балаға массаж
Бала саулығыДенсаулық

Маманнан кеңес: Бала уқалау кезінде жыласа не істеу керек?

“3 айлық сәбиім бар. Дәрігердің нұсқаулығымен балаға массаж курсын алуымыз керек болған. Алайда балаға массаж жасау кезінде шырылдаған даусын есту жүрегімді ауыртады. Өзімді қоярға жер таппай кетемін. Мұндай жағдайда не істеуге болады?”

Жоғарыдағы хатта өзіңізді таныдыңыз ба? Егер бұл сұраққа “иә” деп жауап берген болсаңыз, дәрігер-педиатр Назкен Ауезханованың (@densaulyk_mektebi) аналарға берген кеңесін ұсынамыз. 

“Балаға массаж кезінде жылайтын болса, сол жерден тоқтатып жасамай-ақ қоюға кеңес беремін. Неге?

Массаж – сылап-сипау мен гимнастика кешендерінен тұрады. Оны бұлшықетті бөліктерге, ал гимнастиканы буындарға жасаймыз. Балаға массаж жасаған кезде жыласа, бұлшықеттері қатайып, тырысып алады. Денесі босаңсымаса, нәтежиесі болуы екіталай.

Балаға массаж жасау кезінде неге жылайды?

1. Жатырқау

Ең әуелі мынаны ескеру керек: Сіз балаңызды бұрын соңды көрмеген массажисттің қолына ұстаттыңыз. Ол да өз кезегінде баламен байланыс орнатпай, денесін жұлқылай кетті, әрине мұндай жағда бүлдіршін жылайды. Сондай-ақ, құндақтаулы қалыптан шықпайтын баланы айналдырып, шпагатқа отырғызып, массаж жасау- масажисттің өз ісінің білікті маманы екенін білдірмейді👆

2. Қажеттілігі өтелмеуі

Қарын ашты, дәрет қысты, күн ыстық, ұйқы келді. Кез келген нәрсе жылауға себеп бола алады.

3. Ауырсыну

Балаға массаж профилактикалық мақсатта жасасаңыз тыныш жатуы керек. Ал қандай да бір диагнозы бар болса, сол жеріне қол тигенде ауырсынуды сезінуі мүмкін.

4. Гиперсезімталдық

Массажда қол тиген былай тұрсын, бетіне қарасаң да жылай беретін балалар болады. Тонусы жоғары, невропатологтан диагнозы бар балалар да қарапайым уақытта жылауық келеді.

Енді қалай жылатпай массаж жасауға болады?

Анасының алақаны

Ия, сіздің өзіңіз балаға массаж жасасаңыз жыламайды. Сіз ол үшін қауіпсіз адамсыз. Бастысы. сенім, ниет және балаға деген шексіз махаббат.

✅Сергек қалып

Баланың қарыны тоқ, асты таза, ұйқысы қанық болса массажды жақсы қабылдайды.

✅Баланы бақылау

Баланың қай жеріне массаж жасағанда жылайтынын анықтап, сол бөлікті сылап-сипалауды соңына қалдырған жөн. Алдымен жалпы массаж жасап, диагнозы болса соңғы 10 минутымызды соған арнаймыз. Мысалы, баланың мойны қисық болса, ең алдымен мойнынан, дисплазия болса ұршықтан бастап жасамаймыз.

Қорғаныш қабаты

Массаж жасап жатқан кезде бірден шешіндіріп тастамаңыз. Алдымен аяғын сипалай бастаңыз. Денесінде киім тұрған соң ол бір қабатының бар екенін сезініп тұрады. Кейіннен басқа бөліктерге массаж жасағанда аяғын жауып қоясыз”

Ұқсас мақалалар: Сәбилерге уқалау процедурасы не үшін қажет?