Жан әлеміӨзіңді дамыт

АТА-АНА МЕЙІРІМІНЕ ҚАНБАҒАН АДАМНЫҢ 6 БЕЛГІСІ

Егер адамнан бақытты балалық шаққа байланысты тәтті естеліктер туралы  сұрайтын болсаңыз, көп жағдайда ата-ана махаббатының шексіздігі мен сезімдерінің болашақ өмірімізге әсер ететіндігі айтылады. Бірақ түрлі тағдыр бар. Кейбір жағдайларда балалар ата-ана махаббатынан мақрұм қалады. Жоқ, олар тағдыр тәлкегіне ұшырамаған: олардың баспанасы, отбасы бар, тамақтары тоқ, көйлектері көк. Алайда дүниеге әкелген ана маңдайынан иіскеп, еміренбейді. Асқар таудай әке қорған әрі үлгі бола алмайды.

Ата-ананың балаға деген салқындығы – ересек өмір іргетасының солқылдақ тұсы. Бүгінгі санымызда олардың қандай мінез-құлық пен әдет-қылықтарда байқалатынын баяндамақпыз.

Психологтардың пайымдауынша, эмоционалды суық ана – бала үшін қауіпті. Өйткені ерте балалық шақта бала анасымен тығыз байланыста болуы керек. Ал әкенің орны анадан кейін тұрады. Мамандар «Балалық шақ – іргетас, ал «ересектік – көп жылдар бойы өзіңіз қалаған үй» деп елестетуге кеңес береді. «Егер іргетас жарық сәулеге толмаса, онда барлық күш-жігер зая болмақ» дегенді алдыға тартады. 

Балалық шақта ата-ана махаббатынан мақрұм қалған балалар жетерлік. Біреулер ішкі жан-дүниесімен бөлісуге ұялады, есесіне жолдастары үшін жақсы сая бола алады. Біреулер дау-жанжалды қалай шешуге болатындығын мүлдем білмейді: оларға ештеңе болмағандай түр көрсету оңайырақ. Ал кейбіреулер қарым-қатынаста әлсіз болып келеді: өмірлік серігі не айтса, сол болады. 

Бұл айтылғандар балалық шақта ата-ана махаббаттынан мақрұм қалудың кейбір мысалдары ғана. Психологтар ата-ана салқындығынан әрі салғырттығынан балалардың психологиялық күйзеліске ұшырайтындығын айтып дабыл қағуда.   

«Ата-ана бауыр еті баласын шеттеткенде бала өз сезімін қадірлеуден қалады. Яғни, бүлдіршін өзінің құндылығын сезінуді тоқтатады, сезімдерден аулақ болуға тырысады, кез келген эмоциялар оған үрей туғызады».

АТА-АНА МЕЙІРІМІНЕ ҚАНБАҒАН АДАМНЫҢ 6 БЕЛГІСІ

1. Әңгімені өзгеге бұрады

Ол – тамаша тыңдаушы, қолдайды, тыныштандырады, айтқанның бәріне құлақ түреді. Мұндай жанмен сөйлескенде диалог бастан-аяқ жанындағы адам туралы болады. Егер оның хал-жағдайын білу мақсатында сұрақтар қоя бастасаңыз, ол аузына құм құйылғандай үнсіз қалады. Ол үшін отбасы туралы әңгімелеу ең қиын тақырып.

2. Барға қанағат етеді

Оның ішкі қалауы жоқ секілді көрінеді, себебі ол оған айтылғандардың барлығын орындауға келіседі. Ол үшін өзге біреудің шешім қабылдайтындығына бой үйреткен: демалысқа қайда бару, қай кафеден тамақтану, тіпті не киюі қажеттігіне де бас ауыртпайды. Іс жүзінде мұндай адам өздігінен ештеңе сатып алмайды, оған бір-екі джинсы мен екі жемпір жеткілікті. Сонымен қатар ол өзге адамдарға мүмкіндігінше қамқор әрі ілтипатты болады.

3. Сезімдерін жария ете алмайды

Қайғы, реніш сияқты ауыр эмоцияларды жария ете бермейді. Дос-жарандарына эмоцияларын жайып салу арқылы қолайсыздық әкелетіндігіне қысылатындай көрінеді. Мұндай досы бар адамдарға қарым-қатынаста барынша сыпайылық қажет болады.

4. Өткені туралы тіс жармайды

Ол сырт көзге робот сияқты көрінеді. Себебі оның тарапынан балалық шақтағы тәтті әңгімелер мен мектеп қабырғасындағы бауырластық туралы әсерлі естеліктер айтылмайды. Ол балалық шағын мүлдем жадынан өшіріп тастаған сияқты, бұл тақырыпқа қайта оралғысы келмейді. Сондай-ақ, ол өзінің эмоциялары мен ағымдағы оқиғалардан алған әсерін де ашық бөлісе алмайды. Мұндай адам бастапқыда өзгелерді өзіне тартады, ал кейіннен тіпті шеттетуі де мүмкін. 

5. Дау-жанжалдан қашады

Ұзақ уақыт бойы жағдайды реттегеннен гөрі, оған ештеңе болмағандай түр көрсету жеңіл. Мұндай адамдар қарым-қатынастардан ешбір түсіндірмесіз жоғалып кетеді.

6. Басқаның көз жасынан қорқады

Ол өзге адамдардың сезімдеріне қалай жауап беру керектігін білмейді, бұл сезімдердің қуанышты немесе қайғылы болуы маңызды емес. Көз жастан қашып, бұл эмоцияларды көрмеу, естімеу және түсінбеу мақсатында кетіп қалуға асығады.

МҰНДАЙ АДАМҒА КӨМЕКТЕСУГЕ БОЛА МА?  

Бұл шешімі бар, алайда қиындау мәселе. Әңгімелесушінің негізгі міндеті – «махаббаттан мақрұм қалған жанды» жұмсақтықпен, сыпайылықпен, әдептілікпен эмоционалды әңгімеге тарту.

  • Әрқашан оның хал-жағдайын, не жаңалықтары бар екендігін сұраңыз.  
  • Оның өмірінің әр сәтіне қызығушылық танытатындығыңызды көрсетіңіз. 
  • Қақтығыстарда оған қолдау көрсетіңіз.
  • Сезімдер туралы көбірек сөйлесіңіз.

Маңызды: Айтылып жатқан әңгіме мұндай адамға жағымсыздық тудырғанын байқасаңыз, оны жалғастырудың қажеті жоқ. Әңгімені басқа арнаға бұрып, оны бейтарап арнаға ауыстырыңыз. Ал өмірлік қиын жағдайларды мұндай жан сізге көбірек сенім арта бастағанда талқылаған жөн.

Ұқсас мақалалар:

Балаңыздан махаббатыңызды аямаңыз

Бала психикасын жаралайтын аналардың түрі