Бала тәрбиесіОтбасы

 Ару болған анамнан ар қорғауды үйренгем

Соңғы жылдары ғалымдар  қытай жазбаларынан қазақ аңыз жырларында  айтылатын «ару» деген ұғымның  ежелгі  жазбалардан тапқанын дәлелдеді. Бұл  «ару» атауы ХҮ-ғасырда қызға құрмет пен сыйластықтың белгісі ретінде айтылған. Бұл сөзді бүгін де қолданамыз. Біз тек қыз деген атауға синонимді түрде қарастырамыз. Себебі тілші ғалымдардың пікірі бір арнаға тоқайласады.Мемлекеттiк тiлдi дамыту институтының сайытынандағы түсіндірме сөздікте: асқан сұлу, керiм, кербез (әйел, қыз).  Қолаң шашты, қой көздi, Әйелде Ару сен едiң (Батырлар жыры). Екінші ауыспалы мағынасы: Көрiктi, сәндi, әдемi (ай, күн). Айдан Ару нәрсе жоқ, Түнде бар да, күндiз жоқ. (Yш ғасыр.)

… XX1 ғасыдағы қазақ аруы кімдер, оларды қалай тәрбиелеп отырмыз? Халқымыз «Қыз бала – ел жұртының сәні» деп ұлықтап, оларды халықтың салт- дәстүрлері мен әдет ғұрыптары негізінде қазақ қызын – болашақ ұлт анасы деп ардақтаған.Әр халықтың қызын тәрбиелеуде айрықша қастерлейтін тұстары бар.Қазіргі заманда қыз баланың тәрбиесі аса күрделі жауапты іске айналып отыр. Заман ағымы өткен ғасырмен салыстырғанда дүние мүлдем өзгерді.Қазір қыздардың табысы, іскерлігі,алғырлығы, сұлулығы, білгірлігі мен білім деңгейі жоғары бағаланады.Бұл күндері қыз- келіншектердің бостандығы ең басты құндылығы саналады.Талантты, парасаты біліммен абыройға жеткен іскер, инабатты, уақыт түлкі бұлаңының шиырынан ақыл  айласын асырған яғни, жиырма бірінші ғасырдың бойжеткендерінің  биік интеллектуалды  «қазақ  аруы осы» дейтін ажар мен білімді қыздар да аз емес. Ал біздер ата- аналар   қыздарымыздың қатарынан кем болмай оқуда, қызмете алда қоғамда көшбасшы болғанын  тілейміз.Оң жақтағы  аяулымыздың жұмсақ мінезді қайрымды, ибалы,сыпайы  болғаннан гөрі заманының қасқыр болса,  түлкі болғанын қалайтын да секілдіміз. Себебі заман қатал деп өзімізді жұбатамыз. Қоғамда «күшті, қасқыр әйелдердің имиджін» жарнамалау әдетке айналды. Қазір   телеарналарда кәсіпкер, бизнесмен, қымбат көлік мінген, дәулетті, әнші, әртіс, тележүргізуші, депутат, басшы, іскер әйелдердің бейнесі қалыптасқан. Отандық телекөпіршіктерде осы қыздар көрініп жүр. Олар әдемі киінеді, шет елде дем алады, тапқан табысы  мол ер азаматтардың табысынан  жоғары, яғни өзін-өзі асырауға қабілетті осындай тәуелсіз қыздар  көбейіп барады. Оларға қарай отырып, жас бойжеткендерде еліктейді. Мен де солардай болсам деп  ұқсап бағады. Осындай еліктегіш жастар тобы да өсіп жетілді.Бұл қыздарымыздың болашағына ұлттың рухына қауіп тудырады. Неліктен?


 Біріншіден: Кейбір қыздар көпшілік көзіне бірден шалынып, өзіне жұрттың назарын аударту үшін  қара басынан ештеңе аямайды. Бұл топтағылар Софи Лорен кітабын жаттап, Анжелина Джоли, Ксения Собчак болып киініп, олардың өмірін қиялдайды.Сол еліктеу сезімімен олар бар күш-жігерін, әдемі тұрмыс, қымбат киім- кеншектің, ал ойын мансап, баю  жолына жұмсайды. Кейбірі тұрмыс құрмай-ақ екеуі екі жақта тұруға, заңсыз тоқал болуға келіседі.Тіпті, бала көтермей-ақ қаражаты болса, бір әйелді жалдап қалауынша тапсырыспен бала тауып алады.

Екіншіден: Қыз- келіншектер қызметте өсуі, қоғамдағы орнын  ер-азаматтардың көмегінсіз жетістіктерге жете алады.Уақыт өте береді. Мансап пен қаражатқа қолы жеткенде отыздан асып, өзіне тең келетін жігітті іздей бастайды. Бұл құбылыс қоғамда қыздарымыздың оң жақта отырып қалуына «жағдай» жасап отыр, әрі бұл мәселе күн өткен сайын өзекті жағдаятқа  айналып, ушығып, асқынып барады.

Үшіншіден: Елімізде қыздар саны жігіттерден көп артық сондықтанда  бойжеткендер мезгілімен отау құрмауы болашақ қазақ елінің санының өсуіне кері әсерін тигізеді. Әрине, мұнда басқа да әлеуметтік факторлар бар. Ұятты, қайырымды қыздар тобы ата-анасы мен бауырларына көметесу мақсатында артына қарайлап уақыт өткізіп алатындары да, нарықтың қыспағынан қиналған үйсіз, жұмыссыздары тағы да бар. Еліміздегі қымбатшылық талай –қыз- жігіттің жолын кесіп отырғаны да жалған емес. Нарықтың жастарға әкелген тауқыметі орасан.

Төртіншіден:Батыстағы дамыған елдердің бас ауруына айналған жалғыздар трагедиясы таяу онжылдықта  біздің елде де етек алып, перзентсіз егде әйелдер қатары  күрт өседі деген қауіп тағы бар.

Бесіншіден: Жастар арасында қайрымсыз, әдепсіз, адамгершілік пен ұяттан  ада қыз –келіндер көбейді. Осы топтағылар санатына баласын сатқан, ата-анасын қарттар үйіне өткізген жас әйелдерді жатқызып тексіз деп атасақ сөзіміз ауыр болмас. Тексіздік – әдеп пен  адамдық  санатынан шығып, нәпсі мен пенделіктің құлдарына лайық атау.Бұл қасіретті көрініс қазақ елінде ақиқатқа айналды.

Алтыншыдан: тегімізден бездік,  өзгенің қаңсығы бізге таңсық болды,батыстық тәрбиені үстем көріп, қазақ қызына тән басқа ұлттарда кездеспейтін  төзімді, шыдамды, көмбіс, кешірімшіл отбасының  рудың ағайынның бірлік тұтастығын сақтайтын дала қыздарына ғана тән даралықтан айрылып барамыз.Қазақтар өзгелерге еліктеймін деп ұлттық тұтастықты қыз тәрбиесіндегі салт-дәстүрлерден уысынан шығарып алды. Әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерден айрылған халық, ертең тілінен,ертең дінінен айрылады.. «Қыз бала – ұлттың ҰЯТЫ», «Ұлдың ұяты – әкеге, қыздың ұяты – шешеге» деген ұлағатты сөздерді бабалар бекер айтпады. Ғасырлар бойы заман өзгергенімен, адамның негізгі сипаттары өзгерген жоқ. Әлде бәріне өркениет пен  уақыт кінәлі ме? Ата-ананың қалауы қыз үйкүшік, жігерсіз отағасының аяғына тапталып жатады деген де сөз емес. Нағыз қазақ қызын қалай тәрбиелей аламыз, қай жерден мүлт кеттік?

 

Ұлдай Ділімбетқызы