Бала тәрбиесіОтбасы

Ата-ананың ажырасуы балаға қалай әсер етеді?

Ұлмекен Сәндібекқызы, психолог

 

Ажырасу – бүгінгі қоғам қасіреті. Ажырасудан отбасыдан бұрын, бала зардап шегеді. Ересектер ары кетсе 1 жыл күйзеліске түседі де, ары қарай өмір сүреді. Ал ажырасудың зардабын бала өмір бойы өзімен бірге алып жүреді. Ол тіпті баланың болашықтары отбасылық өміріне де көлеңкесін түсіруі абден мүмкін. Ажырасу кезінде бала қандай зардап шегеді, оны болдырмаудың жолдары қандай деген сауалға психолог маман жауап береді.

 

 

 

Бақытты ата-ана

Ата-ананың бала алдындағы міндетінің бірі – өздерінің бақытты болуы. Егер ата-ананың жеке басында, жалпы өмірінде қиындықтар болса, онда бала мұндай ата-ананың кеңестерін аз тыңдайды. Әр бала үшін ата-анасының ажырасуы үлкен стресс және психологиялық күйіне жағымсыз әсер етеді. Дәл осы отбасы балаға өмірді тануға, қоғамда өз орнын табуға үйретеді. Егер ата-аналары өмірде бақытты, күшті, өздеріне сенімді болса, жағдайға оптимизммен қарайтын болса, мұндай ата-ананың балалары әлдеқайда тұрақты, сенімді, сәтсіздіктерге төтеп бере алатындай болып өседі. Баланың бақыты ата-ананың бақытынан басталады.

Сезімдер арпалысы

Ата-анасы ажырасамыз деп, өздерімен өздері әлек болып жүргенде бала бұрышта жеке қалып, қандай күйге түседі? Қалай ойлайсыз? Ата-анасының ажырасатынын естіген баланың бойында үрей, жағдайға сенгісі келмеу, қорқыныш, болашағына деген сенімсіздік, ашу-ыза, ажырасуға себепкер ата-анасының біреуін кінәлау немесе өз-өзін кінәлау секілді түрлі сезімдер арпалысы жүреді. Сондықтан, үлкендер өзімшілдікке салынбай, ортадағы «асыл қазынаға» мұқият болып, оған көңіл бөлуді, сөйлесуді, сабағын тексеруді, ас-суын уақытылы дайындауды ұмытпаған жөн.

Мінездегі ерекшелік

Ата-анасы ажырасқан балалар агрессияға, жанжалға, керітартпа іске бейім: өкпелеу, тамақ ішпеу, сабаққа бармау және тағы басқасы. Ажырасу қиындықтарын ең көп көретін – жасөспірімдер. Ұлдар қыздармен салыстырғанда жай бейімделеді, әке-шешесінің ажырасқаны үшін ұзақ уақыт бойы депрессияда жүреді. Ата-аналары жанжалдасқанда көптеген балалар татуластырушы рөлін ойнауға тырысады. Ажырасу осы талпыныстарының нәтижесіз екендігін дәлелдейді. Көріп тұрғаныңыздай, еңбегі еш кеткен бала осы себепті депрессияға түседі.

Балаға қауіп қайдан?

Ажырасқаннан кейін пайда болған толымсыз отбасы тұлғаның дамуына қауіп төндіреді. Бұл жерде үлкендер жағдайды қабылдап, балаға бұрынғыша қарай алуы шарт. Отбасында әкесінің болмауы, баладағы «Мен» концепциясының бұрмалануына, өзін-өзі төмен бағалауына, тым бауыр басуға, керісінше, тас бауыр болуы кетуіне, үрейленуге, құрдастарымен қатынаста ұяң, қорқақ, ашушаң болып, сенімсіздік пен өз отбасын құрудағы қиындықтарға әкеледі.

Не істейміз?

Өкінішке қарай, көбінесе ата-ана баласын артық уайымнан қорғау үшін ажырасу фактісін соңғы кезеңге дейін жасырады. Баланы аяп немесе оның шешімін елемей, маңызды шешімді ең соңында айту – орны толмас қате. Сондықтан, үлкендердің тоқтамы жайлы балаға бастан ашық айту керек. Алайда, оның қалаған кезде әкесімен де, анасымен де кездесе алатынын, олармен қалағанынша уақыт өткізетіндігін, барлығы бұрынғыша, тек ата-анасы екеуі енді бірге тұрмайтындығын түсіндіру ауадай қажет.

Бала ата-анасының ажырасуын жеңіл өткізуі үшін, оның әкесімен де, анасымен де максималды жақсы қарым-қатынасы сақталуы керек. Бұл өте маңызды әрі ерекше тапсырма десек артық айтқандық емес. Мұның барлығы ең алдымен ата-анаға байланысты.

Егер олар:

▶▶ жағдайды ушықтырмай;

▶▶ бірін-бірі кінәламай;

▶▶ баланы қарсы қоймай;

▶▶ онымен неғұрлым ашық сөйлессе, онда бала бұл жағдайға соғұрлым оңай бейімделеді.

Әрине, егер әкесі үнемі балаларына келіп, олармен бірге қыдырып тұрса, керемет. Баланың кетіп қалған әкесімен біраз уақыт бірге тұру, демалыстарын бірге өткізу мүмкіндігі болса, өте жақсы. Ажырасқан ата-ананың  бала тәрбиелеуіне үлестері тең болуы қажет. Бұл жерде ата-ананың кемелдігі, тереңдігі өте маңызды!