Жан әлеміӨзіңді дамыт

Айтылған сөз – атылған оқ! Сөздер қалай жара салады?

Көп адамдар ар-намыс пен қадір-қасиетке тіл тигізер әзілдерге, дөрекі сөздерге немқұрайлық танытады. Сондай-ақ, сөз арқылы зорлық-зомбылықтың жиі қайталануы тұлғаның психологиясында ауыр бұзылыстарын тудырады.

Көп жағдайда адамдар психологиялық зорлық-зомбылықтың салдары қаншалықты ауыр екенін әрі физикалық агрессиядан кем еместігін түсіне бермейді.

Халқымызда «Айтылған сөз – атылған оқ» деген мақал тектен-текке айтылмаса керек. Ауыздан шыққан ауыр сөз тән жарасын салмаса да, жанына кетпес жара болып жабысады. Жеке басқа тіл тигізіп, қорлап, кемсіту адам төзгісіз ауыртпалық әкелетіндігін есте ұстаған жөн.

Бүгінгі санымызда ауызша қорлау құрбанына айналмас үшін айналаңыздағы агрессорлардың қандай амал-айлаға жүгінетіндігін біліп жүруге арналған ауызша зорлық-зомбылық түрлеріне тоқталмақпыз.

Ауызша қорлаудың алдын алған жөн

Созылмалы күйзеліс пен жан жарасы көптеген психологиялық мәселелерге әкеліп соғуы мүмкін. Солардың бірі – мазасыз тұлғалық ауытқулар.

Буллинге (буллинг дегеніміз – агрессия немесе күш көрсету арқылы адамның өзгені қорлауы, үстем екенін көрсетуі) қарсы сарапшы Шерри Гордон: «Қол жұмсау және моральдық қорлаумен салыстырғанда ауызша зорлық-зомбылық салыстырмалы түрде зиянсыз көрінеді, сондықтан да оған жиі көз жұмады. Дегенмен де, ол қоғам арасында жиі кездесетін мәселеге айналды. Көп жағдайда бұл адамға эмоционалды азап әкелетін ауызша әсердің ерекше түрін білдіреді. Ол – арсыз қылықтар, айқайлар, дөрекі сөздер, манипуляциялар және көңілге тиер әзілдер», – деп түсіндіреді.

Мұндай қарым-қатынасқа көз жұмған адамның бойында өзіне деген күмән пайда бола бастайды. Ауызша агрессияның құрбандары өзін-өзі бағалауды жоғалтады және өздерін кемістігі бар жандай ақымақ әрі қабілетсіз санайды. Мұндайда жәбірленушінің өзін осыншалықты төмен түсіруіне тек ауызша жәбір көрсетуші ғана кінәлі болып табылады.

Ауызша қорлау қазіргі таңда жас жұптар арасында да қалыпты құбылысқа айналды. Сүйген адамының кездесу кезінде айтқан дөрекі сөздері жұбын қатты таң қалдырары сөзсіз. Мысалы: «Бұл қалай болғаны, әдетте ол басқаша әрекет ететін еді» деген ойлар мазалауы мүмкін. Алайда ер адам мұндай сәтте қателігін жан жібітер сөздерімен жуып-шаюға тырысады. Ал көп жағдайда жәбірленуші бәрін ұмытып, ерсіз қылықты кешіруге де дайын тұрады.

Сарапшылар «Жұптар арасындағы ауызша қорлаудың нәтижесі қорлаудың қалыпты қарым-қатынасқа айналуымен аяқталады. Жәбірленуші тарап мұндай қылықтарды елемейді немесе іштей ғашығын ақтап алуға тырысады. Мәселен, «Серік жай ғана ашуға бой алдырды» немесе « онсыз да қазір қиын тиіп жүр» дегендей», – деп мұндай қарым-қатынасқа көз жұма бермей, барлығын ақылға салып, саралауға кеңес береді.

Ауызша зорлық-зомбылық түрлері

1. Көңіл-күй құртушы

Моральдық садисттер біреудің көңілі тоқ, уайымы жоқ кезде сырттай бақылап тұра алмайды, адамдардың көңіл-күйін құрту үшін тырнақ астынан кір іздеп, көз жас себепкері болудан ләззат алады.

2. Көңілге тиер лақап ат

Агрессорлар көңілге ауыр тиер лақап аттарды таратуды ұнатады, өйткені бұл – айла-шарғыға жүгініп, адамдарға зиян келтірудің тамаша тәсілі.

3. Бұлтарыссыз шындық

Ауызша агрессорлар еш уақытта кешірім сұрамайды, себебі олар әдеттегідей сөздерінің дұрыстығына сенімді болады.

4. Шектен тыс айып

Моральдық садисттер әрдайым жәбірленушілерді өздерін кінәлі әрі елеусіз сезінулері үшін айып тағар дүниені табады.

5. Ащы мысқыл

Агрессорлар адамдардың ең осал қырларын табуға қабілетті болып келеді, сол себепті олардың пышақ жүзіндей өткір әзілдері жүректерге жара салады.

6. Мүдделерге қол сұғу

Жәбір көрсетуші әлсіз жандардың қызығушылықтары мен хоббилерін мазақ етеді, сондықтан да жәбірленушілер өздерінің сүйікті іс-әрекеттерінен ыңғайсызданып, тіпті ұялады.

7. Бағаламау

Агрессорлар біреудің еңбегін бағаламайды әрі кез келген жетістікке менсінбей қарайды. Олар ауызша қорлау құрбандарын қолды бір сілтеуге, қанша тырысса да, ешкімге қажеті жоқ екендіктеріне сендіреді.

8. «Бетперделі» опасыздық

Ауызша террор ешкім кедергі жасай алмайтындай, жабық есік түрінде жүреді. Жәбір көрсетушілер жәбірленушіні мектепте, жұмыста немесе үйде үмітсіздіктің соңғы сатысына дейін жеткізеді.

Ауызша зорлық-зомбылыққа ұшырағандар көбінесе іштей тынып, өзгелермен қарым-қатынастан алшақтана бастайды. Осылайша олар өздерін сыртқы шабуылдардан қорғауға тырысады, сондай-ақ көпшілік арасында оларды алаңдаушылық пен кемшілік сезімі жаулайды.

Қорыта айтарымыз, егер айналаңызда осы мінездемелерге сай адамдарды кездестірсеңіздер, оларға көмектесу үшін қолдарыңыздан келгеннің бәрін жасауға тырысыңыздар!