Бала саулығыДенсаулық

Семіз бала – сау емес

Соңғы жылдары жасөспірімдер арасында семіздік белең алып барады. Артық салмақ баланың психикасына кері әсерін тигізіп қана қоймай, ой-өрісіне де тежеу болады. Оқуға белсенділігін бәсеңсітіп, айналасындағыларға деген қызығушылығын төмендетеді.

317Қаралымдар

Әдетте қозғалысы аз, күн ұзаққа компьютер мен теледидардың алдында отыратын, тәттіге әуес, газдалған сусындар мен майлы тағамдарды көп тұтынатын балалар артық салмақты тез жинайды. Дене салмағының артуымен жүрек аурулары, қант диабеті, ортопедиялық қиындықтар, жүйке аурулары да арта түседі. Балаларға өздігімен дене салмағын қалыпта ұстау оңай емес. Сондықтан ата-аналардың көмегі мен қолдауы өте қажет. Үлкендер балаларға артық салмақтан қалай арылу жолдарын үйретіп, семіздіктің кері әсерлерін түсіндіріп айтқандары жөн.

Семіздіктің алдын алу және одан арылу:

  • дұрыс тамақтану;
  • балалардың көбірек қозғалыста болуын, теледидар мен компьютер алдында уақытының көп бөлігін өткізбеуін қадағалау.

Дұрыс тамақтану

  • Тағамға қосылған әр өнімнің құрамы мен пайдалы қасиеттеріне басымдық беріңіз.
  • Ет, балық, құс, бұршақ тұқымдастар, жұмыртқа мен жаңғақтарды көбірек тұтыныңыздар.
  • Құрамында май, холестерин, тұз, қанты көп өнімдерді тұтынуды азайту керек.
  • Еттегі, соның ішінде құстың етіндегі майды кесіп алып тастаған дұрыс.
  • Қуырылған тамақтардың орнына суда, буда піскен тағамдарды тұтынғандарыңыз дұрыс.
  • Суық сорпаны ысытар алдында бетіндегі майды қалқып алып тастаңыз.
  • Ыстық тамақ дайын болғанша балаңыздың қарны ашса, тіске басарға басқа емес, көкөніс пен жеміс-жидек ұсыныңыз.
  • Балаңызға құрамында тәттісі немесе майы көп өнімдердің денсаулыққа зиянды екенін түсіндіріңіз.

Балалар дұрыс таңдау жасауды сізден үйренеді!

  • Балмұздақ, конфет пен тәтті тоқаштардың орнына жеміс-жидек ұсыныңыз.
  • Ішетін сұйықтығы да тәттісіз болсын: қара су, қантсыз шай, майсындандырылған сүт.
  • Шай мен кофеге қаймақ емес, майсындандырылған немесе майлығы төмен сүт қосыңыз.
  • Салаттың да майлылығы төмен, майонезсіз болғаны дұрыс.

Физикалық белсенділік

  • Балаңыздың экран алдында 2 сағаттан ұзақ отырмауын қадағалаңыз. Теледидар қарау, компьютерде отыру, видео ойындар ойнауды доғару керек.
  • Түстенгенде не кешкі асқа отырғанда теледидарды өшіріп қойыңыздар. Экранға қарап отырған бала шамасынан артық ішіп-жеп қойғанын аңғармай қалады.
  • Теледидар көп қарайтын балалар ондағы жарнамалардан көрген пайдасынан зияны басымырақ тағамдарға әуес болады. Осыны ескерген жөн.

Балаларыңыз физикалық белсенділікті қажет ететін ойындарды көбірек ойнасын. Доп қуалау, жүгіріп-секіру балаларыңыздың денсаулығы үшін бір орында тапжылмай отырып, компьютер ойнағаннан әлдеқайда артық әрі тиімді. Жасөспірімдер спортпен көбірек шұғылданғандары, спорттық үйірмелерге қатысқандары жөн. Баланың үлкендерге қарап өсетінін ескеріп, оларға үлгі болуға тырысыңыз. Өзіңіз де теледидардың алдында отырғанша, далаға шығып, спортпен айналысуды қолға алыңыз, көбірек қозғалыста болыңыз.