Екеудің құпиясыЖан әлемі

Ауылда тұрғым келмейді

Мен шетелден білім алдым. Ағылшын тілінің маманымын. Сыртта оқуда жүргенде бет күтіміне қатысты арнайы курстарды да бітіріп алғаным бар. Алғашында жұмыс іздеп әуреге түскенім жоқ. Арнайы курс ашып алдым да, ағылшын тілінен балаларға сабақ бере бастадым. Балалар ғана емес, үлкендер де сабағыма қызығушылық танытып, ұсыныс жасады.

391Қаралымдар

Осылайша күйеуіммен таныстым. Ол магистратураға дайындалу мақсатында менен сабақ алып жүрді. Бес уақыт намазын қаза қылмай, жұмысын да жасап жүретін жігіттің тіршілігі маған ұнады. Отбасын, балалы болдық. Әрине, мен баламен үйде отырдым. Бірақ жалғыз күйеуімнің табысы бізге жетіңкіремеді. Сол себепті ауылға кетуге мәжбүр болдық. Ата-енемнің қолында тұрдым. Ал, күйеуім қалада жұмысын жасап жатты. Бірақ бір күнінен екінші күнінің айырмашылығы жоқ ауыл өмірінен жалыға бастадым. Мұнымды байқаған енем: «Балаңды бағып берейін, зерігіп жүрсің, мектепке мұғалім болып кіріп ал»,- деді.  Бірақ ауыл мектебінің өмірінен де зеріге бастадым. Білімге талпынып тұрған бала көрмедім.


Тым құрығанда жолдасым да қасымда емес. Ауылдан да, мектептен де жалыққанымды айтып едім, үлкендер жақтырмай қарады. Осылайша ауылда бір жылымды өткердім. Екінші жылы күйеуіме ауылдық әкімшіліктен жұмыс табылды. Бірақ маған сұрқай тіршілік қызықсыз болып кетті. Баламды жетектедім де, қаладан жұмыс таптым.  Күйеуім ауылдан келеді деп сенген едім. Бірақ, ол әке-шешемді тастап қалаға бармаймын деді. Бір жыл бойы баламды балабақшаға беріп, өзім жұмысыма барып жүре бердім. Ұлын іздеп әкесі келе қоймады. Менің ауыл өміріне икемі жоқ, қаланың қызы екенімді біле тұра осылай таңдау жасатып қойғанына наразымын.


Оның әрекеті азаматтыққа жатпайды деп есептеймін. Өткен айда ажырасуға арыз бердім. Еш қарсыласпастан қол қоя салды. Сонда өзінің ұлы мен жұбайының тағдыры оған ойыншық болғаны ма? Көктемде егінін егіп, әкімшіліктегі ақшаға мәз болып, әке-шешесінің қасында жүре бергісі келеді. Адам үлкен мақсаттарға қарай талпыну керек емес пе? Кинотеатры мен ойын-сауық орталығын былай қойғанда, кітапханасында бір заманауи кітабы жоқ ауылда қалай өмір сүруге болады? Тым құрығанда интернет желісі дұрыс тартса да өмір сүруге икемделуге болатын шығар. Мына ғасырда ақпараттан қол үзіп, сиыр сауғанына міз бақпай жүре беретіндердің қатарынан емес екенмін. Зеріккенде өзіңмен деңгейлес адаммен әңгімелескің келеді. Ондай да адам таба алмадым. Әлде тым тәкаппармын ба, соны түсіне алмадым.

Гүлнар Бекболсын