ДенсаулықДиета және фитнес

Арықтауға арналған дәрі-дәрмектер. Белсенді қоспалар артық салмақтан арылта ма?

  Қазіргі таңда артық салмақтан арылу үшін арықтататын дәрілер қабылдау – жеткіліксіз. Мұндай жағдайда тамақтану үрдісі мен өмір салтын түбегейлі өзгерткен жөн. Дәрігерлер дұрыс салмақ тастау үшін темір, магний, балық майын қабылдауға кеңес береді. Мұндай қоспалар расымен салмақ тастауға көмектесе ме?

Біз күнделікті күйбең тірліктің жетегінде жүріп, не жеп, не ішіп жүргенімізге көңіл аудармаймыз. Нәтижесінде түрлі жасанды, ұнтақталған және жартылай дайын өнімдерді, жылыжайда өсірілген жеміс-жидектерді тұтынамыз. Мұндай өнімдерді қабылдау арқылы біз ағзамызға керекті заттарды бере алмаймыз. Сондай-ақ, біз қолданып жүрген өнімдерде микронутриенттердің мөлшері тым аз. Қазіргі таңда адам ағзасында минерал, макронутриент пен дәрумендердің жетіспеушілігі байқалады. Ертеде адамдар таза ауамен тыныстап, күніне 15-20 км қашықтықта жаяу жүріп, табиғи өнімдерді тұтынған кезде, әйел адам – 4 мың, ал еркек – 6 мың калорияны қорыта алған. Біздің заманымызда осындай мөлшерде тамақтану – семіздікке алып келетіні сөзсіз.

Салмақ тастау кезінде белсенді қоспаларды не үшін қолданамыз?

   Арнайы қоспалар салмақтан арылу кезеңін әсерлі әрі ыңғайлы ете түседі. Ал, олардың пайдасы қандай?

  • Майды тездетіп жою. Біз «арықтаймын» деп шешкен кезде ағзамыз түрлі пайдалы заттарға мұқтаж болуы мүмкін. Дәрумендер мен минералдар зат алмасуға, ағзадағы майды ыдыратуға ат салысады. Сондықтан, олардың мөлшері жеткіліксіз болса, май өте баяу ыдырайтын болады.
  • Тәбетті төмендету. Ағзамызға макро және микроэлементтер жеткіліксіз болған кезде, оларды тамақтан іздей бастаймыз. Салдарынан адам өзін әркез аш сезініп, ыдысқа салынған барлық тамақты жегісі келе береді. Дәрумендер мен макроэлементтердің жетіспеуінен тойып жеу, артық тамақтану, аштық сезімі пайда болады.
  • Токсиндерді шығару. Майды ыдырату барысында қанның құрамына түрлі токсиндер енеді. Дәрумендер оларды бейтараптандыруға қатысады. Салмақты азайту кезінде ағзаға түрлі зиянды заттар енуі мүмкін. Сондықтан дәрумендердің көп болғаны дұрыс.
  • Қосалқы аурумен қатар жүру. Адам артық салмақпен қатар қант диабетімен ауруы мүмкін. Осы орайда қанның құрамындағы қанттың мөлшерін төмендетуге арналған дәрумендер жиынтығын қабылдау керек.

Бізге биологиялық белсенді қоспалар қажет пе?

Негізінде, салмақтан арылу кезінде адам күнделікті калориясы аз тағамдарды тұтынады. Сондықтан, ағза дәрумен, микроэлемент, аминоқышқылдарды қажет етеді.

Жер шарындағы адамдардың 90%-да – Д дәрумені, 50%-да – С, ал 60%-да – В тобындағы түрлі дәрумендер жеткіліксіз екені анықталды. Ағзамызға нақты қандай дәрумен жетпейтінін білу үшін зәр мен қанды медициналық сараптамаға жібереміз.

Өкініштісі, дәрумендер көп жағдайда елеусіз қалып жатады. Мәселен, тістің қызыл иегі қанаса, тіс пастасын ауыстыруды ойлаймыз. Бірақ, иегімізге С дәрумені жетіспейді деп мүлде уайымдамаймыз.

НАЗАР АУДАРАМЫЗ!

Егер сіз жайсыз күйге түссеңіз, белгілі бір мөлшерде нутриент қабылдағаныңыз жөн. Оны тек дәрігердің кеңесімен ғана тұтыну керек.

Салмақ тастау кезінде қандай белсенді қоспалар тағайындалады?

Әдетте артық салмақтан арылу кезінде дәрігер арнайы дәрумендердің жиынтығын қабылдауға кеңес береді. Олардың құрамына қандай заттар кіреді?

  • Темір. Оның жетіспеушілігінен қан оттекті тасымалдамай, нәтижесінде зат алмасу кезеңі баяулайды. Темір қызыл ет пен субөнімдерде көп мөлшерде кездеседі.
  • Магний. Магний бұлшықет талшықтарының қалыптасуында маңызды рөл атқарады. Бұлшықеттің салмағы артқан сайын майды көп мөлшерде ыдырата бастайды. Магний жүйке жүйесіне жіті әсер етеді. Оның жетіспеушілігінен біз өзімізді мазасыз, қысымға алынғандай, жайсыз сезінеміз. Нәтижесінде қолайсыздықтан тек тамақ арқылы арыламын деп, тоңазықыштың есігін қайта ашамыз.
  • Хром. Ол ағзадағы көмірсудың алмасуына әсер етіп, қандағы гюкозаны тұрақтандырады. Соның салдарынан адам тәттіге құмартпай, тамаққа деген тәбеті төмендейді.
  • Д дәрумені. Ағзаға Д дәрумені жетіспеген сәтте адам күйзелісте жүруі мүмкін. Ол түрлі ойлардың жетегіне еріп, жан күйзелісін тамақ арқылы басқысы келеді. Д дәрумені дофамин гормонының синтезделуіне қатысады. Ал дофамин деген – қуаныш пен ләззатты тудыратын маңызды гормон.
  • Омега-3 – майлы қышқылдары. Бұл зат ағзаға жеткілікті мөлшерде барып тұрса, адамның майлы тамаққа деген тәбеті бірден жойылады. Омега-3 майды ыдыратады.
  • Аминоқышқылдар. Бұл мөлшерден тыс артық тамақтануды ұнататын адамдар үшін өте пайдалы. Мидың бір бөлігі тамақтануға жауап береді. Ол адамның тағамға деген құштарлығын оятып, тәбетін қандырмайды. Нәтижесінде семіздік пайда болады. Аминоқышқылдар мидың осы бөлігіне әсер етіп, оны бейтараптандырады. Белсенді қоспалардың құрамына L-триптофан, гамма-аминомайлы қышқылдар кіреді.
  • Про және пребиотиктер. Микрофлораның сапалық және сандық құрылымы артық салмақпен тікелей байланысты екені дәлелденген. Ол мөлшерінен тыс артып кеткен жағдайда, арнайы дәрі-дәрмек қабылдап, емдік шараларды қолға алу керек. Тек осыдан кейін ғана дәрігер пробиотик пен пребиотиктер қосылған белсенді қоспаланы қабылдауға кеңес береді. Микрофлора қалыпқа түскенде адамның салмағы лезде азая бастайды.