Бала саулығыДенсаулық

Аутизм белгілері ескерусіз қалмасын!

Аутизм - адамның қоршаған ортадан оқшауланып, өзімен-өзі болатын психикалық күйі. Ол адамның өзгелермен қарым-қатынасына, араласуына және білім алуына айтарлықтай ықпал етеді.

Аутизмге шалдыққандар екі бөлінеді: бірі маусым сайын ем қабылдап, толыққанды өмір сүрсе, екіншісілері қоғамның нормаларына мүлдем үйренісе алмайды. Бұл дерттің нақты себебі әлі анықталған жоқ. Зерттеулер нәтижесіне зер салсақ, оған экологиялық және генетикалық  факторлардың ықпалы бар.

Статистикалық мәліметер бойынша, 68 баланың біреуі аутистік спектрге шалдығады. Бұл қыз балаларға қарағанда ұлдарда жиі қайталанады. Мысалы, 42 ұлдың біреуіне аутизм диагнозы қойылса, ал қыздарда 189/1 ғана осы дертпен өмірге келеді екен.

Сәбилердегі аутизм

Сонымен, 3 жасқа дейінгі сәбилердің бойындағы қандай әрекеттер аутизмнің ерте белгісі болуы мүмкін?

№1белгі: Өзара әрекетке кері жауап бермейді

Негізі, сәбилер табиғатынан көпшіл келеді. Олар ата-анасымен, аға-әпкелерімен, басқа да адамдармен қарым-қатынас құруға бейім. Бөбек кезінен өзгелердің жүзіне қарап, дауыстарын тыңдап, айналасындағылардың не істеп, не қойып жатқанын әрдайым сырттай бақылап отырады. Ал, аутистік мүкістігі бар бала оған назар аударып, сөйлегеніңді елемейді.

№2 белгі: Есімін атаған кезде елемейді

Балалардың дені 1 жасқа келген кезде, өзінің атын естігенде мойнын бұрып қарап, белгі береді. Егер сәби 12 айға толып, есімін атаған кезде мән бермейтін болса, онда мазасызданудың жөні бар.

№3 белгі: Адамдарға деген қызығушылықтың болмауы

Аутизмі бар бала біреудің мақұлдауына, білім алуға немесе өзгелердің назар аударғанына мұқтаж емес. Мұндай сәбилер көзге тіке қарай алмайды және күлмейді. Тып-тыныш отырады және қолын бұлғау, шапалақтау секілді қимыл-қозғалыс көрсетпейді. Балаңыздың бойынан осындай әрекет байқасаңыз, онда педиатрға баруыңыз керек.

 №4 белгі: Баяу реакция

Бала өскен сайын айналасындағы дыбыстарға және ата-анасының дауысына еліктеуі керек. Естігенін өзінше қайталауға тырысуы тиіс. Сәбидің сөйлеу дағдысы 1,5 немесе 2 жасынан кейін дамиды. Дегенмен, баланың былдырлауы ерте бастайды.

Аутизмі бар баланың сөйлеу қабілеті өте кеш дамиды. Тілі шықпай, оған күмәндана бастасаңыз, маманға барғаныңыз абзал.

2-4 жастағы балалардың аутизмі

Бұл жастағы балалар айналасындағы адамдармен сөйлесуге, ойнауға құштар болады. Сондықтан, сәбиді бақылау арқылы ауытқудың бар-жоғын білу оңайырақ. 2 жастан бастап аутизм диагностикасын жасау нақты нәтиже көрсетеді. Дегенмен, дәрігерлер шешуші диагнозды 4 жасында қояды.

 №1 белгі: Рөлдік ойындар кезіндегі қиындықтар

Қонжығын ұйқыға жатқызу, сынып қалған қуыршағын аяу, анасымен тығылмақ ойнау – осы секілді ойындардың барлығы өзара қарым-қатынас пен реакцияны талап етеді. Өзімен қатарлас балалар әдетте бір-бірінің жанында ойнап жүреді, уақыт өте келе өзара қарым-қатынас орнатады.

Егер сіздің перзентіңіз өзге балалармен ойнаудан қашып, бөлек отырғанды қаласа, өзінің ойындағы рөлін қалай атқару керегін білмесе, бұл аутизмнің белгісі болуы мүмкін.

№ 2 белгі: Айналасына еліктемейді

Балалар ата-анасының әрекетін қайталап, өзіндік қылық шығарып алғанды ұнатады. Аутистік ауытқу мұндай қызығушылықты басып тастайды. Бала көзқарасыңызға, әрекетіңізге жауап қатпайды, қарапайым қимылдарды (сәлемдесу, қоштасу кезінде қол бұлғау) қайталамайды.

 № 3белгі: Өзін-өзі жұбатады

Аутизмі бар балалар айналасында орын алып жатқан барлық өзгерісті тез қабылдайтын өте сезімтал. Олар өздерінің сезімін көрсетуге қысылады, өзгелер денесін ұстағанын, құшақтағанын қаламайды.

Мұндай бала күйзеліс кезінде анасынан жұбаныш іздемей, өзін-өзі тынышталдырады. Мысалы, қолымен арқасын қағып немесе екі жаққа шайқалып әрекет жасайды.

 Не істеу керек?

Егер балаңыздан осы қылықтардың бірін байқаған болсаңыз, онда педиатрге, неврологке немесе психологке баруды кейінге шегермеңіз. Маман сәбиіңіздің бойынан аутистік спектрдің бұзылуын анықтаса, бұл балаға «аутизм» диагонозы міндетті түрде қойылады деген сөз емес.

Америкалық педиатрлар қауымдастығы әрбір 18 немесе 24 ай сайын тексерістен өтіп тұруды ұсынады. Баламен дұрыс әрі мұқият қарым-қатынас жасау ауытқуды еңсеруге септігін тигізеді. Диагноз қойылған күннің өзінде баланың толыққанды өмір сүруіне көмектесіңіз. Мамандар баланың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, жоспар құрып береді.