Бала саулығы

Балалар ауырмасын! Көктемгі аллергиямен қалай күресеміз?

Қыстың қытымыр суығынан соң көкте күн жарқырап, құстар ән салатын мезгілді әрқайсысымыз қатты аңсайтынымыз рас. Алайда дәл осы көктемді қуанышпен қарсы ала алмайтындар да бар. Олар – аллергетиктер. Кейінгі жылдары аллергетиктердің қатарын жас балалар да толықтырып отыр. Бұл жағымсыз дертпен қайтіп күресеміз және аллергияға шалдыққан балалардың жағдайын қалай жеңілдетеміз? Осы жөнінде талқылайық!

Бұл қандай ауру?

Көктемде қоршаған ортада тозаңдар көбейеді. Дәл осы уақытта қар еріп, жердегі микробтар көкке көтерілгенде аллергиялық ринит ауруының белгілері шығады екен. Аллергиялық ринит – мұрын қуысының қабынуы. Оның зардабын тартушылар қоғамдағы топтың 10-20%-ын құрайды. Аллергиялық ринит ағзаны қатты қинайтын ауру болмаса да, оған шалдыққан балалардың жүйкесінде көптеген өзгерістер пайда болуы мүмкін. Риниттің тұрмыстық аллергендердің (үйдің шаң-тозаңы, жануарлардың жүндері, т.б.) әсерінен жылына бірнеше мәрте қайталанып, жыл сайын жүретін түрі бар. Оның өсімдіктер бүр шашып, гүлдеген уақытта, яғни жылына бір рет, бір уақытта дамитын маусымдық түрі де кездеседі. Ерте көктемде пайда болатын аллергиялық ринит ағаштардың шаңынан да болады. Көк шалғын тозаңдардан туындайтын аллергиялар көктемнің алғашқы және жаз айларында көбейеді.

Қауіп-қатер факторлары

Аллергиялық риниттің дамуына келесі факторлар себепші болуы мүмкін:

  • Ата-анасының немесе жақын туыстарында аллергиялық реакциялардың кездесуі, яғни тұқымқуалаушылық;
  • Өмір сүріп отырған климаттың ерекшеліктері (мысалы: тым құрғақ немесе тым ылғалды климат);
  • Микроклиматтың ерекшеліктері мен тұрғын үйдегі ауаның жағдайы.

Аллергиялық риниттің белгілері

Алдымен балада ауыз, мұрын, көз, тамақ пен терінің қышуы және жиі түшкіру болады. Түшкіру кейде аяқ астынан басталса, кейде алдымен мұрын қуысының аздап қышуынан білінеді. Тіпті түшкіру жиілей түсуі де мүмкін. Одан кейінгі белгісі – мұрыннан үздіксіз су ағу. Бұдан басқа кішкентайларда ауыз қуысы құрғап, тамағы қышиды, жөтеледі, тіпті лоқсу секілді белгілер де біліне бастайды. Мұрын бітеліп, иіс сезу қабілеті нашарлайды. Баланың кейде тыныс алуы да қиындап кетеді, ұйқысы бұзылады, әлсіздік пайда болады.

Аурудың алды алу шаралары

Басқа да аурулар сияқты аллергиялық риниттің де алдын алу шаралары әрдайым жалғасын тауып отыруы керек. Қай мезгілде, қандай жағдайда, қалай пайда болғанын тану қиын емес. Құлақ пен мұрынды дәрігерлік тексеруден өткізген жөн. Тексеру барысында балалардың мұрнының үсті бозарып, танауы қызарғаны байқалады. Мұндай науқастардың мұрын қабыршағының ұдайы қабынуына байланысты мұрын түймешегі кеңейеді.

Ең негізгі аурудың алдын алу шарасы – болашақ ананың өзін және құрсағындағы сәбиін дұрыс күтуі. Кейбір жағдайларға қарай диета ұстау, зиянды әдеттерден аулақ болу, дәрілерді мейлінше аз қолдану, инфекциялық ауруларды болдырмау қажет.

Емделу жолдары

Тозаң аллергиясынан сақтану оңай емес, алайда, назар аударылуы керек маңызды жайттар бар. Ол үшін тозаңдардың ең көп болатын кезеңі – ертеңгілік уақытта балалармен серуендемеген жөн. Егер қажеттілік жағдаймен шыққан болсақ, бөлмеге кіргеннен кейін дереу баламыздың көз бен мұрын қуыстарын сумен шаю керек. Ал көлігіңізде кішкентайыңыз отырса, терезелерді жабуды естен шығармаған жөн. Бөлмені түстен кейінгі мезгілде күнделікті желдеткен дұрыс.

Аллергиялық жөтел, түшкіру оны қоздыратын аллергендердің жанында күшейеді. Аллергендер үйдегі қарапайым құс жастық та, сүйікті ойыншығы да немесе үй жануарлары мен өсімдіктері де болуы мүмкін. Оған тұрмыстық химия мен анасы қолданатын косметикалық өнімдерді қосыңыз. Бұл мәселені шешкеннен кейін үйді шаң-тозаңнан арылтып, жиі дымқыл шүберекпен сүртіп тұру қажет. Балаңыздың тамағын тазалауды, әсіресе, сырттан кіргеннен кейін ауыз қуысын, мұрнын күніне бір-екі рет жылы сумен шайғызуды қолға алыңыз. Арасында суға аздаған мөлшерде тұз қосуға болады.

Егер де балаңызда аллергиялық риниттің қандай да бір белгілері пайда болып жатса, міндетті түрде дәрігерді шақыртып, кеңескеніңіз жөн болады. Ешқашан таныстарыңыз ұсынған немесе жарнамалардан көрген дәрі-дәрімектерді балаларыңызға бермеңіз. Бұл – өте қауіпті!