әйелдер қаржылық сауаттылығы
Отбасы бюджеті

 АҚШАНЫ АҚЫЛМЕН БАСҚАР! Қазақ әйелдерінің каржылық сауаттылығы қандай деңгейде?

Мақсат ХАЛЫҚ, GSB UIB директоры, экономист

Әйелдер қаржылық сауаттылығы өзекті мәселелер қатарынан қалмайды. Нәзік жандылар қаншалықты қаржылай сауатты болса, несиені тиімді рәсімдеу, келісімшартпен толық танысу әрі артық пайыздардан сақтану мүмкіндігі де соншалықты жоғары болмақ. Бүгінгі мақалада әйелдерге экономист Мақсат Халық қаржылай кеңес беріп, аса маңызды ақпараттармен бөлісті.

 

Қаржылық сауатсыздық салдары

Елімізде әйелдер қаржылық сауаттылығы орташа деңгейде деп қарастырылады. Дегенмен, көбінесе, әйелдер қаржылай алдау құрбаны болып жатады. Олар несие рәсімдеу барысында да көп алданады. Бүгінгі таңда әйелдер несие нарығының түрлі құралдарын пайдаланып келеді. Соның ішінде несиені бөліп төлеу құралдарын қолданатындар жетіп артылады. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, несиені пайызсыз бөліп төлеу – тиімді. Мысалы, жұмысыңыз суретке, видеоға түсірумен байланысты болса, сізге сапалы, қымбат ұялы телефон қажет. Ал ондай кезде 400-500 мың теңгені бірден төлеп шығынға батқаннан гөрі, бөліп алғаныңыз әлдеқайда ыңғайлы, жеке бюджетіңізге де ауыр салмақ түсірмейді. Бірақ, ең өкініштісі – бұл әдетке айналуда. Адамдар бір заттың бөліп төлеу несиесінен құтыла салысымен, екінші затты да солай алуға құмартып барады. Осыдан кейін олардың бір емес, бірнеше пайызсыз бөліп төлеу несиесіне батқанын көреміз.

Егер сіз бөліп төлеудің нақты бір шегін білмесеңіз, онда көп зат алып, нәтижесінде қарызға белшеңізден батасыз. Бөліп төлеу несиесінен құтыламын деп жүріп, тағы да несие алуыңыз мүмкін. Сөйтіп, қаржылық қиын жағдайға түсіп, қарыздың шырмауында қаласыз. Мұның барлығы – қаржылық сауатсыздықтың салдары.

Тұтынушылық несиенің шырмауы

Несие алған кезде оны тиімді рәсімдеудің жолдары бар екенін білген маңызды.Бірінші кезекте тұтынушылық несиеге жоламаңыздар! Оның бөліп төлеу құралдарын ғана қолдансаңыздар болады. Дейтұрғанмен, заттарды пайызсыз бөліп төлеуте беретін жерлерде банк келісім-шарты екі жылға бөліп төлеуді көрсетсе де, кесте екі жарым жылға жасалады. Ол қандай жағдайда десеңіз, егер сіз бір айларда төлемді екі-үш күнге кешіктірсеңіз, бірден екі жарым жылға созып жібереді. Алолсізге қосымша үстеме, қосымша пайыздарды қосады. Бұлтұрғыда «Оның барлығы неден?» деген заңды сұрақ туады. Өкінішке қарай, бұл келісімшартпен толық таныспағандықтан орын алатын жайт.

Келісімшарттағы «ЖТПМ» деген не?

Халық арасында «көрінбейтін пайыздар», «банктер қосып жібереді» деген сөздер көп. Бірақ, ол – көрінетін пайыздар. Келісімшартта барлығы жазылады. Егерде төлемді кешіктірсеңіз, қанша қосатыны, қай кезде қосылатыны туралы барлығы көрсетіледі. Пайыздарға аса мән берген дұрыс. Қаржы менеджері «несиелер 10%-бен беріледі» деуі мүмкін. Тіпті, одан да аз пайыздар айтуы ықтимал. Сенгіш жандар «сіздерде арзан екен ғой, жақсы болды» деп келісе салады.

Дегенмен жылдық тиімді пайыздық мөлшерлеме дегенді де ұмытпаңыздар! Ол қазақша «ЖТПМ» немесе «ЖТМС» деп қысқартылып жазылады әрі 27%, 33%-дан басталады деп көрсетіледі. Десек те, ол сол пайыздардан басталады. Оның шегі қай санға дейін баратыны белгісіз. Заң бойынша, шегі 56%-ға дейін деп айтылады. Демек, кез келген банк жылдық пайыздық мөлшерлемесін 56%-ға дейін көтеруге құқылы және оған ешкім сөгіс жарияламайды.

Мәселен, несие алуға бардыңыз, қаржы менеджерімен сөйлесу барысында сізге жылына 40% немесе 50%- бен несие менеджерімен сөйлесіп жатқан кезде «Сіздердің жылдық тиімді пайыздық мөлшерлемелеріңіз қанша?» деп сұрасаңыз, ол сіздің белгілі бір дәрежеде қаржылай сауатты екендігіңізді біледі. Сонда ғана пайыздар қосу мәселесі орын алмайды.

Әйелдер қаржылық сауатты болу үшін…

Өз қаржыңызға байланысты әр шешімді мейлінше, дұрыс қабылдай білу керек. Қаржылық сауаттылыққа байланысты кітаптар, курстар, онлайн видеолар бар. Оларды өзіңіз үшін қарауыңызға болады. Дегенмен ішінде бұрыс ақпарат беретін курстар да жоқ емес.

Қаржылай сауатты болу үшін менің пайымым:

 

✅ 80% адам қаржылық сауаттылықты «үнемдеу» деп қарастырады. Мен оған келіспеймін. Өйткені, үнемдей берсеңіз, өзіңізді барлық нәрседен шектесеңіз, ол психологиялық тұрғыда ауыртпалық туғызады. Сіз күш-жігеріңізден, қажыр-қайратыңыздан айырылып қалуыңыз ғажап емес. Тиісінше, болашақта еңбек өнімділігіңіз де нашарлауы ықтимал.

✅ Ақшаны орынды жұмсай білу қажет. Бүкіл операцияларды (кірістер мен шығындарды реттей білу) бақылауда ұстаған жөн.

✅ Кей уақыттарда жомарттық таныту керек. Қарыз берген адамдарыңыз болса, кешіре салу.

✅ Белгілі бір дәрежеде өз қаржылық шектеріңізді (минимум) білген жөн.

«Ақша – қолдың кірі» деген дұрыс емес

Әйелдер қаржылық сауаттылықты ерте жастан үйрену керек. Менің ойымша, қаржылық сауаттылықты арттыруға қатысты мемлекеттің ұлттық жоспарын қабылдау қажет. Тағы бір маңызды мәселе –  мектеп бағдарламасына қаржылық сауаттылық пәнін енгізген абзал.

Қазақы тәрбиеде ақшаға деген дұрыс қарым-қатынас қалыптаспаған. Мәселен, «Ақша- қолдың кірі», «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» дейді. Нәтижесінде, осындай пайыммен өмір сүргендер не байи алмай, не жинай алмай қиналып өмір сүруде.

Сол себепті балаларымызға кішкентайынан «Ақылды адам байыса, дүние-мүлкін пұл етеді, ақымақ адам байыса, дүние-мүлкі оны құл етеді» деп түсіндіру керек. Егер ақшаны ақылмен басқарсаңыз, өзіңіздің қаржылық жағдайыңызды да дұрыс жасайсыз.

ҚАРЖЫ МАМАНЫНАН 6 кеңес

  1. Әйелдер қаржылық сауаттылығы кіріс-шығындардан басталуы тиіс. Сол үшін кіріс-шығысыңызды есептеңіз. Кірістеріңізді үнемі арттырып отыруға тырысыңыз. Табысыңыз ағымдағы жылы 100 мың тг-ні құраса, келесі жылы оны 120 мың тг-ге дейін, яғни 20%-ға өсіргеніңіз абзал. Миыңызға сондай тапсырма беріңіз. «Сіз өзіңізді қаншаға бағалайсыз және де өз құныңызды арттыру үшін не істеу керек?» деген сұраққа жауап іздеңіз. Қосымша білім алып, әр кез ізденісте болыңыз.
  2. Шығындарды реттеп алыңыз.Ұялы телефоныңызға шығындарды реттеу қосымшаларын ЖҮКТЕңіз.
  3. Дүкенге тізіммен барыңыз. Жеңілдіктерге сене бермеңіз. Себебі, жеңілдіктің өзі «үшеуін алсаң, төртіншісі тегін» дегендей қулықпен жасалады. Ал сізге сол төртінші зат керексіз болуы мүмкін. Бұл жерде сіз ғана шығынға батасыз.
  4. Ешқашан бәрі сатып алып жатқан кезде сатып алмаңыз және еш уақытта бәрі сатып жатқан кезде өзіңіздің затыңызды сатпаңыз! Бұл – қарапайым заңдылық. Екі жағдайда да ұтыласыз. Егер бәрі сатып алып жатқан кезде сатып алсаңыз, сұраныс кезінде баға өсіп кетеді, ал бәрі сатып жатқан кезде сатамын десеңіз, баға құлдырайды.
  5. Ақша жинарда шетелдік валютамен де жинауға тырысу керек. Сіздің жинақтаған 15 млн тг бар деп есептейік, ондай жағдайда бәрін теңгемен сақтауға болмайды. Мәселен, депозитті сақтандыру қоры 10 млн тг-ге дейін қайтарып беруге уәде береді. Ал шотыңызда 15 млн тг болған жағдайда, қалған 5 млн тг-ні қайтарып ала алмайсыз. Теңгемен 10 млн тг-ге дейін қайтарып берсе, шетелдік валютамен 5 млн тг-ге дейін қайтарып береді. Яғни, 5 млн тг-ні долларға салып қойсаңыз, доллар депозитте тұрады. Банк банкрот болып кеткен жағдайда 15 млн тг тұтас ала аласыз.
  6. Әр табысыңыздың 10%-ын жинақ ретінде аударып тұруды әдетке айналдырыңыз. Осы айтылғандарды жіті орындағанда ғана әйелдер қаржылық сауаттылығы артты деп айтуға болады.

Ұқсас мақалалар:

Үнем қағидалары: Ақша қайда кетіп жатыр?

Ақша құны. Жалақыңызды үнемдей аласыз ба?

Табыс табудың кілті немесе ақша формуласы