СұқбатСырласу қонағы

Әсел Ергешқызы: « Жыныстың сауаттың жоғынан зардап шегеміз»

Ол әсем дауысымен халық жүрегін жаулаған, қазір қазақ қоғамының жаралы тұсын емдеп жүр. Бұрын әсерлі махаббат туралы өлең оқыса, қазір махаббат мәселелерін маманмен талдап береді. «Жолдасымның балаларға жасалған стратегиялық жоспары бар. Соған кедергі жасағым келмейді. Тәрбиенің ең ұтымдысы — айту емес, көрсету».

Әсел, сізді көпшілік радиожурналист ретінде жақсы таниды. Бірақ қазір бизнеске білек сыбана кірісіп кеткен сияқтысыз: өнер мектебі, той бизнес, желілік бизнесте де болдыңыз, ателье аштыңыз… Осы орайда бизнес сізді неге үйретті және қазір қандай жұмыстарыңызды дамытып жатырсыз?

Ең қызығы, мен өзімді бизнес-ханым санамаймын. Журналистика — менің жаным қалайтын сала. Мен эфир, блог, концерт жүргізуден, сценарий жазудан, репортаж жасаудан ләззат алатын адаммын және өзімді осы салада дамыту — қазіргі басты мақсатым. Ал, «Болашақ өнер мектебі» — өзімнің сүйікті ісімді менен кейінгі іні-сіңлілеріме үйрету. Желілік бизнестің өз адамы болатынын түсіндім: бұл жерде жетістікке жету үшін өте көп уақыт бөлу керек. Жолдасым үнемі: «Сен шығармашылық адамысың, өз салаңда қандай да бір істі ашқың келсе, сөзсіз қолдаймын, бірақ, сауда-саттыққа жоламашы, ол сенікі емес», — дейді. Иә, бұл жұмыстардан мен есепсіз табыс табамын деп айта алмаймын, бірақ, бизнес — өз күшіме ғана сенуді үйретті.

Жаңа мен айтқан жұмыстарыңызды ән айту, қыз ұзату деген сияқты дүниелермен жалғай беруге болады. Мұндай көп жұмыс әйелдің үйдегі міндеттерін орындауға кедергі келтірмей ме?

Әйелдің үйдегі тірлігі бітпейді, білесіз. Мұның барлығы – дағдырысқа түсіп кетпеуім үшін таңдалған «жұбаныш» қой. Мен көпшілік әйелдер сияқты босанғанға дейін және босанғаннан кейін 2-3 жылдап үйде отырған жоқпын. Ұлдарым қырқынан шыға сала, сүйікті эфиріммен қауыштым. Бірақ, бір нәрсе айтайын, әйел жұмыста да, үйде де бәріне үлгереді деген бос сөз: не жұмыста нәтиже жоқ, не үйдің тірлігі бітпеу – осыдан шығады. Балаларымда ешқашан күтуші, не көмекшім болған жоқ. Екі ұлдың арасы 1 жас. Балалар кішкентай, мен жұмыста жүрсем, олардың тәрбиесі ақсап, күйеудің бабы болмайтынын түсіндім де, түбегейлі фрилансерлік жолды таңдадым.

Өзіңіз балалармен, жастармен жиі жұмыс істейсіз ғой. Жеткіншектердің бойынан сіздің замандастарыңызда болмаған қандай қасиеттерді байқайсыз?

Қазіргі жастар көп ізденеді және оларға мүмкіндік те мол. Үйде әкенің тәрбиесі мықты, мектепте ағайлардың тәртібі темірдей болса, нағыз жігіттер өсіп шығатынына сенемін. Осыдан қателік кетсе, қиын.

Осы жылы youtube арнасындағы «Жабық тақырып» бағдарламасын қолға алдыңыз, оған не түрткі болды? Бұл хайп қуу ма, әлде қоғамдағы проблеманы ашып көрсету ме?

Біріншіден, журналист ретінде тың тақырып, қазақ аудиториясына жетіспей тұрған контентті алып шыққым келді. Екіншіден, бұл тақырыптың проблемасы шаш-етектен. Ұят деп, бұл мәселелерге көп үңілмейміз ғой, бірақ, мамандардың айтып отырған ақпараттарын тыңдасаңыз, шошисыз! Хайпты шығынсыз да жасауға болады, ал мен айына екі рет шығатын танымдық блогым үшін өз қалтамнан қаржы шығарамын. Бұл — журналистік зерттеу, танымдық жоба.

Қалай ойлайсыз, қазір көп журналистер «Біз мұны айтуымыз керек» деп интимді тақырыптан шықпай қалды. Осы тақырыпта ат шығарамыз деп журналистиканы ластап алмадық па?

Журналист үшін мына тақырыпты айтуға болады, мынаны айтпай өтіп кете салайын, мынау жақсы, анау жаман деген таңдау болмайды. Егер қазақ қоғамындағы проблемалардың түбі сол ұят тақырыптарда жатса, неге оны ашып айтпауымыз керек?! Байқасаңыз, мен бұл жобада тек сұрақ қоюшымын, жауап беретін — маман. Жәй ғана мамандар емес, сол саланы зерттеп жүрген, осы салада ғылыми жобаларын қорғаған кәсіби мамандар. Бір нәрсені ескеру керек, телеарнада мұндай дүниелерді ашық айтуға рұқсат жоқ. Ары кетсе, атқа мінудің еркектің денсаулығына пайдасы туралы айтылатын шығар, сондықтан, мен бұл блогты youtube-қа алып шықтым.

Қазақ қоғамы неге қыздарды жүкті етіп тастап кетуге немесе ұлдарымыз қызтеке болудан ұялмайды, бірақ ол туралы айтудан ұялады? Өзіңізге айтылып жатқан теріс пікірлерді қалай жауап бересіз?

Біз бұл тақырыпта сөйлесуге ұяламыз, менталитет осы. Ана қызымен, әке баласымен сөйлеспейді. Жеңгелер өз функциясын бұрынғыдай атқара алмай отырғандықтан (себебі өздерінің жыныстық сауаты жоқ), жеңгенің рөлін интернет сомдап жатыр. Жыныстық тәрбие, жыныстық сауат деген сөзден қорқуымыздың нәтижесінде шараналар көшеден, не қоқыстан табылады, жыл сайын инфекциялық аурулар жұқтырған еркектердің саны артып, қыздардың үштен бірі бедеу, жігіттердің төрттен бірі белсіз боп отыр, ұрпақ сүюге қабілетсіз, аталық ұрығы әлсіз ерлі-зайыптылардың шаңырағы шайқалуда. Қазақта отбасы институты өте жақсы дамыған деуші еді, қазір керісінше, жыныстық сауатымыздың болмауынан көп зардап шегіп отырмыз. Негізі бұл тақырыпта өте көп нәрсе айтуға болады. Бірақ… жобаны «порно» деп қабылдайтындар азаймай тұр. Теріс пікірлерге мүлдем мән бермеймін, түптің түбінде сол адам «Жабық тақырыпты» қайта қарап шығып, өз проблемасына жауап тауып, әрі қарай дұрыс әрекет ететініне, бағыт табатынына сенемін.