Бала саулығыДенсаулық

Баладағы бронхит: белгілері, себептері мен емдеу жолдары

Баладағы бронхит және соның әсерінен орын алатын қатты жөтел әр ананың жүрегіне батары сөзсіз. Айтулы мақалада балаңызда бронхит бар екендігін түсінуге көмектесіп, оны емдеу жолдарын ұсынатын боламыз.

Бронхит дегеніміз…

Бронхтың ішкі бетінің шырышты қабығына вирустар немесе бактериялар «қонған» кезде пайда болатын бронх қабынуы. Тыныс алу жолдары тарылып, өкпенің желдетілуі нашарлайды, көп мөлшерде шырыш пайда болады әрі «бронхоспазм» басталады. Бұл – бронхтар артық шырыштан арылуға және тыныс алу жолдарын ашуға тырысатын табиғи құбылыс. Аталмыш ауру пневмонияның дамуына әкеліп соғуы бек мүмкін, сондықтан ем-шараны уақытылы бастау маңызды. Бүлдіршіндерде бұл дерт ересектерге қарағанда әлдеқайда ауыр формада өтеді, өйткені олардың тыныс алу жүйесі дұрыс жөтелу мен шырышты қабықтан өздігінен арылуға әлсіз. 

Балалардағы бронхит белгілері

Егер балаңызда бронхит бар деген үрей болса, төмендегі белгілер оны растай алады: 

Дене қызуының көтерілуі;
Ыстық;
Тыныс алудың қиындауы, жиілеуі әрі ауырлауы;
Қатты жөтел, қарлығу;
Әлсіздік пен ұйқышылдық;
Жүрек айнуы әрі құсу (аурудың бактериялық түрінде).

Себептері

Баладағы бронхит көп жағдайда ЖРВИ-дің асқынуынан туындайды. Дерттің дамуы бронхтың шырышты қабығына әсер ететін арнайы вирустарға байланысты болып келеді. Бұл – басқа науқастармен байланыс жасаудан туындайтын жұқпалы ауру. Бронх гипотермия және өзге де қабынулар, мысалы, мұрын бітелуі немесе көмейдің қабынуы нәтижесінде асқынбайды. Көп ата-аналар бауыр еті баласында бронхит пайда болса, «ауру жыл сайын қайталанады» деп сары уайымға салына бастайды. Шынтуайтында, аурудың қайталануын күтуге немесе «бала бір рет ауырды, енді ешқашан жұқтырмайды» деп ойлауға еш негіз жоқ. 

Не істеу керек?

Еш уақытта өздігіңізден ем-шара қолданбаңыз: 

қыша жапсырмаларын қолданбаңыз;

ингаляция жасамаңыз;

жылытатын жақпа майларды пайдаланбаңыз, себебі ол жағдайды одан сайын ушықтыруы мүмкін. Егер балаңызда бронхит белгілерін байқасаңыз, дереу дәрігердің көмегіне жүгініңіз. Ақ халаттылардың антибиотиктер тағайындауы ықтимал,  бірақ олар бронхтың қабынуын емдеу үшін емес, пневмонияның алдын алу үшін қажет.

Бронхитті емдеу жолдары

 

Жылы сусын. Сәби неғұрлым көп сусын ішсе, соғұрлым оның тыныс алуы жеңілдейді, жөтел және тұншығу азаяды.

Бөлмені желдетіп, дымқылдатқышты қолданыңыз. Ылғалды және салқын ауа бронхтардағы шырыштың пайда болуын азайтуға көмектеседі.

Егер нәрестенің қызуы көтерілсе, қызуды түсіретін дәрілерді беріңіз.

Арнайы дренажды массаж жасаңыз. Дәрігер осындай массаждың түрін үйретсе, тіптен жақсы.

Таза ауада көбірек серуендеңіз. Жаяу жүрудің арқасында (балконда жылы киіммен кем дегенде бірнеше минут) өкпе желдетіліп, вирустардың белсенділігі төмендейді.  Егер балада бронхит болса, оған ұзақ серуендеуге болмайды, бірақ таза ауа денсаулыққа пайдалы екендігін естен шығармаған абзал.