Бала тәрбиесіОтбасы

Алғашқы достық: Баланы дос болуға үйретіңіз

Достық - адам өмірінің алғашқы жылдарында-ақ өткеретін сезім. Ол да тамақ пен демалыс сияқты адамға қажетті дүниенің бірі. Достық - адамның тұлғалық болмысына әсер ететіні белгілі. Мамандардың айтуынша, бала кездегі достардың ықпалы басым болады, сондықтан кішкентайыңызға досты таңдай білуді үйреткен ләзім екен.

Дос, әлде…

Бала өзіне кімнің дос екенін түсінуі бірден болмайтын құбылыс. Бұл жерде ата-ананың да бағыт-бағдары маңызды. Кішкентай күнінен әрекеттің оғаштарынан тиып, пайдалы, жақсы деген дүниелерге түсінік беріп өсіруі керек. Бала жүре бастаған кезден-ақ ауладағы өзге адамдармен қатынасқа түсіп, өзінің қатарластарымен бейсаналы түрде байланыс орната бастайды. Өйткені бала 3 жасқа дейін өзгелердің тілегі мен қызығушылықтарын саналы түсіне алмайды. Осы себептен де бала кішкентайында ойыншықтармен немесе өзінің жақындарымен ғана ойнайды.

Одан кейін ғана қоршаған ортасымен байланысуға тырысатын көрінеді. Бала алдымен өзінен үлкен жастағыларға жақын болады, кейіннен кішкентайларға, соңынан ғана өзімен қатар балалармен тіл табыса бастайды. Осы уақытта балаға достық туралы ертегілер мен әңгімелер айтып, достық деген ұғымды түсіндіруге тырысу керек.

 Балалар достығы – ересек өмірдегі қарым-қатынасына репитиция. Бала сенім, жақындық, адалдық сияқты нәрселерді осы кезде біледі. Егер ата-ана олардың достығына тым қатал қарап, жиі араласса, баланың болашағына кедергі келтіреді.

«Достықтан» құтқару қате

Қазір баланың бірінші досы ғаламтор болып кеткен сияқты. Оның айтқандары мен көрсеткендері бала үшін дұрыс. Одан кейін отбасындағы түсінік, ата-ананың психологиялық жағдайы мен сөйлеу мәнері қалыптасып келе жатқан балаға әсер етеді. Өзіне екі жақтық қабілеттерді жиған бала аулада міндетті түрде соның нәтижесін көрсетеді. Ол нәтиженің жақсы, не басқаша болуы жоғарыдағы дүниелерге тікелей байланысты. Өсіп келе жатқан сезімтал бала үйренуге икемді келеді. Сондықтан олар ойнайтын балалардың әдеттері мен сөздерін жұқтырып алады. Кейде «менің балам олай сөйлемейтін еді…» деген сөзді өзіңіз де айтып қалатын боларсыз?! Оның досы тым дөрекі, бұзық немесе түрлі моделдегі киім мен гаджетін ай сайын ауыстыратын, болмаса қабілеті төмен, кеш жетілген болуы мүмкін.

Егер солай болса, оның достарын бақылап, ара-қатынастарына кеңес беруге тырысыңыз. Бірақ бұл ашық түрде, қатаң тиымдар арқылы жүзеге аспайды. Бала әртүрлі әлеуметтік таптағы адамдармен араласып үйрену керек. Сондықтан қатынастарын мүлде үзіп тастауға тырыспаңыз.

 Маман кеңесі:

 3-4 жас

Балада үш жастан асқанда эмпатия, яғни өзгелерді түсіну, жай-күйін ұғыну сезімі ояна бастайды. Дәл осы жаста достық туралы түсініктер қалыптасады. Сондықтан осы кезде кішкентайыңызға өзгелермен байланыс орната алуды үйретіңіз.

 5 жас

Баланың ортасы қалыптаса бастайтын шақ, бұл кезді ата-анасы назардан тыс қалдырмағаны дұрыс. Бірақ, барлық бұзақылықты басқаның перзенті жасайды дегенді ойдан шығарыңыз. Сіздің періштеңіздің де бұзақылыққа баруы мүмкін ғой?! Сол үшін әр жағдайды жеке бақылап, таразыға салыңыз.

6–8 жас

Бұ жаста бала жақсы қатынасқа, беделге көңіл бөле бастайды. Оған қатарластарының көзінше дауыс көтермеуге және артық еркелетпеуге тырысыңыз. Одан кейін ешқашан достарының мінез-құлқын сынамаңыз. Тіпті ол сіздің үйіңізде бұзықтық жасап, шаршатса да «Бұл Мирас – ақымақ! Тек жаман нәрселерді үйретеді!»- демеңіз. Өйткені сіз олай жасау арқылы балаңызды досына қарсы қоясыз. Ал ол сіздің балаңыздың мінезіне кері әсер етуі мүмкін.

 

9–10 жас 

Адамдармен дұрыс сөйлесуді, араласуды үйренетін шақ. Өзгемен ұрыспауға, біреудің құпиясын жария етпеуге, алғыс айту мен кешірім сұрауға тәрбиелеңіз. Десе де баланың басы иығында болуы керек. Сіз де достарыңызды үнемі өзіңіз ғана таңдай алмайсыз ғой?! Бала – сіздің айнаңыз!