ажырасу
Жан әлеміӨкініш

Ажырасам деп балаларымнан айрылдым

Ажырасу – мені балаларымнан айырды. Осыдан он жыл бұрын Марат көзіме шөп салғандықтан өзім ақ босағасын аттаған үйім мен үш баламды тастап кеттім. Өмірлік жарым күнделікті шаңырағымызға келіп, хал-жағдайымызды сұрап жүретін Жұлдыз есімді әйелмен төсектес болыпты.  Жақын құрбыма айналған жан мен жарымның опасыздығы жаныма қатты батты. Осылайша үш ұйықтасам түсіме кірмеген жайт отбасымның ойранын шығарып, балаларымнан айырды.

Жанна

Ол кезде Жамбыл ауылында тұратынбыз. Әнімді айтып, далада балалардың киімдерін жуып отырған едім көрші әйел аптыға келіп «Білесің бе, күйеуің Жұлдызбен жатып жүр, хабарың бар ма?» дегенде төбеме суық су құйып жібергендей болды. Не дерімді білмей, отырған орнымнан тұра алмай қалдым. Күйеуім ол кезде моншаға су тасып жүрген еді.

Қарлығаш түрімді көріп қорқып кетті. Мені жетелеп үйге кіргізді де, қарасын батырды. Бар ойым Мараттан мән-жайды білу. Ол үйге кірісімен балаларды ойнауға жібердім де, жұбайымды сұрақтың астына алдым. «Қарлығаштың айтқандары рас па», «қашаннан бері мені алдап келе жатырсың» деген сұрақтарыма Марат саспастан «мен Жұлдызды сүйемін, бірақ сені балалар үшін қимаймын» дегенде, жүрегім қарс айырылды. Жаныма қатты батқаны – тым болмаса кешірім де сұрамағаны. Мұндай сөздерден кейін онымен бір шаңырақтың астында тұру мүмкін еместей көрінді. Асығыс киімдерімді жинап, енем келгенше төркініме баратын көлік іздеп кеттім. Бірақ үш балам менімен бірге барудан бас тартты. Олар әжелерінің қасында қалуды жөн санап, сөздеріме құлақ аспады.

Енем де мені қолдайтындардың қатарынан емес еді. Әркез қайын әпкеммен бірігіп, отыра қалып жамандап, төркінімді сөз етуді ғана білетін. Тіпті бірде кенже балама «Нағашы әжең – соқыр, бір көзі жоқ. Көзіңе тура қарасаң, сені жеп қояды. Оған мүлде жолама» деп анам туралы ауыр сөздер айтқан екен. Анам марқұм өте ақкөңіл, ниеті таза адам еді. Аузың ашса, жүрегі көрінетін. Алайда енеммен сөз таластыру мүмкін емес еді. Сол кісінің кесірінен үнемі үйде айғай-шу, ұрыс-керіс орын алатын. Баласын қызғанды ма, білмеймін, бірақ әрқашан күйеуімді маған қарсы қоятын. Жолдасыммен арамыздың суып кетуіне де осы жайттар себеп болған шығар. Сол сәтте өзіме ме, енеме ме, Жұлдызға ма, әйтеуір, кімге кінә артарымды білмей, ажырасу процессін бастау үшін төркініме жол тарттым.

Ертесінде енем мен қайын әпкем артымнан іздеп келді. Сондағы мақсаттары – мені үйге қайтару емес, барлық кінәні маған артып, төркініме қаралау болды. Әкем енемнің сөздеріне шыдамай, екеуін үйден қуып шықты. Айтуға, ақталуға сөз таппай, көзімнен жас парлаған күйі отырдым. «Баласының қателігі үшін кешірім сұрап, екі жасты қосуды ойламай, қызыма бәрін артпақшы» деп әкем байғұс ашуға булықты.

…Өз басым балаларыма жақын жан болдым деп айта алмаймын. Маған қарағанда жұбайым балажан еді. Сондықтан болар,  үш балам да мені іздемеді. Бір айдан соң балаларым мен құжаттарымды алып кету үшін үйге бардым. Бірақ балалар мені көргенде қуанбақ тұрмақ жатырқап, жатсынды. Осылайша, ажырасу үшін үйден құжаттарымды құшақтаған күйі жалғыз кеттім.

Содан бері он жыл өтті. Кеше балаларымды аудан орталығынан көрдім. Сол сәттегі жағдайымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын, жүрегім езіліп, жаным жаншылды. Қызым мені құдды танымайтын адамдай қасымнан өте шықты. Тұңғышым мен кенже ұлым, бұрылып та қарамады. Үшеуі де әп-әдемі қыз бен жігіт болып өсіп қалыпты. Қарасаң көз сүйсінеді. Естуімше, күйеуім екінші рет отау құрмаған. Біз әлі күнге дейін некемізді заңды түрде бұзған жоқпыз.  Ажырасу процессі басталмаған күйі қала берді.

Шаңырағымызды ортасына түсірген көңілдесі қазір басқа еркекке тұрмысқа шығып, Мараттан туған баласын балалар үйіне өткізген екен. Тұрмысқа шыққанына 3 жылдан асса да әлі құрсақ көтермеген. Алла мұндай бұзылған әйелдердің жазасын осылай беріп жатқан болар. Кейде сол екіжүздінің күйеуімен жолығып, жұбайының барлық жүріс-тұрысы жайында шындықты жайып салғым-ақ келеді. Дегенмен, «Арада 10 жыл өтті ғой. Енді одан не ұтамын?» деген ой тоқтау салады.

Өзегімді өртеген өкініш – балаларыма деген сағыныш. Он жыл бұрын өзімшілдікке салынбай, балаларымды алып кеткенімде олар үшін «тасжүрек анаға» айналмас едім. Әй, өмір-ай! Үш құрсақ көтерсем де аналық мейірімім неге уақытында оянбай, артынан опық жеп қалдым екен?!

Бұл оқиғамды өзгеге айта алмаймын. Өзге жан қателігімді бетіме басып, кінәлап шыға келеді. Білемін! Түсінемін! Балаларымның алдында айыптымын! Дегенмен, енді ештеңені өзгерте алмайтыным өкінішті.