Бала тәрбиесіОтбасы

Баланы дамытуға қанша қаржы керек?

Көптеген ата-ананың жұмыстан қолы босамайды. Олар күтуші жалдайды немесе туған-туыс, ата-әжесінің қарауында қалдырады. Кейбір аналар бала тәрбиесімен өзі айналысады. Ал олардың таңнан кешке дейін үйде отыратыны, көпшілік жерге сирек баратыны белгілі. Осылай өскен баланы балабақшаға, әртүрлі орталықтарға барып, өнер, тіл үйреніп жүргендермен салыстырып көріңізші...

Біз мұнда балабақша емес, ерте жастан дамытуға арналған әртүрлі орталықтар жөнінде әңгімелекпіз. Балабақшада бір топта 25 бала, екі тәрбиеші болса, орталықтарда бір топта 6-7 балаға бір тәрбиеші болады. Олардың бағыты да әртүрлі. Осы орайда біз Алматы қаласындағы балаларды дамытуға арналған әртүрлі орталықтарға шолу жасадық. Оның нәтижесі төмендегідей.

 

Бағдарлама түрлері
Айлық сабақ өтілімдері
Құны
Жастайынан дамыту
60 минуттық 8 сабақ
 
3-4 сағаттық 8-12 сабақ
10 000 тг.
 
12 000 –20 000 тг.
Мектепке даярлау
 
3-4 сағаттан 8-12
 
5 күн толық жұмыс уақыты
12000 – 20000 тг.
 
30 000 – 52 000 тг.
Спорттық үйірмелер
Айкидо, таэквондо, карате, бокс, футбол
8-12 сабақ
10 000 тг. мен 18000 тг. аралығында
Көркем гимнастика
12 сабақ
6000 теңгеден 17000 теңгеге дейін.
Үлкен теннис
8 сабақ
8000 – 12 000 тг.
Шахмат
8-12 сабақ
6000 тг. 12 000 тг. дейін
Бассейн
8-12 сабақ
8 500 теңгеден 24 000 тг дейін
Шығармашылық
Сурет салу
60 минуттық 12 сабақ
20900 тг
Құмға сурет салу
 
8 сабағы
 
10 000-15000 тг.
Би
8-12 сабақ
7000 – 15000 тг.
Вокал
12 сабағы
30 000- 48000 тг.
Фортепиано, домбыра, гитара, барабан
айлық 8 сабағы
15000 тг.

Балаңызға бұл бағдарламалардың қай түрін таңдаймын деп бас қатырсаңыз, төмендегі анықтамаларға көз жүгіртіңіз.

Баланы жастай дамыту орталықтары 1 жас пен 4 жастағыларды үйретеді. Бала мұнда ата-анамен бірге қатысады. Мұнда ертегі терапиясы, қоршаған ортаны таныту, дене қимылдары, сурет салу, ойын арқылы дамыту жұмыстары жүргізіледі. Ертегі терапиясы – психотерапияның бір бөлігі. Баланың оқиғаға әсерленуі, кейіпкердің қиыншылықтарына алаңдауы – алда кездесетін кедергілерге іштей дайын болуына көмектеседі.

Мектепке даярлау орталықтары 4 және 6 жас аралығындағы балалармен жұмыс жасайды. Балабақшадан айырмашылығы – түсте ұйықтамайды. Бұл жерде барынша мектепке бейімдейді. Сөздерді анық айту, санай білу, оқу құралдарын дұрыс қолдануды үйретеді. Арнайы психологтар, логопедтер жұмыс жасайды.

Айкидодан бала барынша сақ болуды, кез кезген жағдайда өзін қорғап қалуды үйренеді.

Таэквондода спортшының аяғы мен қолы қатар жұмыс істейді. Таэквондошы әрқашан өзіне сенімді, сабырлы, не нәрсені де ойланып барып жасайтын адам.

Каратэ – қарусыз қорғанудың бір түрі. Каратэда адамның дене дайындығы, шапшаңдық, ептілігі сынға түседі. Жақсы меңгерілген әдіс-тәсіл, спортшының бойындағы рух мықтылығы сыналады.

Көркем гимнастика – дене сұлулығын қалыптастырып, эстетикалық тәрбие береді. Көркем гинастикада толқынды, серіппелі қозғалыс, иіліп, бұралу, денені тік ұстау, би өнеріне тән жүріс қимылдары үйретіледі.

Шахматты балаға 4 жастан бастап үйретеді. Оған қатысқан балалар өте зерек, ерекше ойлау қабілетіне ие болады.

 Бассейнге балаларды 3 жастан 7 жасқа дейін қабылдайды. Мектепке дейінгі балалар бассейнмен шұғылданса, асқа деген тәбеті артып, жақсы ұйықтайды. Өте сирек ауырады. Бұл дене спортымен айналысуды қаламайтын балалар үшін таптырмайтын орта.

 Арт-студиялары

Балаңыз үйдің бәрін шимайлап, қолына түскенмен әр жерді сызғыласа, оны сурет салу үйірмесіне беріңіз. Сурет салу баланың қиялын дамытып, өзін еркін әрі жайлы сезінуіне көмектеседі.

Құмға сурет салу – бүгінде кең таралған өнер түрі. Бұл қолын бояуға малып, жан-жағын былғағаннан ләззат алатын балалар үшін таптырмайтын нәрсе. Құммен сурет салу мидың оң және сол жақ жарты шаралардың жұмысын реттейді, күйзелістен арылтып, қолдың қозғалу дағдыларын дамытады.

 Биге баланы 2,5 жастан бастап 12 жасқа дейін баулиды. Биге қатысқан баланың дене бітімі ерекше әдемі болып өседі. Олар өзін кез келген жерде дұрыс ұстай біледі. Би адамның өзіне деген сенімділігін арттырады.

Музыкаға баланы 5 жастан бастап баулиды. Музыкамен айналысудың адамға пайдасы зор. Ол адамның жүрек соғысын реттейді. Күйзелістен арылтып, көңілді жайландырады.

Сіз баланың бойындағы қабілеттің ашылуына жай ғана себепші болыңыз. Ол оның өмірлік, сүйікті кәсібіне айналуы мүмкін. Баланың ниеті болса, орталыққа қуана-қуана барады. Егер қаламаса қинамаңыз, дамытудың басқа жолын таңдаңыз.