Екеудің құпиясыЖан әлеміӨкініш

Ажырасқанмен асықпа қосылуға

Осыдан бір жыл бұрын ұлымның әкесімен ғаламтор арқылы танысқанбыз. Бір-бірімізді бірден ұнаттық. Нәтижесінде ішімде жаңа өмір пайда болды. 29-ға келіп алғаш бала сүю бақытына ие болғаныма Жаратқанға алғысым шексіз болды. Үлкен қуанышты бастан кешірдім. Әкесі де қуанды. Бірақ, енем бірден қарсылығын білдіріп, сүйіктім арқылы түсік жасатуыма кеңес берді. Орта жасқа келіп, аңсап-сағынып көтерген баламнан не себепті бас тартуым керек?

“Бала енеме керек болмаса маған керек, қайткен күнде сәбиім аман қалады” деген үзілді-кесілді жауабымнан кейін енем тынышталды. Мешітте некемізді қиып, азаматтық некеде пәтер жалдап тұра бастадық. Қызығы мен шыжығы мол отбасылық өмірді бастан кешірдік. Сүйіктім екеуміз бір-бірімізге бауыр басып, болашақ нәрестеміздің өмірге келуін асыға күтіп жүрдік.

Бірден айта кетейін, күйеуімнің менің алдымда қосылып ажырасқан 2 отбасы, үш баласы бар. Бірінші әйелімен әлі күнге дейін заңды некеде. Алимент төлемеудің амалы ма деп ойладым. Балаларын жақсы көреді, анда-санда ақшалай көмектеседі. Олар Шымкентте тұрады. Жүктілігімнің жетінші айында оның екінші әйелі «хал үстінде жатқан анасына барамын» деп, Ташкентке заңсыз өтпек болғаны үшін шекарада ұсталып, абақтыға белгісіз мерзімге жабылды. Заңсыз өтумен қатар, “бірнеше қаржылай алаяқтықпен айналысқан” деген күдікпен ұсталды. Соның салдарынан 1,5 жасар қыздары қараусыз қалды. Өзбек нағашылары, ағайын-туыстары қызды бағудан бірден бас тартты. Амал жоқ, қызды өзіміз бақтық. Арамыздағы ұрыс-керістің басталуын өзім осы қыздың келуімен байланыстырамын. Ол қызды қанша бауырыма басайын десем де, ол мені қабылдамай, әкесін үнемі қызғанып жүрді. Бірде енемде, бірде бізде тұрып жүрді. Қызды қарайтын бір адам керек болғандықтан енем жұмысынан шығып, онсыз да мәз емес қаржымызға ортақтасты. Күйеуім тапқан табысының жетпейтінін айтып, енеммен бірге тұруымызды сұрады. Содан 2 бөлмелі пәтер жалдап тұра бастадық.

3 айдан кейін әйелі ақталып, абақтыдан босатылып, қызды анасына Ташкентке апарып бердік. Бірақ, енеммен тұруды жалғастыра бердік. Жалпы, “екі әйел бір үйде тұра алмайды” деген рас екен. Енем шаруашылыққа араласып, істегенімнің бәрін сынап-міней бастады. Бір күні дастарқан басында енем алғашқы келінімен тұрған уақытын аңсап, онда ұлының сәнді киініп жүретінін айтты (Бірақ, ол алғашқы келінімен сыйыспай, келіннің «қиқармінезін» айтып жамандап та үлгерген маған). Әңгіменің аясы ұлының қазіргі бет-бейнесі және менімен өмір сүруіне көңілі толмайтынға, ұнамайтынға саяды. Күйеуімнің тапқан табысын санап, алдыңғы отбасыларына ақша жіберіп, көмектесуін талап етті. Жалдамалы пәтерде тұрамыз, тапқанымыз өз жүріс-тұрысымыздан артылмайды. Кейде жетпегенде өзімнің ата-анамнан да қарыз аламын. Енем жұмыс істемейді, қайын сіңлім қызметтегі адам болса да ақшалай көмектескен емес. Оның алдында ғана мен күйеуіме “қоғамда жүреді, елмен араласады ғой” деп, қажетті киім-кешегін, жұмысына қажетті заттарын (өз қаражатыма) сатып алып бергенмін. Сүйіктім осы жайтты айтып мақтана бастап еді, анасы міз бақпастан, «бұлай болуы заңды құбылыс» деп шорт кесті. Әңгіменің жалғасы ішімдегі 8 айлық балама жетті. «Бұл баланы асығыстықпен жасап, бекер қалдырдыңдар» деп қойып қалды. Мұны естіп жеп отырған асым ас емес, у болды. Мәссаған, әлі дүниеге келмеген жазықсыз шарананы қателік деп отырған енеме жол болсын, сәбиім енемнің бірдеңесін тартып алатындай не көрінді? Оған қайынсіңлім де қосылды. Әрине, күйеуім сол жерде анасына «Болған іс болды, бояуы сіңді. Бұл қателік емес, біздің үкілеп күтіп отырған сәбиіміз» деп тоқтау айтты. Мен үндемедім. Өйткені “үлкенді сыйлау, сүйіктімнің анасына қарсы келіп сөйлеу” деген менің табиғатымда жоқ. Бірақ шыны керек, бұл сөздер маған өте ауыр тиді. Осы отырыстан кейін күйеуіме анасының біздің отбасымызды бәрібір қабылдамайтынын айтып, онымен жақсы қарым-қатынасымды сақтап қалу үшін бөлек тұруымызды өтіндім. Алайда ол анасынан кетпейтінін айтты. «Егер анам сені қабылдамаса өзіңді қабылдата біл, менің отбасыма келген сенсің» деген сыңайдағы әңгіме басталды. Отбасымыздың шырқын бұзатын, баламды қабылдамайтын енеммен бір шаңырақ астында қалайша бірге тұрмақпын!? Содан сүйіктімнің ешқандай әрекет жасамағанына күйініп, өз ата-анамның үйіне кетіп қалдым.

Жүйкем сыр берген екен, басында қиналып, күнде түнде жылайтынмын. Баламның әкесін де күттім, бірақ ол артымнан іздеп келмеді. Осылайша күндер өтіп, көптен күткен сәбиімді дүниеге әкелдім. Бауыр етім балама аналық махаббатым толастар емес. Босанғанда ғана әкесі келіп, ұлын көрді, атын қойды.

Бірақ, есімнен кетпейтін тағы бір келеңсіз жайт бар – перзентханада жатқанда баламыздың іші түйіліп ауырып, шырқырап жылағанда, әкесіне “аскөк суын алып келші” деп хабарласқанымда «мен жұмыстамын, босай алмаймын» дегені. Жұмысынан бір сағатқа сұранып, дәрісін әкеліп берсе болады ғой?! «Перзентханадан шығарда хабарлас, өзім шығарып аламын. Қаржылай бәрін өзім көтерем» деген. Баласының жаны қиналғанда қасында табылмаған әкесі қуанышты күні не керек?! Перзентханадан ата-анам мен туған-туыстарым шығарды. Анам «Баланың әкесі бар ғой, хабарлас. Үйге шілдеханаға келсін» деді. Кешке таман «әкеміз» сыраға сылқия тойып, ұлын көруге келді. “Ұлымның қажет-жарағын алып беріп тұрамын, пәленше күні келемін” деп сөз берген. Сөзі сөз ретінде қалды. Хабарлассам «жұмыста болдым, қолым тимеді» деп ақталды. Одан ешқандай қаржылай көмек көргенім жоқ. Көңілім қалғаны соншалықты онымен сөйлескім де келмейді. Анда-санда телефонмен хабарласып ұлының суретін жіберуімді сұрайды. Бар болғаны осы. Оның түсінігінде әкелік қатынас, парыз деген осы шығар…

Осыдан бір ай бұрын баламның ыстығы көтеріліп, іші өтіп, ауруханада жатып шықтық. Палатада баламмен жасты 2 айлық нәрестелер аналарымен жатты. Бірақ, олардың әкелері бар. Балаларының керек-жарағын әкеліп, үнемі денсаулықтарын сұрап тұрды. Мұны көріп көңілім тағы құлазыды. Тірі әкесі бола тұра жетімдей болған балама жаным ашыды. Баламды әкесіз өсіруге хақым жоқ екенін білдім. Әкесіне хабарласып, “қайткен күнде баланың әкесі ғой” деп, ауруханадан шыққанда үйге анда-санда келіп, баламыздың денесін ширатып, уқалап тұруын сұрадым (Сұлулық салонында дене уқалаушысы боп істейді). Бұл менің балам алдындағы парызым деп білдім.  2 рет келіп баласының денесін уқалап, ширатып кетті. Қайта қосылуымыз туралы әңгіме бастағанымда “қазіргі уақытта, біріншіден, эротикалық сарындағы массаж жасайтынын, яғни, қалталы қыз-келіншектердің құмарын қандыратынын”, екіншіден анасынан ажырамайтынын айтты. Бұл менің қабылдай алмайтын жайт екенімді жақсы біледі. Осы 3-4 ай бөлек тұрғанымызда оның мүлдем өзгергенін байқадым. Қазір екі отбасына қаржылай көмектесіп жүргенін айтты. Ол “менен ақша сұрама” дегені. Мені жерден алып жерге салып жамандады. Мені мүлдем сыйламайтынын көрсетті. Осыдан кейін отбасымызды ұлымыз үшін сақтап қалу ниетімнен біржола айныдым.

Оны да кінәламаймын. Өйткені, ол әке тәрбиесін көрмеген. 15 жыл бойы өгей әкесінің теперішін көріп өскен адам өзі әке болары неғайбыл. Үнемі сыра ішіп, мас боп жүретін әдеті бар. Осы сырасына сылқия тойып, аңдамай сөйлегенін бір мерекелі отырыста менің туысқандарым көріп, жақтырмады. Онысын күйеуіме айтты да. Біздің отбасымызға араласып, ақыл айтқаны үшін күйеуім мені туыстарыммен араластырмауға да талпынды, талап та қойды. Қараптан қарап туыс-ағайынсыз қалайын дедім.

Күйеуімнің шынайы бейнесі осындай ма? Менің сүйген адамым басқа еді ғой, біздің сезіміміз қайда қалды? Ұлының туылуын күтіп, оны тіпті дзюдо спорт секциясына беремін деп жоспарлап жүрген әкеміз қайда? Әлде бәрі сөз жүзінде қалды ма тағы? Қайткен күнде, бала берекесі мол шаңырақта, оны шын жүректен жақсы көретін адамдар арасында, үлкен махаббат пен тәрбие бар жерде өсіп-өнуі керек. Ең бастысы, өмірімнің жалғасы – алтын балапаным, ұлым бар. Демеп отыратын көмекшілерім – ата-анам бар. Өмірімнің мәні мен сәнін кіргізген сәбиімнің барына шүкіршілік етемін.

Менің қыз-келіншектерге айтарым: бірнеше рет ажырасып үлгерген адаммен отау құрмас бұрын жақсылап ойланыңыз. Не себепті, қанша рет ажырасқанын, қанша баласы бар, оларға көмектесе ме деген сауалдарға жауап алыңыз. Өйткені, алдыңғы отбасылық өмірін келістірмеген адам сізді және балаларыңызды бақытты етуі екіталай.

Алма, Алматы қаласы