Cән мен сұлулық

Жұпарлы әлем: Иіссу таңдаудың 10 құпиясы

Әйгілі «Парфюмер» романының бас кейіпкері: «Иісті талғай білетіндер – адамның жүрегін баурай алады» дегенді сеніммен айтады. Хош иіс шынымен де көп нәрсеге қабілетті. Ол адамның өз-өзін сенімді ұстауына, өзін көрсете алуына көмектеседі. Тіпті, жанды рахатқа бөлеп, азғыру құралы да бола алады. Ол үшін ең бастысы – өз хош иісіңді таба білсең, болғаны.

Парфюмді жайдары күйде ғана таңдаңыз

Дүкен аралауға баратын кезде жай-күйіңізді бағамдаңыз. Егер мазаңыз болмай, өзіңізге суық тигенін сезінсеңіз, ең дұрысы – иіссу сатып алуды кейінге қалдырыңыз.

 Хош иістің таралуына мүмкіндік беріңіз

Әтір таңдағанда оны теріге тікелей шашып, біраз уақыт күту керек. Алғаш сепкенде оның концентрациясы өте жоғары болады. Сондықтан парфюмериялық толқынның тек беткі қабаты мен ортасы ғана сезіледі. Ең дұрыс – 5 минут күту. Осы уақыт аралығында хош иіс жан-жағына тарап, ашыла бастайды. Сонда барып сіз жұпарды толыққанды сезе аласыз.

 Хош иістің өзіңізге білініп тұрғанынан тартынбаңыз

Көптеген қыздар сепкен иіссуі өзіне сезіліп тұрса, «әтір аса жақсы емес» деп ойлайды. Бірақ, шындығында бойыңыздағы хош иіс өзіңізге сезіліп, ерекше күйге бөленсіз – өте жақсы.

 Парфюмді теріге ғана жағыңыз

Үстіміздегі киім күні бойы сырттағы иістерді өзіне сіңіріп алады. Ал, ол иістер араласып, әтірдің иісін мүлде өзгертіп жіберуі мүмкін. Иісті дәл бағамдау үшін әтірдің бірнеше тамшысын білезікке шашып, бір-екі минут күте тұру міндетті. Оның үстіне, әр адамның өзіндік иісі болады. Сол иіс әтір иісімен біріккенде бірегей иіс пайда болады.

 Мөлшерін біліңіз

Парфюмді күніне 1-2 реттен артық қолданудың қажеті жоқ. Көбісі әтірді жұмыстан қайтарда немесе маңызды кездесудің алдында сеуіп жүруді әдетке айналдырған. Мұндай кезде айналадағы адамдарды ескерген дұрыс. Әркімнің талғамы әртүрлі. Ал, тым өткір иіс қасыңыздағы адамды ыңғайсыз жағдайға қалдыруы әбден мүмкін.

 Қолдану жолдары

Хош иіс тұрақты болсын десеңіз, оны мойынға және шашқа сепкен жақсы. Сондай-ақ парфюмді ауаға шашып, пайда болған «бұлтқа» орануға болады.

 Сақтау ережесі

Әтірдің дұрыс жерде сақталуы өте маңызды. Ең ұтымды шешім – қараңғы әрі салқын жерде сақтау. Бірақ әрдайым ашық ауада болуы тиіс. Егер әтір иісі бұрынғыдай шықпайтынын сезсеңіз, тоңазытқышқа салып қойыңыз. +5 градус температурада иіссудағы молекулалардың қозғалыс жылдамдығы өзгеріп, сезілмей кеткен жұпар қайтадан аңқи бастайды.

 Ысқыламаңыз

Көптеген арулар иіссуді білекке сепкеннен кейін, теріге жақсы сіңеді деген оймен екі қолды бір-біріне үйкейді. Бұл өте қате пікір. Себебі үйкеліс салдарынан иіс бұзылып, жұпары түбегейлі өзгереді. Хош иістің уақыт өте келе ашыла түсетін өзінің белгілі бір нотасы болады.

 Араластырып, тәжірибе жасап көріңіз

«Душқа арналған гель хош иістің ашылуына әсер етеді» деген пікір – қате. Әдетте, гельдің иісі тез кетеді. Иіссуді жуынғаннан кейін 30 минуттан соң қолдансаңыз, ешқандай «араласу» болмайды. Ал, әңгіме бірнеше иіссуларды араластыру жайында болса, бұл жерде өзіндік ережені ұстану керек: жеңіл әтірді жеңіл хош иіспен, ал қанық иісті қанығымен араластырып көруге болады.

 Әтір таңдауда жасқа, маусымға, кеңестерге тәуелді болмаңыз

Парфюм – бұл адамның екінші терісі сияқты. Оны сепкен кезде өзіңізді барынша жайлы сезінуіңіз керек. Мамандар сізге тек қана иістің қаншалықты тұрақты екенін немесе оның басты нотасын айтып беруі мүмкін. Алайда, оны қолданатын сіз. Сондықтан таңдау еркі тек сіздің құзырыңызда болсын!