Сыр-сұқбат

Айслу Спанова: Сен кез келген өлшемде әдемісің! 

89Қаралымдар

Айслу Болатқызы Спанова – кәсіпкер әйел, аяулы жар әрі ардақты ана. Ол өз сұхбатында артық салмағы бар адамдардың денесінен қымсынбай, өздерін қабылдай білуіне көмектесетін тәжірибелерімен әрі семіздікке шалдыққан адамдардың қажетіне жарар ақыл-кеңестерімен бөлісті. Оның себебі де жоқ емес. Айслу жақын күндері +size өлшемді сәнді киімдер дүкенін ашпақ. 

«Есімімнің тарихы естір құлаққа қызық, тіпті құпияға толы. Әкемнің барлық аға-бауырларында қыздан гөрі ұлдар көбірек дүниеге келген екен. Марқұм әжем болса, қыз немере сүюді армандапты. Сөйтіп 15 үл немереден кейін анам мені дүниеге әкелген уақытта әжем перзентханаға асыға жетіп, есімімді «Гүлбахыт» деп қойған екен. Негізі Гүлбахыт – азан шақырылып қойылған есімім»,- деп кейіпкеріміх ағынан жарылды. 

-Әңгімеміздің әлқиссасын есіміңіздің тарихымен, яғни қазақ тілінің заңдылығына сай «Айсұлу» деп емес, «Айслу» болып жазылатындығымен бастасақ.

А.С: Анам перзентханада жатқан кезде әжемнің есімімді «Гүлбахыт» деп қойғандығынан бейхабар болыпты. Медбикелер анамнан «Сәбиіңіздің есімін кім деп қоясыз?» деп сұраған уақытта анам «Айсұлу» деп жауап берген. Есімімді жас әрі ұлты орыс медбике жазған екен, ол қазақ тіліндегі «ұ» әрпін қалдырып кетіп, құжатқа «Айслу» деп тіркеген. 

Перзентханадан шыққан уақытта әжем анама атымды «Гүлбахыт» деп қойғанын ескерткен. Ал анам болса, әжеме «Айслу» деп атағанын айта алмай, үнсіз келіскен де қойған екен.

5-сыныпқа дейін есімімнің «Айслу» екендігінен хабарсыз болып, барлық құрбы-құрдас, туған-туыстарымның арасында «Гүлбахыт» аталып жүрдім. Мектепте де бәрі «Гүлбахыт» деп атап, шын мәнінде «Айслу» екенімді естігенде өз басым қатты таңқалғаным рас.

Кейін мектеп ауыстырған уақытта құжат бойынша атымның «Айслу» екенін білдім. Анамнан мән-жайды сұрағанымда ақкөңіл анашым бұл туралы мүлде ұмытып кеткендігін айтып ақталды.

Білімнің қара шаңырағын аяқтап, университет табалдырығын аттаған сәтте ғана өзімді барлығына анам қойған атпен «Айслу» деп таныстырып, өзімді «Айслу» ретінде қабылдай бастадым. 

-Бүгінде артық салмағы бар адамдарға арналған киімдер топтамасын тігуді қолға алған екенсіз. Бұл кәсіпті нәсіп қылуға не себеп болды? 

А.С: Жақында жаңа кәсіпті қолға алғалы отырғаным рас. Бұл брендтің атауы ағылшынша «CURVE», қазақша баламасы «бұралаң» деген мағынаны білдіреді. Барлық киім эскиздары  толықтай өзіміздікі. Жалпы алғанда 25-45 жас аралығындағы әйел азаматшаларға арнап киімдер шығаратын боламыз.

Біздің миссиямыз – салмағы артықтау адамдардың сұранысын қанағаттандырып, оларға қуаныш сыйлап, көмек беру. Арық адамдарға киім тігуді әлемнің барлық тігіншілері біледі, ал толық адамдарға киім тігу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Біздің елімізде бұл тіптен дамымаған. 

Мұндай кәсіпті қолға алуыма 31 жасыма дейін күресіп келген артық салмағым түрткі болды. Артық салмақ – дерт емес. Десе де, артық салмақтың біртіндеп артуы – сау адамды ауруға айналдыратындай күйге түсіреді. Семіздігім жаныма қатты бататын, осы уақытқа дейін қаншама күйзелісті сәттерді бастан өткердім. Әсіресе, мерекелерге, той-думандарға жиналған сәттерде үстіме киер киім таппай қатты қиналатынмын. 

Балалық шағымнан бойымда бар артық салмақ студенттік шағымда одан сайын арта түсті. Университет қабырғасында оқып жүргенде дұрыс тамақтанбау, көше тамағын тұтыну салмақ мәселесін одан сайын арттырды. Десе де, жанымды жегідей жейтін мәселеге мойынсұнбай, керісінше, онымен күресуге бел будым. Егер денеме шақ келер көйлек таппасам, тігіншілерге барып тіктіруге көштім. 

Салмағы сәл артықтау қыз-келіншектерге арналған киімдер дүкені елімізде жоқтың қасы. Тіпті бар болған күннің өзінде де дүкен сөрелеріндегі киім-кешектің түсі де, стилі де, дизайны да көңіл көншітпейді. Бірақ өз басым толық адамдарға арналған көйлектерге көңілім толмай, әрқашан үстіме жарасымды әрі заманауи киімдерге құмартып келдім, әрқашан тығырықтан шығудың жолын іздедім. 

Әлбетте, өзім қарапайым отбасынан шыққандықтан, қымбат киімдерді қалтамыз көтере бермейтін. Кейін тұрмыс құрып, жұбайыммен ортақ кәсібімізді қолға алғаннан соң, жаңа мүмкіндіктер туып, шет мемлекеттерден өлшеміме келетін қымбат киімдерді алдырта бастадым. Қаражат бар, мүмкіндік бар, алайда салмағы артықтау адамдарға арналған киімдер жоқтың қасы. Еліміздегі киім дүкендерінен денеме шақ киім таппай, көпшілігін Америкадан алдыратынмын. 

Ал үшінші сәбиімді дүниеге әкелген соң, салмағым одан сайын артып, 110 кг-ға жетті. Мұндай салмақпен киім табу тіптен қиынға соқты. Қазір жасым 31-де, Алла берген үш қызым бар, ең алғаш 23 жасымда ана атандым. Алғаш сәби сүйген кезімнен қазіргі жасыма дейін сегіз жыл аралығында әркез артық салмақпен арпалысумен болдым. Әлбетте, қымбат киімдерді қалта көтеретін дәрежеге жеткен сәтте сәнді, әдемі әрі бай киімдерге қызыға бастадым. Алайда люкс киімдердегі максималды өлшем «L» екені күйіндіретін.

«Сіздің өлшеміңізге сай келер киім жоқ» деп есік алдынан шығарып салатын жағдайлар да басымнан талай өткен. Мұндай сөздердің жанға бататыны да рас. Үстіне шақ келер киім таппағаннан соң, ешқандай мерекелерге, салтанатты жиындарға да барудан бас тартасың. Тіпті бұл мәселе психикалық жағдайыма да қатты әсер ете бастады. Іште жиналған бар ашу-ызамды өзімнен емес, өзгеден, ет жақындарымнан алатын болдым. Бір үйдің түтінін түтетіп отырған әйел адамның көңіл күйі отбасының көңіл күйіне тікелей әсер етеді.

-Салмағы артықтау адамдар көбіне артық салмақтарынан қысылып, ұяңдау келеді. Олардың өздерін қабылдап, өмірден түңілмей, сіз секілді тығырықтан шығудың жолын таба білулері үшін қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?

А.С: Саудамен айналысып жүріп, семіздік дертіне шалдыққан адамдардың «Біздің өлшемге сай киімдерді алдыртыңыздаршы» деген өтініштерін жиі еститін болдым. Түркиядан алдыртайық десек, дизайны мен түсі әрдайым көңілден шыға бермейді. Қырғызстандық киім-кешектердің сапасы төмен. 

Қазір артық салмағы бар жастардың қарасы көп. Оған экология, тұтынатын өнімдеріміз, физикалық жүктеменің, яғни бұрын ата-бабаларымыз жасаған қара жұмыстың жоқтығы себеп деп ойлаймын. 

Қыз-келіншектер жас көрінгенді ұнатады. Тіпті, кәсібімді бастамас бұрын мақсатты аудиторияны 25-45 жас аралығындағы қыз-келіншектер деп алмақ болдым. Кейіннен тігін цехтерімен жұмыс жасау кезінде сол жердегі көңілдері жас, жүздері жылы әйелдердің «Жасымыз 50-ді еңсерсе де, жас киініп, жас көрінгіміз келеді» деген сөздері үлкен ой салғаны рас. Киім өндірушілердің осы бір мәселені ескермейтіндігі қате. Өз кәсібімді бастап, киім тігуге кіріскенде қырғыздық тігіншілерге жүгіндім. Олардың жұмысы жылдамдығымен қуантпаса, сапасына көңіл толмайды. Өзің де күнде сапаны бақылай алмайсың. Содан соң бәрін ой елегінен өткізіп, кәсібімді қазақстандық тігіншілердің көмегімен жалғастырғым келді. Бірақ елімізде жұмыс күшінің құны қымбат, тіпті тұтынушылар тауардың жоғары бағасына наразылықтарын білдіріп жатады. «Made in Kazakhstan» болса құны арзан болуы керек деген түсінік күйіндіреді. Сатып алушылар тігіншілердің еңбегін ескермейтіндігі өкінішті-ақ. «Сапа қандай болса, баға да сондай болуы керек» деген талапты ұғынатындар аз.

Артық салмағы бар адамдардың өздерін іштей жегідей жемей, керісінше, қалаған заттарын сатып алып, дүкеннен жабырқаулы күйде емес, көңілді жүзбен шыққандарын қалаймын. 

Мен артық салмақпен күресу барысында жүздеген психологиялық курстарға жазылып, коуч жаттықтырушылардың сабақтарына қатыстым, спортзал табалдырығын да тоздырдым, барлық диета түрлерін қолданып көрдім. Алайда маған олардың ешқайсысы да көмектеспеді, содан соң әбден күйінген кезде асқазан резекциясына бел будым.

-Артық салмақпен күресу барысында жаныңыздан табылып, қолдау білдірген жандар кімдер еді?

А.С: Ең алдымен – балалық шағымнан ата-анамның қолдауы мені бүгінгі дәрежеге жеткізді, өзіме деген сенімділік қалыптастырды. Мен отбасында екі ұлдың ортасында өскен жалғыз қызбын. Ерке болғандықтан ба жанұямда ешкім артық салмағымды бетіме баспайтын. Баспақ тұрмақ әкем әлі күнге дейін мені есіміммен атамайды. Еркелетіп «қызым», «тәттім», «шоколадым» деп атайды. Ес білгелі әкемнен естігенім – «сен ең сұлусың» деген сөздер ғана. Әкелік махаббатқа бөленіп өскендіктен, әкеме деген, жалпы отбасыма деген алғысым шексіз.

Ата-анам маған қалаған дүниеме қол жеткізуді ғана емес, сондай-ақ барға қанағат етуді, тер төгіп, еңбектене білуді үйретті.

Екіншіден, Құдай қосқан қосағымның қолдауы өмірден түңілмей, керісінше, тек алға жылжуыма, артық салмағымды қабылдай білуіме үлкен сеп болды. Жолдасыммен танысып, отау құрған кезімізде де артық салмағым болғаны рас. Ол мені сол қалпымда қабылдап, жақсы көріп, көмектесіп, қолдай білді. Тіпті операция жасауға бел буған уақытта да ол қарсылық танытып, денсаулығыма қатты алаңдаған еді. 

Өз басым бойымдағы кемшіліктен қысылып, ота жасауға нық бекіндім. Себебі, бұл жағдай жүріп-тұруыма да, физикалық қозғалысыма да өз әсерін тигізе бастады. 

Жолдасым Диас маған тірек болып, үнемі қолдап-қолпаштап, әр ісіме түсіністік танытады. 

Бүгінгі таңда үш қыздың анасымын. Кенже қызымның жасы – екіде, ортаншым – алтыда, тұңғышым – сегізде. Отбасымда алған тәрбиемді өз қыздарыма сіңіріп келемін және жұбайыма да әркез дұрыс жол сілтеп отырамын.

-Алдағы жоспарларыңыз қандай?

А.С: Алдағы уақытта қолға алған кәсібімнің жемісін көріп, бір орында тұраламай, әлемдік танымалдылыққа ие болып, дамуды қалаймын. Франшиза ретінде де дамуды көздеп отырғаным жасырын емес. 

-Айслу ханым, ізгі ниеттен басталған кәсібіңіздің адал нәсібіне қол жеткізуіңізді тілейміз!