бала суреті
Бала тәрбиесіЖан әлемі

Бала суреті: бала шимайының сыры қандай

1.03K (1000)Қаралымдар

Бала суреті оның жан дүниесінен сыр шертеді. Бүлдіршін ішкі сезімін үлкендерге айтып жеткізе алмаған соң оны тек қаламның ұшымен әңгімелейді. Ендеше сурет арқылы оның психологиясын зерттеп көрелік.

Балдырғандар салған суреттерінде айналасындағы адамдарды, жан-жануарларды, ертегі кейіпкерлерін әрі қиялдарыңдағы үйді бейнелейтіні рас. Мәселен, сол бейнелер кейде жарқын болуы мүмкін, ал кей кездері бала суреті көркем өнер дәстүрінен тыс белгілерді пайдалана отырып салынған қайғылы, терезелері мен есіктері жоқ ашық кеңістіктерді де көріп жатамыз. Сол себепті бүгінгі санымызда бала салған суреттің сырын ақтаруға тырысамыз.

Бала суретінен психологиясы байқалады

Баланың бейнелеу үрдісінен оның психологиясы мен жай-күйін аңғаруға болады, яғни ол бейнелер арқылы өзі туралы сыр шертеді. Мысалы, 3-4 жастағы бала үйдің суретін мына ереже бойынша салуы тиіс: «Шаршы – бұл үй, үшбұрыш – оның төбесі, ал шатыры – күн формасындағы шеңбер» дегендей.

Қолына алғаш қарындаш ұстап, шимайлап салған бала суреті психологтарды қатты толғандыратыны рас, себебі бейнелерді бір көргеннен-ақ олар кішкентай автор туралы көп нәрсе айта алады. «Суреттердегі геометриялық формалар – балдырғандар өздерінің барын білдірту үшін қолданатын әмбебап, символдық тіл», – дейді балалар психоаналитиктері. Мәселен, суретте бала үйді қалай бейнелесе, бұл өзін қоршаған ортада солай сезінетіндігін білдіреді. Ал егер суретте үй бір жағына қарай құлап бара жатқан болса, баланың ойы шашыраңқы немесе оған қысым жасалып жүргендігін байқауға болады.

Балалар альбомында аяқ асты қара бұлттар пайда болып, суреттегі қатты бекітілген құлыпты көзіңіз шалса, бірден жан ұшырып, дабыл қаққаныңыз болмас. Сәби сезімі мен қиялы әркез өзгеріп отыратындықтан, соған сай суреттері де өзгере бастайды. Оның барлығы балдырғанның жасына әрі толғандырған сезімдерге байланысты.

Балалар бейсаналық түрде үйдің суреті арқылы жан дүниесін жеткізеді. 6-8 жасқа дейін бала суреттерде өзі туралы айтады

Бүлдіршін есейген сайын айналасындағы орын алып жатқан оқиғаларға мұқият болады әрі суреттерінде үйдің барлық тиісті бөлшектерін бейнелейді. Суреттен «қоршаған» әлемге деген көзқарасын дөп басып айтуға болады.

Баланың бейнеден байқалатын психологиясын тереңірек танып-білу үшін мына мысалға назар аударыңыздар:

Бес жастағы Камила айналасындағы адамдармен қарым-қатынас жасаудан бас тартатын. Ол ата-анасымен бірге екі жылға жуық психолог көмегіне жүгініп, тиісті терапия алды. Психотерапия сессиялары кезінде қыздың салған суреттерінен сабақтардың қандай әсерлі өзгерістерге әкелгенін байқауға болады.

Қыркүйек айында: ол ешкіммен араласпайды

Терезелері жоқ тар үй, демек сыртқы әлеммен байланыс жоқ. Ашылмайтын есік қыздың ішкі жай-күйінен хабар береді. Яғни, ол бүлдіршіннің қысылып-қымсынатындығын білдіреді. Дегенмен, жарқын түстер мен суреттің жоғары қарай бағытталған бөлшектері оның осы күйден шығуға деген ұмтылысын көрсетеді.

Нәзік гүлдер – шағын тіршілік иелері, мүмкін қыз нәрестелік өмірдің бейқам жағдайын еске алғысы келген болар. Бұл да бір күйзелістің нышаны. Суреттегі гүлдер – қыз баланың әкесін қуантқысы келіп жүргендігінің белгісі.

Қаңтар айында: әлемге ашыла бастады

Суреттегі үйден екі жаңа элементтің пайда болғандығын көруге болады: жоғарғы жақтағы шағын терезе (қыз әлі ашылуға дайын емес, бірақ ол айналасында болып жатқанның барлығын бақылап жүр) мен шатырдағы құбыр – үй (бала) мен аспан (қоршаған әлем) арасындағы байланыстырушы түйін. Құбырдан шыққан түтін отбасының жылы атмосферасы туралы ойларды оятады.

Үйдің жанындағы ағаштар – ата-ана бейнесінде. Бала түсінігі бойынша, олар оны қызғыштай қориды. Сол жақтағы ағаш әкесінің қатты мінезін білдірсе, ал оң жақтағы гүлденген ағаш анасының мейірімі мен қорғанышын көрсететіндей.

Мамыр айында: бала өзін қалыптастыруда

Суреттегі үйде нақты бейнелер пайда болса, ол Камиланың өзіне деген сенімділігінің артқандығын білдіреді.

Суретте бейнеленген екі терезеден қыз баласының әлі күнге дейін әлемді бақылайтындығын байқауға болады. Сондай-ақ, қыздың қаламынан туған суреттегі қызыл (белсенді) түсті үлкен терезе оның сөйлесуге дайын екендігін көрсетеді.

Боялған үйдегі терезелер мен есіктердің саны оның отбасы мүшелерінің санына сәйкес келеді. Яғни, ол ата-анасының қадірін түсінді әрі өзін қоғамның бір мүшесі ретінде қалыптастырып келеді.

Наурыз айында: ол өз орнын тапты

10 айдан кейін салынған үйдің көлемі артты, ол Камиланың сенімді бола бастағандығынан хабар береді. Күн – күш пен ғажайыптың жарқын бейнесі, қыздың дәл қазіргі сәтте өзін жақсы сезінетіндігін білдіреді.

Алғашқы суреттеріндегі құбыр жоқ, алайда аспанда құстар ұшып жүр. Бұл – қарым-қатынас пен рухани ұмтылыстың нышаны.

Сондай-ақ, бастапқы суреттердегі ағаштар да көзден ғайып болған, яғни қызға қазір ешқандай қолдау қажет емес. Бейнелеген терезелерінде перделер пайда бола бастады, ол – «көздегі қабақтар». Демек, бала енді әлемге ашылып қана қоймай, ішкі кеңістігін сыртқы шабуылдан қорғай алатын халге жетті.

Бала – нәзік болмыс. Ол айналадағы, отбасындағы, қоршаған ортадағы құбылыстарды дәл әрі сол сәтте барынша сезінеді. Сол себепті баланың суретіне жіті көңіл бөліп, оның психологяисы мен ішкі әлеміне үңіліп жүрген ата-анаға еш артық болмайды.

Ұқсас мақалалар:

Балаңызды бақытқа не бөлейді?

Бақытты бала тәрбиелеңіз!