері жігіттері кіреді.

«Ұрпақтар сабақтастығы» жобасын халыққа ұсынуымдағы басты себептердің бірі – ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды, сонау ата-бабаларымыздан қалған ұстанымдарды, олардың тұрмыс-тіршілігін ХХІ ғасырда өмір сүріп жатқан бауырластарыма жеткізу, Жаңа Қазақстандағы жаңа ұрпаққа дәріптеу. Бұл – ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын өміршең жоба. Былтырдан бастап жоба республика көлемінде аса танымалдылыққа ие болды.

Жақында ұлттық құндылыққа негізделген «TOY ARNA» атты мерекелік агенттігімнің тұсаукесері өткен еді. Бұл агенттіктің мақсаты – салтымызды сатысымен сақтап, дәстүрімізді дұрыс бағытта дәріптеу. Өзімнің дәстүрге деген махаббатымнан туындаған сүйікті ісімді агенттіктің директоры, авторы әрі негізін қалаушысы ретінде кәсібіме айналдырып отырмын.

С: «Үздік дәстүрмейкер–2022» атағының иегері ретінде бүгінгі қазақ жастарының салт-дәстүрге деген көзқарасына, олардың заманауи ұстанымдарына қатысты қандай ой-пікірдесіз?

А.Д: Жалпы дәстүрмэйкер дегеніміз – дәстүрді дәріптеуші, салтты сүюші, әдет-ғұрыптарымызды халыққа ұсынушы. Дәстүрді сөз еткенді, дәстүрді жасағанды, дәстүрді қолданғанды жақсы көргендіктен, заман ағымына сай өзімді көпшілікке дәстүрмейкер деп таныстырып жүрмін. Қазірде Қазақстанда «дәстүрмэйкер» деген атақты бірінші болып өзім халықтың алдына ұсынып отырған жайым бар.

Заман талабына сай адамдар өздерін бренд етіп қалыптастыру керек. Демек, айналысып жүрген сүйікті істерін әдемі әрі сапалы етіп жасап, халыққа ұсынулары қажет, көптің қызығушылығын туындату керек. Бастысы, қолға алған ісіңнің қоғамға пайдасы болғаны абзал.

20 жылдың көлемінде ұлттық құндылық пен мәдениетімізді, патриоттық сезімді отбасылық тұрғыда сақтай отырып, «қоғамға игі болсын» деген үндеу бағытында ұлттық киімдеріміздің, ұлттық ою-өрнектеріміздің элементтерін күнделікті өмір салтыма пайдаланып, әрбір ғұрыпты, көнеден қалған салттарымызды жаңғыртып, оны қоғамға ұсынған дәстүрді дәріптеуші болып келе жатырмын.

Инстаграмдағы @arnadospulayeva парақшамда дәстүрге байланысты жобаларым жайында блок жүргіземін. Яғни блогерлік бағытым да жоқ емес, әлеуметтік желіде дәстүр туралы, салт туралы, күнделікті қолданып жүретін, тұтынып жүретін отандық өнімдер, киімдер жайында халыққа пайдалы ақпараттар ұсынамын. Биыл блогерлер арасында БҚО, Орал қаласында өткен премияда дәстүрді дәріптейтін «Үздік дәстүрмейкер–2022» аталымына да ие болдым.

Сұрағыңызға оралсам, қазіргі жастарымыздың салт-дәстүрге деген көзқарасы керемет деп дөп басып айта аламын. Көз қуантарлығы, олардың қазақша тақия киіп, етік киіп шығатыны. Себебі, тәрбиенің бәрі ұлттық киімге, күнделікті қолданатын дәстүрге деген махаббаттан басталады ғой. Әлбетте, көңілге қонымсыз дүние жасап жүрген жастар да кездесетінін жоққа шығара алмаймыз.

С: Арна ханым, көпшілік сізді «Идея генераторы» деп те атап жүр екен, ал осы идеяны, жалпы шабытты қайдан аласыз?

А.Д: Иә, дұрыс айтасыз. Өз басым жаңа дүние ойлап тапқанды ұнатамын, жобаларды жүйелегенді жақсы көремін. Адамның ой-қиялы жүйрік қой, соны дер кезінде басқара білсек, идея өзі-ақ келеді.

Кәсіп бастамас бұрын істің қыр-сыры туралы еліміздегі кәсіпкерлер академиясы мен бизнес тренерлерден білім алдым. Көпшілік «кәсіп бастауға ақша керек» деп ойлайды. Алайда мен қаражатқа емес, ең бірінші кезекте идеяға көп көңіл бөлдім. Идея болса, ақша өздігінен пайда болады. Ұсынатын дүниеңіз өтімді әрі ұтымды болса, ақша екінші мәселеге ауысады.

Идея маған әдемі дүниелерден, табиғатпен үндескеннен, шабытым шарықтаған кезде келеді. Ал шабыт қазақтың термелерін, жырауларын оқығаннан, қазақтың ұл-қыздарының әлем ареналары мен әлем сахналарында көк туымызды көкке көтерген кезде туады. Сол уақытта жанарыма жас тұнып, тұла бойым толқып, шабытым арта бастайды.

Оған қоса идея ақпаратты көп алғаннан да келеді. Өз басым ақпаратпен алмасқанды ұнатамын.

С: Отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз. Бала тәрбиесінде не нәрсеге баса мән бересіз?

А.Д: Жалпы күнделікті өмірде дана халқымыздың мақал-мәтелдері мен қанатты сөздерін тұтынып, күніне жоқ дегенде бір қанатты сөзді, бір мақал-мәтелді өзімнің өмірлік қоржыныма салып, айтып жүргенді құп көремін.

Өз басым «Отан отбасынан басталады» деген мақалмен толық келісемін. Отбасыма деген махаббатым шексіз. Жанұямда төртеуміз: Құдай қосқан қосағым, ізгі арманым ұлым және қызғалдағым қызым бар.

Біздің отбасылық стратегиямыз да жоқ емес. Жанұялық құндылықтарға, отбасылық көзқарасқа байланысты өте маңызды жоспар құрамыз. Сол жоспарды бірге іске асырамыз, бірлесе жасаймыз.

Халқымызда «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген керемет мақал бар, бұл сөздер баладан бұрын өзіңді тәрбиеле деген ойды алға тартады. Сол себепті жолдасым екеуміз үнемі өзімізді тәрбиелеп, алдымен өз тәрбиемізге көп мән беріп, балаларымыздың алдында авторитетті әке-ана рөлінде болуға тырысамыз. Әке мен ананың рөлі сапалы, салиқалы, жүйелі әрі бақытты болатын болса, бала да бақытты болады деген ойдамын. Балаларымызбен ересек адамдарша ақылдасып, оларға жеке тұлға ретінде қарап, мақтайтын жерінде мақтап, айтатын жерінде айтып, шын әрі әділ ата-ана атануға тырысып жүрміз. Баланы шаңырақтан жасық қылуға, балаға әлімжеттік көрсетуге әсте болмайды. Менің ойымша, тәрбиеде де тепе-теңдік болғаны маңызды.

С: Өмірлік ұстанымыңыз қандай?

А.Д: Өмірлік ұстанымым – сапалы әрі саналы өмір сүруге ұмтыл. Адами қасиет пен қарапайымдылықты басым ұстап, жоғары көтерілсек те, төмен түссек те сабыр мен ниетті үнемі санамыздан шығармай, ешкімнің ала жібін аттамай, тура жолмен өмір сүру.

Өмірде де бағдаршам болады, яғни өмірлік бағдаршамымда қай түс жанса да, сол түстің тәртібін орындауға тырысамын. Жалпы өз басым өмірімді позитивті арнаға бұрып, рухани бай болып, білім алып, ілім алып, бақытты отбасы, бақытты адам болуға ұмтылуға бағыттаймын.

С: Кәсіп пен отбасылық өмірді қатар алып жүру қиындық тудырмай ма?

А.Д: Жұмыс пен отбасылық өмірді қатар алу – әйел затына оңай болмақ емес. Оны мойындайтындар да, мойындамайтындар да бар. Жалпы өмірде қабылдауды үйренуіміз керек. Кейде жұмыс пен жанұяның арасында қарбалас туындайды, отбасылық кикілжіңдер орын алады, сол уақытта қиындықты ушықтырмай, сабырлы бола білу керек.

Қиындық туған жағдайда сәл тоқтап, ойланып, сараптап, қай жерден қателік кеткенін саралап отыру қажет. Жалпы өзімді кәсіп пен отбасын сәтті әрі сән-салтанатымен қатар алып жүрген әйелдер қатарынанмын деп санаймын.

С: Алға қойған жоспарларыңызбен бөліссеңіз.

А.Д: Әр адамда арман, мақсат, жоспар және ниет болу керек. Сол жоспарға қарай әрекет қажет. Жоспарым өте көп. Өз басым стратег адаммын. Өмірімді де, жобаларымды да, өнер бағытымды да стратегиялық тұрғыда жүргіземін.

Қазіргі таңда рухани даму бағытындағы тренингтерге, үлкен семинарларға, білікті спикерлердің білімдерімен тәжірибе алмасуға байланысты жоспар құрып жатырмын.

Менің «ASYQ» деген жобам бар, сол жобаны қолға алып, бүгінгі таңда ақпараттық бизнесімді жалғастырып, инфобизнесті дамыту да ойымда бар.

С: Сұхбатыңызға көп рахмет!