Бала тәрбиесіОтбасы

Балалар туралы сіз білмейтін қызықтар

Алаңдамаңыз. Жаңа туған сәбилерде тізе ұршығы болмайды екен. Тізе ұршығы бала 6 айлық болғанға дейін өсіп, жетілетін көрінеді.

Нәрестемен әңгімелесіңіз. Жаңа туған сәбимен әңгімелесіп, көп сөйлесу – оның ақыл-ойын дамытудың бірден бір жолы деседі ғалымдар. Күніне тыныш жерде сәбимен жарты сағат сөйлессеңіз – болашақта балаңыздың ақыл-ой коэфициенті жоғары болып, ерте сөйлейді, ерте жүреді және мектепте түрлі жеңістерге қол жеткізеді.

Адам миының дамуы. Нәресте дүниеге келе салған сәтте оның миы бірден екі есеге өседі екен. Осылайша, 1 жасқа келгенде баланың миы үлкендердің миының 60% жетуі тиіс. Ми толық көлемге дейін мектеп жасында-ақ өсіп жетіледі. Ал, дамуы 20-25 жасқа дейін жалғасады.

Солақай. Медициналық сараптамалар шала туған балалардың ішінде солақайлар көп кездесетіндігін көрсетті.

Ұйқысы қанбаған ата-ана. Жас ата-аналар баласы екі жасқа келгенше 4380 сағат ұйқысын жоғалтады екен. Бұл 6 айлық өмірмен тең.

Дәм сезу жолдары. Сіз білесіз бе, жаңа туған нәрестенің дәм сезу рецепторлары ересек жандарға қарағанда үш есе сезімтал екен.

Емізудің артықшылығы. Арнайы жүргізілген зерттеулер көрсеткендей, баласын емізген әйелдерде кәрілік алжу (Альцгеймер ауруы) 22%-ға төмен болатын көрінеді.

Еңбектеудің тиімділігі. Балалар дамуын зерттеуші ғалымдар “бірден жүріп кеткен балаларға қарағанда, еңбектеген балалар үшін сабақ оқу жеңіл болады” дейді.

Сөздер. Статистика бойынша, 3-4 жастағы балалар күніне 900 сұрақ қойып, 12 мың сөз айтады екен.