Екеудің құпиясыЖан әлемі

Әйел опасыздығы

«Білесің бе, мен Сержанды да, өмірімдегі өзге еркектерді де жақсы көремін. Күйеуіммен ешқашан ажыраспаймын. Бірақ маған жаңа, ешқашан сезініп көрмеген аласапыран сезім жетіспейді. Бір-ақ рет өмірге келгендіктен өмірдің бар қызығына барынша малынғым келеді, Айгүл! Түсінесің бе?! Ай, бірақ қайдам, сен мені ешқашан түсінбессің!»

Біраз жыл сыйласқан құрбымнан көңілім қалды. Араласқым да келмейді. Себебі ол күйеуінің көзіне шөп салады. Ал, бұл менің өмірлік қағидаларыма жат дүние. Жаннұрдың жан жары Сержан жаман жігіт деп айта алмаймын. Лауазымды қызметі де бар. Артық жүрісі жоқ, ақ көңіл, балажан, үйдің де, түздің де жұмысын ар санамайтын, көңілді – кез келген ортаның гүлі болып жүретін жан. Сол ісін ерсі көрді ме, құрбым жас кезінде оны кім көрінгеннен қызғана беретін. Тіпті, жүрген жерінде шу шығарып, тым жақсы жиынның шырқын бұзатын. Бір әйелге көмектессе, біреудің жанында тұрып әңгіме айта қалса, бір жерге барып келсе, күйеуінің басы бәлеге қалатын. Құрбым оны түйреп алуға ұста-тын.

Бірақ Сержан туралы біреумен жүрді, не қыдырды деген әңгіме-өсек естіген емеспіз. Оған еш дәлеліміз де жоқ. Құрбымның сонша күдіктенуіне не себеп екенін білмеймін.

Ал, Жаннұр 20 жасында тұрмысқа шыққалы бері жұмыс істеп көрмеген. Тұрмыс құрғалы 15 жылдың ішінде 3 баланы өмірге әкелді. Күйеуі де құрбым десе ішкен асын жерге қояды. Десе де, соңғы кездері құрбымның ерсі қылықтарына куә болып жүрмін. Тіпті Сержанның көзіне шөп салып жүргендігін де құлағым шалып қалды. Біраз уақыт үнсіз қадағаладым да, құрбы болмай кеткірді әңгімеге тарттым. «Бұл жүрісің не? Сержанға обал емес пе? Әлде, күйеуіңе көңілің толмай ма? Қанағаттанбай жүрсің бе?» деп сұрақтарымды жаудырдым. Алайда, Жаннұр еш саспады. Тіпті көзінен өкініштің ізін де байқамадым. Тек айтқаны «Бәрі жақсы. Сержанмен ешқашан ажыраспаймын. Тек уақытша дүние ғой» дегеннен танбады. «Енді саған не жетпей жүр?» десем, «Басқаша, жаңа бір сезімді сезінгім келеді» дейді. «Бұрын күйеуіңді өлердей қызғанатын едің, өзіңнің жүрісің мынау?» десем, «Ол да бара берсін. Енді қызғанбаймын, маған бәрібір. Білесің бе, мен Сержанды да, өмірімдегі өзге еркектерді де жақсы көремін. Күйеуіммен ешқашан ажыраспаймын. Бірақ маған жаңа, ешқашан сезініп көрмеген аласапыран сезім жетіспейді. Бір-ақ рет өмірге келгендіктен өмірдің бар қызығына барынша малынғым келеді, Фаризат! Түсінесің бе?! Ай, бірақ қайдам, сен мені ешқашан түсінбессің!», – дейді. Қайтіп түсінем? Мен тіпті оны түсінгім де келмейді!

Сержан байқұс сүйікті жарының бұл қылығынан бейхабар сияқты. Себебі әйеліне деген көзқарасы әлі де өзгермеген. Сүйіспеншілігі мен қамқорлығын аямайды. Ал мен құрбымның бұл ісін түсіне де, құптай да алмаймын? Ақыры неге апарып соғатынын кім білсін…

Фаризат, Батыс Қазақстан облысы