бала тәрбиесі
Бала тәрбиесіОтбасы

Бала тәрбиесінде қолдануға тиіс 40 кеңеc

Бала тәрбиесі – ең қиын, әрі ең қызықты жұмыстардың бірі: кейде қатты шаршайсың, есің шығып қорқасың, кейде бақыттан басың айналып, қуаныштан жүрегің жарыла жаздайды. Бұл іс үлкен жауапкершілікті, мол махаббатты қажет етеді. Бала тәрбиесімен айналыса отырып, өзіңізді де тәрбиелейсіз. Ендеше, қаперіңізде жүруі керек 40 кеңеспен танысыңыз.

Бала тәрбиесі қажет ететін алғашқы кілт – кітапқа деген қызығушылық. Сол себепті ең алдымен оқуға махаббатын оятыңыз. Кішкентай бала тап-таза аппақ парақ сияқты, ештеңеден хабары жоқ екенін ұмытпаңыз. Сондықтан оған айналасындағыны танып-білу қажет. Ол үшін оқуға ынталандырыңыз.

 

1 . Дауыстап оқыңыз. Бұл баланың сөздік қорын кеңейтеді, ал оқылған әңгімені бірлесе отырып талқылау мәнді мәтінді бағалай білуге машықтандырады.

2. Кітап сөресін баланың бойынан сәл биіктеу орналастырыңыз. Оның жоғарыда тұрған «жаңалыққа» деген қызығушылығы – әдебиет әлеміне жасар алғашқы қадамы болмақ.

3. Қайталап оқыңыз. Сүйікті кітаптарын уақыт өте қайталап оқу, ондағы кейіпкерлердің мінез-құлқын жақсырақ танып-білуіне көмектеседі.

4. Балалар кітапханасына жиірек барыңыздар, оқу залында отырыңыздар, кітап сөрелерін ақтарып, жаңа кітаптармен танысыңыздар. Балаңыз кітаптың қандай керемет мол мұра екенін түсінсін. Бала тәрбиесі институтының алғашқы қадамы осы!

Кейде нағыз достардың да жолы екі айырылып жатады… Балаңызды жақын досы ренжітті ме? Ендеше, қолдау көрсетіңіз!

5.  Еркеңізбен дұрыстап сөйлесіңіз. «Арманның бұлай істеуіне не себеп болды?» немесе «Әлияның бұлай дегені саған ұнамады ма?» деп, мәселенің мәнін шешіп алыңыз.

6. Ниетіңіз дұрыс болсын. Егер баланы жақсы көріп өсірсе, ол да жан-жағындағыларын жақсы көріп өседі. Егер оған әркез көмек болсаңыз, ол да айналасындағыларға қол ұшын созуды үйренеді. Бала тәрбиесі оңай іс емес.

7. «Ең жақын дос» деген тіркестен аулақ болыңыздар. Балаңыз достарын «ең жақын» мен «қарапайымға» бөліп өспесін.

8. Балаңыздың белсенділігін арттырыңыз. Оны мектептен тыс түрлі үйірмелерге, спорттық секцияларға жаздырыңыз. Осылайша, араласатын ортасын кеңейтіңіз.

Дұрыс тамақтануын қадағалаңыз. Балаңыздың денсаулығы сіздің қолыңызда! Бала тәрбиесі тек оған кеңес берумен шектелмейді.

9. Газдалған сусын бермеңіз. Сондай-ақ энергетикалық және тәтті сусындарды тоңазытқышта сақтамағаныңыз жөн. Оның орнына балаңызбен бірге аздаған шырын қосылған минералды су ішуді әдетке айналдырыңыз.

10. Теледидар мен компьютер алдында тамақтануға болмайтынын үйретіңіз. Өйткені кішкентайлар ғана емес, ересектердің өзі теледидарға телміріп отырып, шамадан тыс ішіп-жеп қойғандарын байқамай қалады.

11. Тіскебасарын дайындап қойыңыз. Тамақ ішер алдында баланың тәбетін қайтаратын тәтті жегізбей, «асқазанын алдай» тұруға алдын ала дайындалған сіңімі жеңіл жеміс-жидек беріңіз.

12. Сатып алатын тағамдарыңыздың құрамын міндетті түрде тексеріңіз. Әсіресе, балаларға алатын болсаңыз, екі есе мұқият болыңыз.

 

Отбасылық асты дәстүрге айналдырыңыз. Бұл қалыптасқан дәстүр болуы керек. Қандай жағдай болмасын, күнделікті сағат 18:30-да (немесе өзіңізге ыңғайлы уақыт) дастарқанға бірге жиналып отыру — жай тамақ ішу емес, нағыз бала тәрбиесі уақыты.  

13. Тамақты бірге дайындап, дастарқан басында төрт көз түгел отырғанға жетер бақыт жоқ. Бастысы, тамақтың пайдалы болғаны.

14.Үйдің тағамын беріңіз. Уақыт жоқта дүкендерде сатылатын дайын тағамдардың «құтқарушыдай» көрінері түсінікті. Десе де, нағыз құтқарушы — үйде өз қолыңмен әзірленген ас: денсаулыққа пайдалы, қалтаңызға да аса ауыр салмақ түсірмейді.

15.Тамақты үйде дайындап, дастарқанды бірге жаю отбасы мүшелерін бір-біріне жақындата түсері хақ. Соңғы жаңалықтарды тамаққа отырмастан бұрын бір-бірлеріңізден біліп аласыздар.

16. Ұйқысына мән беріңіз. Тәулігіне 11 сағаттан аз ұйықтаған 5-11 жас аралығындағы балалардың көпшілігі кейін артық салмақтың зардабын шегеді.

17. Балаңызға үлгі болыңыз. Ата-анасы спортпен шұғылданғанын көрген бала да жаттығуларды қызығушылықпен қайталайды.

18. Ас тұзын аз қолданыңыз. Балалар тұзды тағамдарды көп жесе, суды да көп ішеді. Ал олардың қарапайым су емес, көп жағдайда тәтті, газдалған сусындарды ішетінін ескерсек, балалар тағамына тұзды аздап қосқаныңыз жөн.

«Саған қанша рет айттым?» деп ұрысуды доғарыңыз. Бала тәрбиесі дауыс көтеруді көтермейді. 

19.Тәртіп ережесін орнатыңыз. Ол үшін алдымен балаңыздың қай қылығын жөнге келтіру керектігін анықтап алыңыз. Мысалы, «Егер аузыңдағы тамағыңды еденге түкіретін болсаң, отырып оны тазалауың керек! Түкіруге болмайды!» деп үйретіңіз.

20.Теріс қылықтарына күлмеңіздер. Сіздердің күлгендеріңізді көріп, олар оны дұрыс екен деп қабылдайды.

21.Түсіндіріп айтыңыздар. Ұрысып, жазалаумен балаларды тәртіпке келтіре алмайсыздар. Сондықтан нені дұрыс істемегенін, неге олай екінші қайталауға болмайтынын мысалмен түсіндіріп айтыңыздар.

22. Өзара «сигнал» сөздеріңіз болсын. Көпшілік ортада не қонақта отырғанда балаңыз шектен шығып бара жатса, ыммен-ақ бір-бірлеріңізді түсінуге дағдыланыңыздар.

23. Баланы ашуландырмаңыз. Әсіресе, ол жылап тұрғанда оның әрекетін қайталап, ызасын одан ары келтірмеңіз. Одан ұтылмасаңыз, ұтпайсыз.

Балаңыздың әлеуметтік желідегі өміріне мән беріңіз. Егер әлеуметтік желіде балаңыздың парақшасы болса, онда оған антивирустік сапалы бағдарлама орнатып бергеніңіз жөн.

24. Жеке мәліметтерін толтыруға көмектесіңіз, әрине егер балаңыз әлеуметтік желіде жаңа тіркелген болса. Сондай-ақ бастапқы уақытта достыққа тек таныс адамдарын ғана қосып, бейтаныс жандармен хат алмаспай тұра тұруын қадағалаңыз.

25. Парақшасының құпия сөзін ешкімге айтуға болмайтынын түсіндіріңіз. Ұмытып қалмауы үшін бір жерге жазып, жасырып қойғаны жөн.

Оқу үлгерімін жақсартқыңыз келсе, балаңыздың ойынын азайтыңыз.

26. Видео мен онлайын ойындарға лимит орнатыңыз, шек қойыңыз. Уақытының көп бөлігін компьютер алдында өткізетін балалар оқу мен үй тапсырмасына дұрыс көңіл қоймасы түсінікті.

27. Балаңыздың өзіңізге қарап өсетінін ұмытпаңыз. Қол беріп амандасу, үлкендер мен бейтаныс адамдарға «Сіз» деп сөйлеу, сыпайылық таныту. Мұның бәрін сырттай байқап жүрген бала да сіз сияқты қайталайтын болады.

Әр сөзіңіз балаңызға «жететін» болсынАқпа құлақ бала өсіргіңіз келмесе, төмендегі кеңесімізді есіңізде ұстаңыз.

28. Айқаймен емес, ақылмен түсіндіріңіз. «Қарындасыңды ренжітпе!» деп дауыс көтермей, «Қарындасың кішкентай, ол оны білмейді, түсіндіріп айт!» деп сабырмен ұқтырыңыз.

29. Бірден шешім шығармай, алдымен балаңыздың пікірін біліңіз. Мысалы, «Мына жұмысты аяқтау үшін саған екі сағат жеткілікті ме?» деп сұраңыз. «Мына жұмысты екі сағаттың ішінде бітір!» деп дүрсе қоюға болмайды.

30. Ақылдасыңыз. Балаңыздың көп ұйықтайтыны мазалай ма? Ендеше, «Таңертең тұруға саған не кедергі? Неге тұра алмайсың? Мүмкін ерте жату керек шығар…» деп кішкентайыңызбен ақылдасып көріңіз. Оның пікірін тыңдаңыз.

31. Күнделікті әңгімелесіңіздер. Балалар көбіне мектептен келгенде немесе ұйықтауға жатар алдында әңгімелескілері келеді. Мұндай мүмкіндікті жібермей, оларды әңгімеге тартыңыз. Балалардың ашылып сөйлеулеріне жағдай жасаңыз.

 

Жеткіншекке жұмыс табуға көмектесіңіз. Егер балаңыздың бос уақыты болса, бастысы, жұмыс істеуге ниеті болса, күнделікті жұмсар ақшасын өзі табатын жұмыс қарастырған жөн.

32. Жасөспірімдерді жұмысқа орналастырғанда абай болыңыз. Мейрамханалар мен дүкендер жеткіншектер жұмыс істейтін орын емес. Оларға ойын-сауық саябақтарында, балалар лагерьлерінде жақсы, әрі қауіпсіз жұмыс орындары табылады.

33.Теориядан практикаға. Балаңызды анда-санда жұмысыңызға ертіп барып тұрыңыз. Біріншіден, ол көпшілікке үйренеді. Ал екіншіден, жұмыс барысымен танысып, ақшаның аспаннан жаумайтынын түсінеді. Сондай-ақ арасында коммуналдық қызметтерді төлетуге жіберіп тұрған дұрыс. Бала ақшаның қалай келіп, қайда кететінін көзімен көріп өскені өзіне сабақ болады.

Балаңызбен оның сыртқы түр-келбеті мен тазалығы жайында сөйлесіңіз. Жасөспірімдердің ең үлкен уайымдарының бірі — бетке шыққан безеулер. Қарапайым ғана безеуден бола сыртқа шығуға ұялып, өзін өзгеден кем санап, тұйықталып қалатын балалар жоқ емес. Сондықтан осыған мән беріңіз.

34. Балаңыздың дәрумендерді қажетінше қабылдап жүруін қадағалаңыз. Құнарлы асты көбірек дайындаңыз. А дәрумені бет терісін жақсы тазалайды.

35. Ыстық сумен емес, жылы сумен жуыну дұрыс екенін түсіндіріңіз. Ыстық су бет терісін зақымдайды.

36. Орамалмен дұрыс сүртінуді үйретіңіз. Бетін қатты ысқылап, терісіне кері әсерін тигізбесін.

37. Балаңызды аптасына бір рет ұялы телефонын спиртті шүберекпен сүртуге дағдыландырыңыз. Өйткені күнделікті қолымыздан тастамайтын телефондар — микробтардың нағыз ордасы.

38. Балаңыздың гигиеналық қажеттіліктерін дұрыс таңдаңыз. Беті-қол күтіміне арналған косметикалық құралдар мен шашқа арналған сусабын алғанда қателеспеңіз.

39. Бақытты ата-ана — бақытты балалар. Әке-шешесінің көңілдері түсіп, қандай да бір уайыммен жүргенін балалар бірден біледі және сол күйді олар да өз бастарынан кешеді. Сондықтан әрдайым жайдары жүруге тырысыңыздар. Уайым-қайғыны балаларға байқатпаған жөн.

40. Өз өмірлеріңізге бас-көз бола алатындарыңызды көрсете отырып, балаларыңызға да қамқор бола алатындарыңызды түсіндіресіздер.

Ұқсас мақалалар: 

Сын -әлжуаз бала өсіреді

100 мектеп бере алмайтын әке тәрбиесі

Мақала ұнады ма? Көңіліңізден шықса төмендегі 👇 тетіктерді басып, өз әлеуметтік парақшаларыңызда бөлісіңіз